Басты ақпаратМәслихат

Тарихы 7 наурыздан басталады

1994 жылғы 7 наурызда Ақмола қаласының І шақырылымдағы мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Оған қаланың 26 сайлау округінен 83 үміткер қатысты. Нәтижесінде мәслихат құрамына 6 ұлт өкілі, 20 ер адам, 6 әйел сайланды. Депутат болған 24 адамның жоғары білімі бар, тек 2-уінің ғана орта арнайы білімі болды. Алғашқы шақырылым депутаттарының қатарында 4 педагог, 5 дәрігер, 6 кәсіпкер болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Мәслихат төрағасы болып Александр Миронов сайланды. Юрий Уваров тексеру комиссиясының төрағасы болды. Николай Мещеряков, Владимир Каминский, Балхия Сүлейменова, Анатолий Островский тұрақты комиссиялардың төрағалары қызметін атқарды.

І шақырылым депутаттарының алдында астаналықтармен өзара іс-әрекетті жөнге келтіру, қолданыстағы заңнама мен еліміздің Конституциясына сәйкес шешілуі тиіс өзекті мәселелерді анықтау міндеті тұрған еді. І шақырылымдағы қалалық мәслихаттың 47 сессиясы өтті, осы жиындарда 260 мәселе талқыланды. Атап айтарлығы, алғашқы мәслихат қабылдаған нормативтік актілер жас елордамыздың дамуындағы түйткілді мәселелердің барынша дұрыс және қолайлы шешу жолдарын пысықтап, оны әзірлеуге мүмкіндік берді.

І шақырылымдағы мәслихат Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің қарауына Қазақстан Республикасы елордасының атауын өзгерту туралы, сондай-ақ бас қалада Алматы, Сарыарқа аудандарын құру туралы ұсыныс енгізді. Қаладағы екі ауданның шекарасы белгіленді. Сонымен қатар І шақырылымдағы мәслихаттың шешімімен Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Президентіне «Астана қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.

25 депутат сайланды

1999 жылы 10 қазанда Астана қаласының ІІ шақырылымдағы мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Бұл жолғы саяси науқанға 25 сайлау округінен 147 үміткер қатысты. Осы 147 адамның 37-сі саяси партиялардың, 8-і қоғамдық бірлестіктердің өкілі болды, 96 адам өзін-өзі ұсынды. Сайып келгенде, 147 үміткердің арасынан ІІ шақырылымға 25 депутат сайланды. Олардың қатарында 7 әйел, 18 ер адам болды, депутаттардың бәрінің жоғары білімі бар, ал 10 депутат «Отан» республикалық саяси партиясының мүшесі болды. Мәслихат құрамына 5 дәрігер, 3 педагог, 12 коммерциялық құрылымдардың жұмысшылары сайланды. Соның ішінде 5-еуі өткен шақырылымның депутаттары болатын. Бұл шақырылымда мәслихат төрағасы қызметін екі адам – Александр Демидов пен Вера Лукьянец атқарды. Сайлау­бек Байболов тексеру комиссиясының төрағасы болды. Ал Николай Мещеряков, Әміржан Әлпейісов, Бақыт Сыздықова, Болат Қуанышев тұрақты комиссияларды басқарды.

ІІ шақырылымдағы депутаттардың басты қызметі жас астананың белсенді құрылыс кезеңімен, елордада экономикалық және әлеуметтік реформаларды жүргізумен ерекшеленді. Сессияларда депутаттар астананы абаттандыру, қажетті инфрақұрылымды дайындау, тұрғын үй құрылысы, жолдарды жөндеу сияқты мәселелерді шешумен айналысты. Депутаттар елорда тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасауға, астаналықтардың әл-­ауқатын арттыруға бағытталған әлеу­меттік және экономикалық даму бағдарламаларын бекітті. Олардың ішінде көлік инфра­құрылымын жетілдіру, ескі тұрғын үйлерді жеделдетіп бұзу, шағын кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау, ипотекалық несиелеуді және тұрғын үй құрылысын ілгерілету, 2010 жылға дейінгі Астана қаласының орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ету жү­йесін дамыту және тағы басқа өзекті ұзақмерзімдік бағдарламалар болғаны мәлім.

Астана қаласы мәслихаты­ның 2001 жылғы 23 мамыр­дағы шешімімен жапон сәулетшісі Кисе Куракаваның басшылығымен жапон халық­аралық ынтымақтас­тық жөніндегі агенттігінің зерттеушілер тобы жасаған Астана қаласын дамытудың бас жоспары мақұлданып, Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге ұсынылды. Жалпы алғанда, ІІ шақырылымдағы қалалық мәслихат 50 сессия өткізіп, сол жиындарда астаналықтар үшін аса маңызды 256 мәселені талқылады. Әлбетте, мұның бәрі қазір тарих болып қалды.

33 бағдарлама бекітілді

2003 жылғы 20 қыркү­йек пен 12 қазанда Астана қаласының ІІІ шақырылымдағы мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Депутаттыққа 25 сайлау округінен 177 үміткер ұсынылды. Соның ішінде 54-і саяси партиялардан, 6-уы қоғамдық бірлестіктерден, 117-сі өзін-өзі ұсынушылардан болды. ІІІ шақырылымда сайланған мәслихат депутаттарының қатарында 4 ұлт өкілі, 6 әйел, 19 ер адам болды. Осы жолы мәслихат құрамында 2 ғылым докторы мен 1 ғылым кандидаты еңбек етті. 11 депутат мемлекеттік мекемелердің, әртүрлі кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкері болатын. Соның ішінде 11 адам – коммерциялық құрылымдардың жұмысшысы, 12 адам – ІІ шақырылымның депутаты. Бұл шақырылымда мәслихат төрағасы қызметін Владимир Редкокашин атқарды.

2004 жылы ел Парламенті «Жергілікті мемлекеттік басқару туралы» заңға түзетулер енгізіп, қабылдады. Бұл түзетулер мәслихаттың өкілетін одан әрі нақтылап берді. Депутаттық корпустың алдында жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы күрделі мәселелерді шешуге қосымша мүмкіндіктер тетігі ашылды. Депутаттар белсенді жұмыс жүргізілуі тиіс бағыттарды нақтылап, қарапайым халықтың өткір проблемаларын шешудің оң амал-әдісін тапты. Осыдан кейін Астана тұрғындары халық қалаулыларының көмегіне жүгінуге белсенділік танытты. Бұл қала басшылығы жүргізіп отырған саясаттың дұрыстығын, тиімділігін аңғартты.

ІІІ шақырылымдағы қалалық мәслихаттың 51 сессиясы өтіп, 413 мәселе талқыланды. Соның ішінде бас қаланы әлеуметтік-экономикалық дамытуға арналған 33 өңірлік бағдарлама бекітілді. Олардың қатарында 2005-2007 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысын дамытуға арналған бағдарлама, Астанада қоғамдық тәртіп пен құқықтық мәдениетті қамтамасыз ету жөніндегі бағдарлама бар. Сондай-ақ елордадағы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету ережесі, абаттандыру, санитарлық жабдықтау, жинау жұмысын ұйымдастыру және Астана аумағында тазалықты қамтамасыз ету қағидалары, жасыл көшеттерді күтіп ұстау мен қорғау қағидалары бекітілді. Астана қаласы әкімдігі мен мәслихатының 2008 жылғы 7 желтоқсандағы бірлескен шешімімен 6 шілде Астана күні болып белгіленгенін білеміз. Мәслихат тарихы – елорданың жылнамасы.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button