Талайғы тарихТаным

Зұлмат жылдар зобалаңы

1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін, жер бетіндегі мемлекеттер құрылымындағы әлемдегі бұрын тарихта ешқашан болмаған, әлеуметтік теңдіктің озық үлгісін көрсететін мемлекет құруды мақсат еткен Кеңес өкіметі, құрамына кірген одақтас республикалардың экономикалық және әлеуметтік дамуына бір орталықтан басқаратындай жүйе құрды.

Бірпартиялық идеология, барлық республикаларға ортақ заңдық құрылым, одақта болған республикалардың мойнындағы бұғау, аяғындағы шідер болды. Республикаларда өз елінің ұлттық тұрмыс-салтына, әдет-ғұрпына орай елдің дамуын қалаған, сол бағытта елге еңбек еткен азаматтарды орталықтан бұғаттап отырудың құйтырқы әрекеттері ойластырылды. Оғаш ой, озық пікір білдірген зиялы қауым өкілдері мен елі үшін адал еңбек еткен азаматтарды құртудың заңдық негіздері ойластырылып, мемлекеттік деңгейде қабылдана бастады. Бұны кеңестіктердің билікке келген алғашқы күндерінде қабылданған заңдық актілерінен көруге болады. 1917 жылғы 19 желтоқсандағы «Революциялық трибунал туралы» нұсқауда алғаш рет «халық жауы» деген термин қолданылды. Коммунистер XX ғасырда адамдардың құқықтарын таптауға, қорлауға бағытталған қаныпезерлік саясат қолданды. Кеңес заңдары бір күнде пайда болған жоқ. Көптеген адамдардың тағдырын шешуде басты рөл атқарған «Революциялық трибунал» туралы нұсқаудан соң, 1918 жылғы 5 қыркүйекте «қызыл террор туралы» ХКК-нің қаулысы жарық көрді. Онда «концентрациялық лагерлер» және «ату жазасы» туралы айтылды. Ал 1922 жылы РСФСР Қылмыстық кодексінің негізгі бөлімінде «мемлекеттік қылмысқа» ерекше мән берілуі, мемлекеттің азаматтарды үрейде ұстауды ұлғайтқанын көрсетеді. 1926 жылғы РСФСР Қылмыстық кодексі мемлекеттік қылмыс тарауына контрреволюциялық қылмыстар туралы арнайы баптарды енгізді. Бұл Кодекстің ерекше бөлімінің I тарауында көрсетілген контрреволюциялық қылмыстардың 17-сінің 12-іне ең жоғарғы жаза – ату жазасын қолдану қарастырылды. Азаматтарды «халық жауы» деп жариялап, азаматтық құқықтардан айыру, мемлекеттен қуу, дүние-мүліктерін тәркілеу, қатаң оқшаулау арқылы еркінен айыру тәрізді жазалау шаралары кеңінен қолданылды.

Қазақ халқының тарихындағы қасіретті де ауыр кезеңдер аз болған жоқ. Солардың бірі бүгінгі күнге дейін толық зерттеліп болмаған, қазақ халқының ұлт ретінде жойылып кетуіне дейінгі қатер төнгізген, арнайы ұжымдастыру соңында ашаршылық зұлматына әкелді. Сонымен қатар большевиктер ұлт жанашыры, көзі ашық, көкірегі ояу ұлт зиялыларын жойып отыру саясатын ұстанды. Сол зұлмат кезеңде елім деп еңіреген талай білімді, ұлтжанды азаматтар – саяси қуғын-сүргін құрбанына айналып, жалған жаламен ату жазасына кесілді. Осы жүйенің кесірінен олардың жақындары мен ұрпақтары да жапа шекті.
1928 жылдың ортасынан бастап Алаш қозғалысына қатысқан зиялылар жаппай тұтқындала бастады. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшылдар» деген жалған айып тағылды. Сол жылы 44 алашордашы тұтқындалып, оның ішінде Ж.Аймауытов, Ә.Байділдин, Д.Әділев ату жазасына кесіліп, үкім орындалды. Ал қалғандары түрмеге қамалды. Ұлттық зиялылардың екінші тобы 1930 жылдың қыркүйек-қазан айларында тұтқындалып, оның 15-і Ресейге жер аударылды. 1936-1938 жылдары Қазақстанда 25833 адам партиядан шығарылып, олардың 8544-іне «халық жаулары» немесе «халық жауларының сыбайластары» және т.б. айыптар тағылды. Танымал қазақ зиялылары, Алаш қайраткерлері түгелге жуық саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Олардың отбасы мүшелері де жазықсыз қудалау көрді.

