Амал мерекесін тойлады

Бүгін еліміз «Көрісу күні – Амал мерекесін» атап өтті. Аталған мерекені елордалықтар да өте жоғары деңгейде тойлады. Мерекеге орай Алматы ауданына қарасты Белсенді өмір сүру орталығының әжелері Көрісу күні «Евразия» сауда үйінде жиналған қала тұрғындарымен қол алысып, төс қағысты. Сондай-ақ, халықтың қыстан аман-есен шыққанына, көктемге аяқ басқанына қуанып, қауышып жүздескен ата-әжелеріміз жиналғандарға амандық тілеп, ақ батасын берді. Әрі Амал мерекесінің құрметіне концерттік бағдарламасын ұсынып, сауда үйіне келушілерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Алматы ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының бөлім басшысы Нұргүл Талғатқызы бұл мерекенің бізге көктемнің келуін, жаңаруды және жақсылықтың белгісін білдіретіндігін атап өтіп, бұл дәстүр ғана емес, халық арасындағы сыйластық пен бірліктің белгісі екенін айтты. Сонымен қатар, сауда үйлерінде мұндай мерекелерді өткізу, келушілерге тек сауда-саттықпен шектелмей, рухани демалу мен бір-біріне жылы сөздер айту мүмкіндігі екенін атап өтті.
Ал ұйымдастырушылар осындай мерекелерді өткізу арқылы халықтың көңілін көтеріп қоймай, олардың арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға да үлкен үлес қосқылары келгендігін айтады.
– Әрине, сауда орындары сияқты көпшіліктің жиналатын жерлерінде мұндай шаралар ұйымдастыру, адамдарға өзара түсіністік пен құрметті арттыруға мүмкіндік береді. Осы арқылы сауда орнына келушілердің көңіл-күйлері көтеріліп, қоғамдағы мейірімділік пен татулықтың тұғыры биіктей түседі. Біз «Әдемі» ардагерлер ансамблімен концерттік бағдарламаларды ұйымдастырып жатырмыз. Ал біз айтатын халық әндеріне сатушылар мен дүкенге келушілердің назары ауып, көрсеткен ықыластары ерекше болды, – дейді ұйымдастырушы Бахытжан Төлеубаева. Бұдан кейін Амал мерекесінің жалғасы «АйМақ-Тау» сауда үйінде жалғасты.
Шапағат ӘБДІР