Қоғам

Жемқорлыққа жол жоқ

Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауы аясында Астана қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тарапынан заңның үстемдігін және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар атқарылуда. Бұл саладағы жұмыс бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге және азаматтардың билік органдарына деген сенімін нығайтуға бағытталған.

Сыбайлас жемқорлық қар­қынды дамыған салаларға ерекше назар бөлінген. Сыбайлас жемқорлық тә­уекелдері картасында елорда тұрғындарын алаңдататын өзекті мәселелер бойынша (әлеуметтік сала, жер мәселесі, жол және инфрақұрылым мәселелері, ұзақ мерзімді құрылыс нысандары, бизнес, құрылыс және тұрғын үй, экономика және қаржы, жылу электр станциялары) басым бағыттар анықталды. Осы бағытта департамент тарапынан атқарылған жұмыстармен таныстыра кетейін.

Біз әлеуметтік мәселелерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг пен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ­сыртқы талдау өткізу арқылы қарастырамыз.
Жыл басынан бері департамент жоғарыда аталған салаларда 8 сыртқы талдау және 8 мониторинг жүргізді.

Қала құрылысы бойынша сыртқы талдау шеңберінде тұрғын үй қабаттарының санын арттыру, абаттандыруға және әлеуметтік нысандарға арналған аумақтарда тұрғын үй кешенін орналастыру мақсатында жоспарлау жобасына негізсіз өзгертулер енгізілгені анықталып, біздің ұсынысымыз бойынша қазіргі таңда 11 объек­тінің жобасы бастапқы қалпына келтірілді.
«Елорда құрылыс компания­сы» қызметін талдау нәтижесінде мемлекетке тиімсіз шартпен жеке кәсіпорынға берілген бетон зауыты компанияның меншігіне қайтарылды. Сонымен қатар компания ин­весторларға заңсыз аударылған 967 млн теңгені қайтарды.

Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының қызметіндегі сыртқы талдау нәтижесінде жер телімдерін инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында тұрғын үй кешенінің құрылысына заңсыз берілуі анықталып, қазіргі уақытта ондай тәжірибе тоқтатылды.
Жер қатынастары саласын талдау нәтижесінде мақсатына сай игерілмеген 100-ден астам жер телімін мемлекетке қайтаруға шаралар қолдану туралы ұсыныс енгізілді (жер иелеріне хабарландыру жіберілді, 256 гектар – 25,6 млрд теңге. Олардың бүгінгі нарықтағы құны 5 есе жоғары. Қайтарылған кезде мемлекетке 100 мил­лиардқа жуық пайда түседі), 44 жер телімі Бас жоспарға сәйкес келтірілді (оның ішінде 18 демалыс рекреациялық орны,12 әлеуметтік нысан).
Денсаулық сақтау саласында жасалған талдау барысында бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, командалық жұмыс ауыстыру деректері анықталды. Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы директоры лауазымдық өкілетін теріс пайдаланғаны үшін айыпты деп танылып, сот үкімімен 36,1 миллион теңге айыппұл жазасы салынды.

«Астана Тазалық» мекемесіне жасалған талдау арнайы техниканы жөндеу кезінде қаражаттың тиімсіз жұмсалуы, жанармайды тиімсіз есептен шығару фактілерін анықтады.
«Астана су арнасы» мекемесіне жасалған талдау желілер мен бос қуаттар болмаған кезде техникалық шарттарды заңсыз беру тәуекелдердің бар екенін көрсетті. Осыған ұқсас тәуекелдер «Астана Теплотранзит» пен «Астана-РЭК» мекемелерінде де анықталған.

Көгалдандыру саласындағы талдау шеңберінде мемлекеттік сатып алуларды айналып өтіп, арнайы техниканы жалға алуға және қосалқы мердігерлер арқылы өсімдіктерді сатып алуға бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау тәжірибесінің алды алынды. 826 млн теңге сомасына бюджет қаражатын заңсыз жұмсау фактісі бойынша «Астана-Зеленстрой» мекемесінің бұрынғы басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Жол саласында жүргізілген талдау нәтижесінде жөндеуге ведомстволық сараптаманың болмауы, жұмысты нақты аяқтамай төлем жасау, сомаларды ұлғайту бойынша қосымша келісімдер жасасу тәуекелдері жойылды. Бизнесті қорғау және мемлекеттік сатып алуларды қадағалау бағытында жұмыстар белсенді жүргізілуде. «Бизнеске жол» жобасы шеңберінде 55-тен астам кездесу өтіп, түрлі салада 17 проблемалық кейс шешілді, 400-ге жуық кәсіпкерге көмек көрсетілді.

Мониторингтің тағы бір бағыты – мемлекеттік сатып алу жүйе­сі. Бұл бағыттағы негізгі міндет – жоспарлау кезеңінде тауарлардың құнын жасанды түрде көтерудің алдын алу. Алдын алу жұмыстары бюджет қаражатын үнемді және тиімді бөлуге мүмкіндік береді.

2024 жылы мониторинг арқылы 1,3 млрд теңге сомаға бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың алды алынды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында 15 мыңнан астам адам қамтылған түрлі форматтағы 174 іс-шара (түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта кеңестер ұйымдастыру, ақпараттық парақшалар дайындау және т. б.) өтті.

Қылмыстық құқық бұзу­шы­­лықтардың алдын алу аспектісінде департаменттің қызметіндегі басты ба­ғыттың бірі – әкімшілік сыбай­лас жемқорлық құқық бұзушылықтардың жолын кесу.
Ағымдағы жылы салық, қаржылық бақылау және санитарлық-эпидемиологиялық салалардың басшы құрамынан 13 лауазымды тұлға кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін және 1 мемлекеттік қызметші заңсыз кәсіпкерлік қызметін жүзеге асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Департамент сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен қылмыстардың алдын алу мақсатында жұмыстарды әрі қарай жалғастырады. Қоғам біз жүргізіп жатқан жұмыстың тиімділігіне көз жеткізуі үшін біздің барлық іс-әрекетіміздің түсінікті және жұртшылық үшін қолжетімді болуын қамтамасыз етуге тырысамыз.

Шаттық ӨТЕЕВ,
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана ­қаласы бойынша депар­таментінің басшысы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button