Соңғы зерттеулер бойынша 1931 жылдан бастап 1954 жылдың 1 ақпанына дейінгі кезеңде КСРО-да соттан тыс және сот органдары 3 млн 777 мың адамды ату жазасына кесіп, оның 643 мыңына үкім орындалса, ал 2 млн 369 мыңын 25 жылға дейінгі мерзімге түрмелерге қамап, лагерьлерге айдаған.

Жалған айып тағылғандардың қатарына 1931-1933 жылдардағы қазақтардың жаппай қырылуына байланысты ашық наразылық білдіріп, Қазақстан халқының мүдделерін қорғағандар да қосылды. «Халық жауларының» негізгі көпшілігінің тағдыры КСРО Жоғарғы Сотының Әскери алқасының мәжілістерінде, «екілік» пен «үштік» атанғандар мен НКВД-ның ерекше кеңестерінде құпия жағдайда шешіліп жатты. 1930 жылдардың ортасында Л.Мирзоян, Ү.Құлымбетов, Н.Нұрмақов, Т.Рысқұлов, О.Жандосов, Т.Жүргенов сынды көрнекті партия және мемлекет қайраткерлері жалған айыппен тұтқындалды.
Жалған халық жауларымен күрес концлагерьлердің құрылуына жағдай жасады (ҚарЛАГ, Степлаг, АЛЖИР). Көптеген аудандар тікен сымдармен қоршалып, ол сақадай сай қаруланған әскермен күзетілді. Кейінірек атылған адамдарды жаппай жерлеген жерлер анықтала бастады. Сондай орындардың бірі Алматы түбіндегі Жаңалық ауылының жанынан кездейсоқ табылды. Мұнда 1937-1938 жылдары атылған белгілі жазушылар мен ақындар – М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, I.Жансүгіров, Б.Майлин, көрнекті ғалымдар – А.Байтұрсынов, С.Асфендияров т.б. мемлекет, қоғам қайраткерлері, шаруа­шылық басшыларымен өндіріс озаттары сынды тоталитарлық тәртіптің мыңдаған құрбандары құпия жағдайда жерленді.
Қарағанды еңбекпен түзеу лагері (КарЛАГ) 1931 жылы 19 желтоқсанда құрылды, лагерьдің орталығы Қарағанды қаласынан 50 км жерде «Долинка» селосында орналасты. 1937 жылы осы КарЛАГ-тың еңбекпен түзеу лагерінің 26-нүктесінің орнына халық жауларының жұбайлары үшін Ақмола лагері (АЛЖИР) орналасты. Дәл осы жерге бүкіл Кеңес­тер одағының түкпір-түкпірінен ешбір жазықсыз әйелдерді алып келетін. «Отанын сатқандар жанұялары мүшелерін» қудалау туралы алғаш рет 1934 жылғы 8 маусымдағы КСРО ОАК қаулысында айтылды. Онда қашып кеткен әскери қызметшілердің барлық мүлкі тәркіленіп, жанұя мүшелері 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады деп көрсетілді. Алайда әйелдер мен балалардың ұсталуына 1937 жылғы 15 тамыздағы №00486 Ішкі істер халық комиссарының жедел бұйрығы тікелей әсер етті. Аталған бұйрықта ұстаудың жүргізілуі, істі қарау және жазалау шаралары, үкімнің орындалуын жүзеге асыру тәртібі, сотталғандардың балаларын орналастыру және т.б. мәселелер егжей-тегжейлі көрініс тапты.
Әйелдердің барлығы КСРО НКВД Ерекше Кеңесінің шешімімен Отанын сатқандар жанұясы мүшелері (ЧСИР) ретінде ұсталған. Басқа ұлттың өкілдері ішінде контрреволюциялық топтарға қатысқаны, анти-кеңестік үгіт-насихат жүргізгені, мемлекеттік құпияны жария­лағаны, өндірісті бұзғаны, қаскүнемдік әрекеті т.б. айыптаулар бар. Ал қазақ әйелдері тек қана «халық жаулары» әйелдері болғаны үшін жазаланған.
