ӘлеуметРухани жаңғыру

Амал мерекесін тойлады

Еліміздің батыс өңірлерінде Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамын тойлау 14 наурыздан басталып кетті.  Мәселен, биыл Маңғыстауда Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында халықты ынтымақ пен бірлікке бастайтын дәстүрлі Амал мерекесі тұңғыш рет республикалық деңгейде тойланды. Атап айтқанда, «Амал-2018» мәдени шарасына елу киіз үй тігіліп, еліміздің бірқатар аймақтарынан өнерпаздар жиналып, өнер көрсетті.

Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың ше­шіміне сәйкес, «Амал-2018» мерекесін рес­публикалық деңгейде тойлау бағдарламасы бойынша Отпан тау – тарихи мәдени кешенінде 13 наурыздан бас­тал­ған мәдени іс-шаралар 14 нау­рыз күні ұлтымыздың салт-дәстүрлері мен өнері кеңінен атап өтілді. Ауқымды өткен шараға жан-жақтан ат арылтып келген 5 мыңнан астам адам қатысты. Дүбірлі мәдени шараны ұйым­­дастыруда жергілікті Әлім ұрпақ­тары да үлес қосты.
Биылғы басты ерекшелік, Амал мере­кесіне еліміздің бірқатар облыстары да атсалысты. Атап айтқанда, Атырау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарынан, Алматы және Астанадан қонақтардың келуі шараның ауқымды өткенінің дәлелі болды. Сон­дай-ақ, көрші мемлекеттер – Түркімен елінен, Өзбекстаннан, Ресейдің Самара, Астрахань сынды қалалары­нан да қонақтар келді.
Жылдың басы болып саналатын ұлық мереке спорттық жарыстармен басталды. Отпан тауда Қазақстанның әр облысынан, әр ауданынан келетін құрметті қонақтарға арналып берекелі дастархан дайындалды. Жергілікті шеберлердің қолынан шыққан бұйымдардан жәрмеңке де ұйымдастырылған.

Сол күні Отпан таудағы Ақсарайда «Амал мерекесі – рухани жаңғыруымыздың жаршысы» атты дөңгелек үстел өтті. Шараға жан-жақ­тағы көрші облыстардан қонақтар жиналды. Тарқатып айтсақ, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Атырау облысы және Түркістан қаласынан келген зиялылар бас қосып, өз ойларын ортаға салды. Жиында Елбасының ұлт құнды­лықтарына қатысты мақаласы кеңінен талқыланып, ой-пікір айтылды. Ол жерде Амал мерекесі мен көрісу дәстүрінің мән мағынасы түсіндірілді.
Басқосуға түрлі облыстан арнайы келген қонақтар тойдың керемет өтіп жатқандығы және оның жастарға берері мол екендігін атап өтті. Түркістан қаласы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-
мәдени қорық-музей директоры Нұрболат Ахметжанов мұражайға арнайы әкелген сыйын тарту етті.
Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжанов жиналған жұртшылықты амал мерекесімен құттықтады. Республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, профессор Өмірзақ Озғанбаев мерекеге жиналған қауымға игі тілек тілеп, ақжолтай сөзін айтты.
Облыс әкімі бастаған топ кешкісін Отпан таудың ең биігіндегі «Адай ата» кесенесі басында «Бірлік отын» тұтатты. Бір-біріне ақжарма тілектерін арнаған жұртшылық мерекелік концертті тамаша табиғат аясында көтеріңкі көңіл-күймен қызықтады.

Тельман БЕЙСЕНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button