Басты ақпаратБілім

Қай маманның бәсі басым?

Қазіргі жастар мамандықтың беделіне емес, қанша ақша беретініне орай таңдайды. Заман сондай, материалдық игілік – бірінші орында. Сосын икемді жұмыс графигі мен орналасқан жері, ұжымдағы игі атмосфералық ахуал маңызды. Әке-шешесінің айтуымен грантпен оқып, амал жоқ, ұнамаған мамандықтың дипломын алғандар не магистратураға басқа мамандық бойынша тапсырады, не ақылы курстарды оқып алады, не шетел асып, мол табыс табудың жолына түседі.

Кім боласың?

Бұрын көбі дәрігер мен мұғалімдіктің жауапкершілігінен қашса, қазір екі мамандықтың мәртебесі көтеріліп тұр. Өйткені олардың жалақысы жоғары. Ал ауылға жас маман болып барсаң, көтермеақы мен тұрғын үйге ие де боласың.

Осы мамандықтармен қатар, мұнай-газ саласы маманы болу да – «өлмейтін» кәсіп. Бұрын ең құрметті, мерейлі мамандық саналатын заң факультеті де тұғыр­дан түсіп тұрған жоқ. Кейбір талапкер үшін мұндай жерге оқуға түсу – кәдімгідей абырой. Ал қолы қысқалар облыстағы ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын колледждерді қанағат тұтады.

Бұдан бірнеше жыл бұрын әр мектеп, колледжге барып, мамандық таңдау туралы үгіт-насихат жүргізілетін. Рас, қазір барлық жерде арнаулы орта білім беретін колледждер жетерлік. Материалдық-техникалық базалары да мықты. Жатақхана мен 3 мезгіл тамақпен қамтылады. Оқу да, тұру да тегін. Ауылшаруашылығы мамандарын жоғалтып алмау үшін әрі ауылдан кеше келіп, қалалық жерде жылы кеңселерде қызмет істеу­ді армандайтын жасөспірімдердің «бетін бері қарату үшін» білім гранттары да көбейді. Стипендиясы да студент үшін қалтаны қанағаттандырарлық.

Бірақ әлі де ауыл шаруа­шылығы саласын таңдайтындар аз. Кеңшардан қалған кадрлар қартайды. Тіпті қалмады. Су шаруашылығының мамандары «тапшы». Былтыр, биыл облыстың кейбір аудандары мен ауылдарын су шайғанын есепке алсақ, гидротехниктердің де керектігі білініп қалды.

Жол салатын жастар да аз. Сондықтан жыл сайын жол жаңартқанымызбен, сапасыз­дығынан тозу жылдамдығы да  жеделдеп барады.

Қазір қай мәселе де ең бірінші, қаржыға тәуелді. Білікті маман болғаныңмен, қаражатың болмаса, ештеңе жасай алмайсың. Алайда қаржы құйылып отырған салада маман жоқ.

Ал маман қайдан шығады? Әрине, бүгін-ертең мектеп бітірушілердің арасынан. Қазіргі ең сұранысқа ие мамандықтарды тағы бір санамалап шығайық.

2030 жылға дейін сұранысқа ие ТОП-25 мамандық  анықталды

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының сарапшылары кадрларға қажеттіліктің 2024-2030 жылдарға арналған орта мерзімді болжамын жасады, оның шеңберінде таяудағы жылдары неғұрлым талап етілетін мамандықтардың ТОП-25 тобы айқындалды.

ТОП сұранысқа ие мамандықтар:

Есепшілер – 93 мың адам;

Күзетшілер, инкассаторлар және соған байланысты кәсіптер – 77 мың адам;

Дүкен сатушылары мен олардың көмекшілері – 77 мың адам;

Жүргізушілер мен автокөлік жүргізушілері – 44 мың адам;

Әлеуметтік ғылымдар бойынша орта мектеп мұғалімдері – 35 мың адам;

Күтім бойынша орташа медициналық персонал – 33 мың адам;

Мектепке дейінгі білім берудегі тәрбиешілер – 32 мың адам;

Жаратылыстану ғылымдары бойынша орта мектеп мұғалімдері – 31 мың адам;

Кеңсе қызметкерлері (жалпы бейіні) – 30 мың адам;

Бастауыш сынып мұғалімдері – 26 мың адам;

Мекемелердің, ұйымдар мен кәсіпорындардың бірінші басшылары – 24 мың адам;

Жылжымайтын мүлікпен және басқа мүлікпен операциялар жөніндегі агенттер – 24 мың адам;

Жүк көлігінің жүргізушілері – 24 мың адам;

Такси жүргізушілері – 19 мың адам;

Аспаздар – 19 мың адам;

Дәнекерлеушілер – 17 мың адам;

Фастфудтан басқа тез тамақтану мекемелеріндегі аспаздар – 17 мың адам;

Басқа орта мектеп мұғалімдері – 16 мың адам;

Құрылыс бөлімшелерінің басшылары – 15 мың адам;

Шаштараздар – 13 мың адам;

Құрылысшылар-монтажшылар, құрылысшылар-әрлеушілер, суретшілер үстіндегі бригадирлер – 13 мың адам;

Сантехниктер – 13 мың адам;

Математика ғылымдары бойынша орта мектеп мұғалімдері – 12 мың адам;

Аралас өнім өндіретін фермерлер мен жұмысшылар –                       12 мың адам;

Автобус жүргізушілері – 12 мың адам.

P.S: Жақсы маман тек Астана мен Алматыда немесе шетелде оқиды деген қасаң стереотиптен арылу қажет секілді. Қарапайым мамандықтардың қай жерде де пысы басым, бәсі жоғары тұрса дейміз. Болашақ механизаторлар мен малшы мамандарын шетелге іс-тәжірибеден өткізуге, демалуға, тағы басқа да себептермен жылына бір рет шығарып тұру тұрақты түрде ұйымдастырылса. Сол кезде ғана жастардың ынтасы артып, қызығушылығы оянады. Шынында да жұрттың баласы құсап жоғары оқу орнына түсе алмаса да, ауылдағы колледжде білім алған балаңыз немесе қызыңыз шетел көріп, кез келген жерде құрметке ие болуын кім қаламайды дейсіз?!

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button