Әйелдердің күйеулерін қамауға алғаннан кейін оларды күйеулерімен кездесуге алып баруға уәде беріп, алдап алып кететін. Сондықтан келіншектер әдемі киініп, әшекей бұйымдарын тағып баратын. Алайда оларды алда лагерь күтіп тұрған-ды. Алдымен 2 айдан 6 айға дейін темір тордың ар жағында тергеу аяқталғанша ұстап, кейін Сталиндік вагондарға отырғызып, лагерьге жөнелтетін. Әйелдердің көрген қорлығын бір қағазға сыйғызып жеткізу мүмкін емес. Зорлық-зомбылықтың арқасында лагерь төңірегінде 1507 бала дүниеге келген. Олардың куәліктерінде әке есімі бос орын болып қалатын болған. Демек, ақталғаннан кейін де балалар әкелерінің кім екенін білмей кеткен.
Жалпы Ақмола лагері Сталиннің өлімінен кейін, яғни 1953 жылы жабылды. Әйелдер бостандыққа әртүрлі сандық белгілері бар куәліктермен шықты. Аталған куәліктерде -25, -34 немесе -100 деген сандар тұруы мүмкін еді. Бұл сандар олардың кіруге құқығы жоқ, есігі жабық үлкен қалалардың, астаналардың тізімі еді. Көбіне, әрине, бұл олардың Отаны болатын. Сондықтан, әйелдердің көбісі Қазақстанда қалды және Қазақстан олар үшін екінші отаны болып саналды. Онымен қоймай, әйелдер бостандыққа «шындықты жарияламау туралы құжатқа» қол қойғаннан кейін шығатын. Яғни, олардың қайда болғандығы туралы, көрген қиындықтары мен азаппен өткен күндерін ешкімнің білмеуі тиіс еді. Әйелдердің қорқынышпен өмір сүргендері соншалық, тіпті ақталғаннан кейін де, балаларына кесірі тие ме деп жақындарына да ауыз ашып айтпаған.
50-жылдардың ортасында лагерьлерде қамалған жазықсыз адамдарға қатысты үкімдерді қайта қарау мен оларды жою жөніндегі процесс басталды. Қаза тапқандар мен атылғандар ақталып, түрмедегі еріксіздер бостандыққа шығарылды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын жаппай ақтау – 1920-1950 жылдар аралығында кеңес мемлекеті жүргізген қуғындау, жазалау саясаты асқан қаталдық, шектен шыққан зұлымдық тәсілмен жүргізілгендігін дәлелдеді. Кеңес өкіметінің Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының жалпы саны, ғалымдардың есептері бойынша, 3,5 млн адамды құрады. Алайда бұл сан да нақты емес, өйткені 20-40-жылдары тұтқындалған мыңдаған адамдардың тағдыры әлі күнге дейін белгісіз болып отыр.
Қазақстанда «Жаппай саяси қуғын-
сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы қабылданды.
Ал саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде 1997 жылы ­Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен
31 мамыр болып белгіленді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Тағдыр тауқыметін тартып, солақай саясаттың құрбаны болған, әлі ақталмаған талай есімдер бар. Осы орайда, «АЛЖИР» лагеріндегі ақталған тұтқын әйелдердің санын анықтау туралы ақпаратты айта өтсек (1938-1953 жж.):
Бұл дерек 2003 жылы Астана қаласы мен Ақмола облысы бойынша заңсыз қуғын-сүргін құрбандарының қауымдастығы шығарған «АЛЖИР» тұтқындары» кітабында ЧСИР (Отанын сатқандардың отбасы мүшесі) ретінде және Кеңес Үкіметіне қарсы үгіт және контрреволюциялық қызметі үшін сотталған 7 270 әйел туралы қысқаша ақпаратқа сүйеніп алынған.
