Руханият

Жырымен жігер сыйлаған

Ел астанасында Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы аясында жарық көрген 10 томдық жинақтың тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шараға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Мәдениет және спорт минис­трі Ақтоты Райымқұлова, депутаттар мен қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

[smartslider3 slider=280]

Жиын басында жаңа жинақтың әдеби-рухани маңызына тоқталған Мемлекеттік хатшы: «Ұлы жыраудың соңында қалған соқталы шығармаларын ұлттың игілігіне жаратып, келер ұрпаққа жеткізу – біз үшін ұлағатты парыз, асыл аманат. Мерейтой жылы ақын шығармаларын насихаттап, халыққа жеткізуде республика көлемінде көптеген мәдени іс-шаралар жүзеге асырылуда. Солардың бірі Мемлекеттік комиссия қабылдаған шешімнің аясында жарық көрген осы көптомдықтар дер едім» деді.
10 томдыққа Жамбыл Жабаевтың өткен ғасырдың басынан бастап дүние салғанға дейінгі өлеңдері мен айтыстары, жырлары топтастырылды. Сондай-ақ ақын шығармашылығына қатысты ғалымдардың ғылыми зерттеулері, көрнекті ақын-жазушылардың естеліктері енген. Айта кетейік, он томдықты құрастырған – жамбылтанушы Нағашыбек Қапалбекұлы.
Мемлекеттік тапсырыспен 30 мың данамен шыққан бұл жинақ республиканың кітап­ханаларына таратылады. Бұл туралы айтқан Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ақын мерейтойы қарсаңындағы жобаларды атап өтті.
«Биыл мамыр айында Беларусь, Әзербайжан елдерінде «Жамбыл» көркем фильмінің көрсетілімі өтті. Маусым айында Канадада «Жамбыл тойы – жыр тойы» атты деректі фильм көрсетілді. Сондай-ақ елімізде Жамбыл жылы жариялануына байланысты халықаралық қазақ-қырғыз айтысы өтіп, ел атынан қатысқан 8 ақынның ішінде Айбек Қалиев бас жүлдеге ие болды» деген министр ақынның таңдамалы шығармалары қырғыз тіліне аударылғанын, ақын шығармашылығын ғылыми зерттеу бағытында «Жыр алыбы» және «Ақын Жамбыл Жабаевтың шығармашылығы тарих айнасында» атты ғылыми-практикалық дөңгелек үстел ұйымдастырылып, «Жамбылға жаңаша көзқарас» атты мақалалар жинағы шығарылғанын айтты.
 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button