Жаңалықтар

КИІМ-КЕШЕК «КЕНІ»

erm_9868-asli

Өзіміздің өндірістің өрісі күннен-күнге кеңейіп келеді. Бүгінде сапаның синонимі іспеттес отандық тауарларды көптеп кездестіруге болады. Ел еңсесінің тіктелуіне тірек бола алатын бұл саланың құлашын кеңге сермеуіне Астана қаласы да елеулі үлес қосуда. Шаһардағы өнеркәсіптің қайнаған ортасы – Индустриалды парк. Осы өркенді аймақтың бір мүйісінде «Astana Ютария ltd» өндірістік инновациялық компаниясы орналасқан. Киім-кешек шығаратын бірегей кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен «Астана ақшамы» газетінің тілшілері барып, танысып қайтты.

Жас мамандарды іс тігуге баулиды

Біз бетке алған кәсіпорынның іші – қызу тірлік. Жіптің инесіз күні жоқ дегендей, мұндағы тіршілік – тігіншілік. Өндіріс ошағында негізінен тоқыма, тігін және пішу секілді 3 цех жұмыс істейді. Біз бұл бөлімдерге бас сұқпастан бұрын кіші тігін шеберханасының шаруасымен таныстық.
Аты айтып тұрғандай шағын шеберханада 30 адам жұмыс істейді екен. Олардың бәрі – кілең жас мамандар. Көбісі жұмысқа жақын арада кіріскен екен. Осы жастарға бас-көз болып, ісмерлікке баулып жүрген шебер Алтын Тәшметова аталмыш шеберхананы студенттер бригадасы деп атау­ға да болатынын айтты. Өйт­кені жас мамандардың 10-ы – Бас­қару колледжінің, 8-і – Көлік және коммуникация колледжінің оқуды енді ғана бітіріп келген түлектері.
Шебердің айтуынша, жастардың ішінде әзірден ептілігімен көзге түсіп жатқан мамандар бар. Бұл бөлімде негізінен жұмыс киімі тігіліп жатыр. Белгіленген меже – екі күнде 66 жұмыс киімін дайындау.
– Мен осы наурыздың басында дипломымды алдым. Басқару колледжін конструктор-модельер мамандығы бойынша тәмамдадым. Біздің мамандықтың артықшылығы – ойымыздағыдай киімді өзіміз құрастырып, тігіп киеміз. Оқу орнымыздың осы жерге іс-тәжірибеге жібергеніне қуаныштымын. Соның арқасында көбіміз жұмысты болып, осында еңбек жолымызды бастадық. Әлеу­меттік жағдайдың бәрі қарас­тырылған. Қазір тәжірибе жинап жатырмыз. Сондықтан жұмысымыздың өнімділігіне түсіністікпен қарайды. Жұмыс істеу жылдамдығымыз баяу болғанымен, бара-бара оны арттыра түсеміз, – деді Гүлсезім Жақсылықова есімді жас маман.
Тігін машинасының тілін енді меңгеріп жатқан мамандардың бәрі алдымен осындағы шеберлердің алдынан өтеді екен. Жастардың бәрі кіші шеберханада шыңдалып, ары қарай жұмыстың қайнаған ортасына түседі.
Кәсіптік мамандарға сұраныс жоғары екеніне осы жерде тағы бір көз жеткіздік. Кадр бөлімінің басшысы Динара Шойбекованың айтуынша, былтыр 100 адам жұмысқа қабылданған. Жұмыс күшін әлі де арттыра түсу үшін тағы 100 адам қажет екен.
– Қаламыздағы Жұмыспен қамту орталығының бастамасымен 2016 жылы төрт топ үш айлық курстан өтті. Оның екі айы теория болса, бір айы – іс-тәжірибе. Курсқа қатысушылардың бәрі осы тігін цехында ысылды. Сол тәжірибеден өткендердің көбі бізге жұмысқа орналасты. Мамандар әлі де жетіспейді. Сондықтан бұл жоба жалғасып, биыл тағы еңбекқор жандармен толыса түсеміз деп ойлаймын, – деді ол.