Қазіргі таңда «АЛЖИР» лагерінде тұтқында болған әйелдерді ақтау бойынша деректер базасына 1 542 әйел енгізілді, оның ішінде 258 әйел ақталды, 1 284 әйел ақталмады. Қарап отырсақ, әйелдердің 20 пайызына жетер-жетпесі ғана ақталу құқығына ие болған. Олардың ішінде (ұлт бойынша):
«Ұлтқа қызмет ету – ұлы іс» демекші, сорақы саясаттың құрбандарын ақтау – бүгінгі егемен ел ұрпақтары алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Тарихымыздың ащы шындықтары ашылып, тарихи әділдікті қалпына келтіру жолында әлі көптеген есімдер ақталары сөзсіз. Заман отына күйгендер, халық үшін қызмет етіп, жала жабылып жазаланғандар есімі қайта жаңғыруы тиіс.
Кеңес өкіметінің қазаққа жасаған соңғы қиянаты 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде көрініс тапты. Қазақстанды ұзақ уақыт басқарып, халықтың құрметіне ие болған, Дінмұхамед Қонаевты алып тастап, орнына Қазақстанды мүлдем білмейтін, «партия солдатын» әкеліп отырғызуы, онсыз да тілден, діннен, мәдениеттен айырылудың аз-ақ алдында тұрған, орталықтың қисынсыз, қыңыр ұлт саясатына қарсы, жалпы ұлтжанды жастардың намысын оятты. Қазақстанның барлық дерлік қалаларында солақай шешімге қарсы жастар алаңдарға шықты. «Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» болып үйренген орталық, бейбіт шеруге шыққан жастарға арнайы даярланған әскери күш қолданды. Алаңға шыққан жастарды аяусыз жазалады. Өрімдей жас қыздар мен жігіттер қыршынынан қиылды. Көтеріліс басылғаннан кейін де, бірнеше айлар бойы алаңға шыққан көптеген жастар толассыз тергеуге түсіп, көбіне жасанды жала жабылып, сотталды, оқудан шығарылды, жұмыстан қуылды. Ел болып есімізді жиғалы ұлт намысын қорғап алаңға шыққан жастардың көпшілігі ақталды. Бүгінгі күн республика бойынша құрылған «Желтоқсан көтерілісіне» байланысты Қоғамдық бірлестіктер мен Қорлар жазықсыз жапа шеккен желтоқсандықтарды ақтау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді.
70 жылдан артық коммунизм елесін елігіп, жанын сала Отан үшін еңбек еткен, сол жолда жантүршігерлік қиындықтардан өтіп, ұлт ретінде жер бетінен жойылып кетудің аз-ақ алдында қалған қазақ елі бүгін егемендіктің, еркіндіктің, өз тағдырын, бағытын өзі шешер бақытына ие болды. Әлемдік өркениет арпалысының арасынан өзінің даму бағдарын анықтады. Тарихта әр елдің даму үрдісі, жолы әртүрлі. Жалпыәлемдік даму жөніндегі қағидаттар болғанымен, әр ұлт орналасқан жағрафиялық, ұлттық менталитет, ғасырлар бойғы қалыптасқан тұрмыстық, әдет-ғұрып, көрші мемлекеттердің қарым-қатынасы әсер ететіні – даусыз аксиома. Осы әлемдік арпалыста жоғалғанымызды түгендеп, өркениеттен қалмай, ұлттық келбетімізді сақтап, өрелі елдердің қатарынан көрінейік. Ол үшін бірлік пен тірлік керек. Тәуелсіздік бәрінен де қымбат!

Самат ТЕРГЕМБАЕВ,

Нұр-Сұлтан қаласы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын

толық ақтау жөніндегі өңірлік
комиссияның мүшесі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button