Зияткер педагогтар додасы
Елордалық Білім басқармасы Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен №5 «Ақбота» балабақшасында мемлекеттік балабақшалардағы тәрбиешілер арасында «бестемше» ұлттық ойынынан «Зияткер педагог» атты қалалық жарыс өтті.
Сайыстың салтанатты ашылуында Астана қаласы Білім басқармасы Әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Дидар Дулатұлы сөз сөйлеп, жас ұрпақты тәрбиелеуге атсалысып, ұлттық ойынды жаңғыртуға қолдау білдірген тәрбиешілерге алғысын білдірді.
Бала санасын жетілдіруге, ақыл-ойын кемелдендіруге бағытталған «бестемше» ойыны елімізде және шет елдерде кеңінен таралып, бүгінде білім беру бағдарламасына енуі ұлттық ойынның бала тәрбиесінде алатын орны мен маңызын айқындайды.
Астана қаласының балабақшалары еліміз бойынша бірінші болып «бестемше» ойынын балабақша бағдарламасына енгізген. Бұдан кейін республиканың өзге өңірлері де біртіндеп аталған тәжірибені қолға ала бастады.
– Балабақшамызда «бестемше» ұлттық ойынынан сайыс кең көлемде өткізілді. Өткен жылы ұйымдастырылған қалалық жарысқа он алты педагог қатысты. Осы жылы сексен педагогтан өтініш келіп түсіп, ішінен алпысын іріктеп алдық. Мақсатымыз – ұлттық ойынды педагогтар арасында кеңінен насихаттап, кейін оны балаларға үйретуге бағыттау, – дейді №5 «Ақбота» балабақшасының меңгерушісі Мөлдір Айтқалиқызы.
Бүлдіршіннің зердесін ашып, қызығушылығын арттырған «бестемше» ойыны бойынша №5 «Ақбота» балабақшасы өткен жылы жан-жақты зерттеу жүргізіп, Түркия елінде таныстырды. Кейін екі ел арасында меморандумға қол қойылды. Қазіргі кезде Түркия елінің мектеп оқушылары да «бестемше» ойыны туралы кеңінен біліп, ойнап жүр.
Қалалық жарыста әділ қазылар алқасының төрағасы болған «Тоғызқұмалақ Зияткерлік Қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Мақсат Есенбекұлы зияткер педагогтардың санын арттыруда бұл ойынның маңызы зор екенін атап өтті.
Жарты күнге созылған зияткерлік сайыстың қорытындысы бойынша 60 педагог ішінен 4 балабақшаның тәрбиешілері жеңімпаз атанды. Мұндағы ойынның ерекшелігі – жұп болып ойнайтын ойынның шешімі жұппен аяқталу қажет екен. Сондықтан жеңімпаз ретінде төрт адам анықталады. Атап айтқанда, І орын №78 «Асыл» балабақшасының тәрбиешісі Дана Бабиеваға берілді. ІІ орынға №25 «Таңшолпан» балабақшасының тәрбиешісі Ғалия Ғазизова лайық деп танылды. Ал ІІІ орынды №65 «Бал бала» балабақшасының тәрбиешісі Аякөз Дүйсенбай мен №5 «Ақбота» балабақшасының тәрбиешісі Рақмет Таңшолпан өзара бөлісті. Аталған сайыстың жеңімпаздары республикалық байқауға жолдама алды.
Индира БЕРЖАНОВА