Әлеумет

Зияткерлiк меншiкке «жиендік» жарға жығады

Fotolia_57443904_Subscription_XXL

Қазіргі таңда зияткерлік меншік мәселелеріне айрықша назар аударылады. Ол дербес сала ретінде еліміздің инновациялық дамуының барлық стратегиялық құжаттарында және халықаралық келісімдерде қамтылды. Айталық, Қазақстан – Париж конвенциясының, Мадрид келісімінің, Патенттік ынтымақтастық туралы халықаралық келісімнің қатысушысы. Сондай-ақ, патенттер, тауар таңбалары туралы заңдарды қоса алғанда, зияткерлік меншік нысандарының құқыларын қорғаудың біртұтас жүйесі жасалды.

Міне, сондықтан, біз Президент Н.Ә.Назарбаев биыл 5 шілдеде қол қойған жаңа редакциядағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте зияткерлік меншік құқығын бұзу, яғни, бөтен тауар таңбасын, қызмет көрсету таңбасын, тауар шығарылған жердің атауын немесе фирмалық атауды заңсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартатын заң талаптары қалай көрініс тапқанына тоқталамыз.

Жаңа редакциядағы кодекстің 158-бабына сәйкес, бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету таңбасын немесе тауар шығарылған жердің атауын, біртектес тауарларға, көрсетілетін қызметтерге арналған, оларға ұқсас белгілеулерді, сондай-ақ бөтен фирмалық атауды заңсыз пайдалану, егер бұл іс-әрекеттерде қылмыстық жаза қолданылатын белгілер болмаса, тауар тәркіленеді. Ал, оны айналысқа енгізіп, пайда көздеген жеке тұлғаларға – 30, ша­ғын кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, орта кәсіпкерлік субъектілеріне  – 50, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

1999 жылдың 26 шілдесінде қабылданған «Тауар таңбалары, қызмет көрсету  таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атау­лары туралы» заңға сәйкес,  тауар таңбаларын қорғау құқы кәсіпкерлікпен айналысатын кез келген заңды тұлғаға немесе жеке тұлғаға берілуі мүмкін. Тауар таңбасына меншік құқығы куәлікпен расталады.

Ескере кетерлігі, заңды түрде тауар таңбасы

н пайдалану құқығы лицензиялық келісім бойынша басқа тұлғаға берілуі мүмкін. Ондай кезде зияткерлік шығармашылық жұмыс нәтижесінің иегері меншік құқын уақытша пайдалану жөнінде екінші тараппен келісімге келе алады.

Жаңа редакциядағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Бұрынғысымен салыстырғанда жаңартылған заңда зияткерлік меншік құқыларын қорғау саласында «Бөтен тауар таңбасын, қызмет көрсету таңбасын, тауар шығарылған жердің  атауын немесе  фирмалық атауды заңсыз пайдаланғаны үшін» деген 158-жалғыз ғана бап қалды. Алайда, жаңа редакцияда әкімшілік жауапкершілік іс-әрекеттерде қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгілері болмаса ғана қолданылады. Яғни, заң шығарушы орган жауапкершілік шеңберін кеңейтіп отыр. Осыған ұқсас заң бұзушылықтың бірнеше мәрте жасалуы немесе ірі залал келтіру сияқты жіктемелік белгілері кез келген заңды немесе жеке тұлғаны 222-бап бойынша  қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болып табылады. Қылмыстық іс-әрекет үшін үш жүз АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салынады немесе 240 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға жегу, 75 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жазасы қолданылады.

 Жақсыбек Төкеев,
Астана қаласы бойынша әділет департаменті басшысының орынбасары

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button