Ісмерлік – іскерлік

Одан кейін Тоқыма өндірісі цехына бас сұқтық. Кәсіпорынның атын шығаратын сәні келіскен киімдердің бәрі осы жерде тоқылады екен. Бұл бөлім көп жұмысты жеңілдеткен заманауи техникалармен жабдықталған. Біздің көз алдымызда иірілген жіп осындай арнаулы станоктан дайын тоқыма болып шықты. Бұл машинаның тілін бес саусағындай білетін Ерсұлтан Қали есімді маман осында еңбек еткеніне бір жылға жуық уақыт болғанын, тоқыма станогында жұмыс істеуді алғаш түріктерден үйренгенін жеткізді.
Тоқыма өндірісінің негізгі өнімдері – үй тоқымасы, жемпір, қалпақ, шарф, жамылғылар, неше түрлі сәндік бұйымдар және тағы басқа. Осы цехтың технологы Майя Вершинина жас дизайнерлердің жұмысына да баса көңіл бөлінетінін айтты. Қазір солардың өздері сызған эскиздері бойынша жаңа киімдер тоқылып жатыр екен. Бұл жұмыстардың бәрі Алматыда өтетін конкурста бағаланбақ.
Кәсіпорындағы жұмыстың ең қызатын жері – тігін өндірісі цехы. Мұндағы жұмысшылардың саны – 140-қа жуық. Ісмерлер күніне 350 жұмыс киімін тігу керек. Ал айлық жұмыс жоспары – 5000 киім дайындау.
Мамандардың бәрі белгілі «ZOJE» брендінің тігін машиналарымен жұмыс істейді. Сосын олар біз ойлағандай матаны өздері пішіп, өздері құрастырып уақыт кетірмейді. Яғни, «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» бас қатырмайды. Бұл еңбек өнімділігін 40%-ға дейін арттырады екен.
Ал үлгілердің бәрі автоматтандырылған тігін өнімдерін шығару цехында әзірленеді.
Тапсырыс бойынша мақұлданған үлгіні пішу жұмыстары лазерлік техникалардың күшімен атқарылады. Пішіндеуші машина маталардың милиметріне дейін асқан дәлдікпен кеседі екен.
Осындай техниканың басқарып отырған Төрехан Медьянов есімді маман бір мезетте 66 киімнің матасын қабаттап бір-ақ кесуге болатынын айтты. Бұл процеске бар болғаны 15 минут жеткілікті екен. Содан соң пішілген үлгілер тігін цехына жөнелтіледі.
Сонымен қатар, әр киімнің белгісін бедерлеп тігетін техникалар да бар. Мысалы, мектеп формасына таңбаланатын білім ошақтарының эмблемалары арнаулы машинамен дайындалады.
Жеке тапсырыспен киім тіктіргісі келгендер үшін эксперименталды цех жұмыс істейді.

Кәсіпорын өнімдерінің көрмесі өтеді

Еліміздің жеңіл өнеркәсібін өркендетуге сүбелі үлес қосатын бұл кәсіпорын «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Осыдан екі жыл бұрын ашылған фабрикада бүгінде 350-ден аса адам еңбек етеді.
– Біздің кәсіпорын отандық өнімдердің көптеп шығарылуына ықпал етіп қана қоймай, Астанадағы екі қолға бір күрек іздеген жұрттың біразын жұмыспен қамтуға қауқарлы. Жұмыс істеймін деген адамдарды осы жерде тегін оқытамыз. Мұндай бастамалардың дені Жұмыспен қамту орталығы арқылы іске асырылып жатыр. Мәселен, биыл классикалық үлгідегі костюм, жейде, пальто секілді киімдердің жобасы қолға алынады. Осының өзіне қосымша 125 адам қажет, – деді «Astana Ютария ltd» өндірістік инновациялық компаниясының тігін өндірісі жөніндегі директоры Шолпан Нұрғалиева.
Оның айтуынша, мұнда істейтін жұмысшылар үшін әлеуметтік жағдайдың бәрі қарастырылған. Кәсіпорынның жанынан 150 адамға арналған жатақхана берілген. Ал қаланың ішінен келіп-кететіндер үшін арнайы 4 автобус қатынайды.
Компанияның өнімдерін сататын елордада арнайы сауда орны ашылған. Күмісбеков көшесінен орын тепкен бұл дүкенде тек қана «Ютарияның» тауарлары ғана, еліміздің басқа өңірлерінен әкелінген отандық өнімдер сатылады. «Қазақстанда жасалған» атауымен таңбаланған киім-кешектердің Астанаға жеткізілуіне осы кәсіпорын мұрындық болып отыр.
Шолпан Нұрғалиева алдағы сәуір айында фабриканың үлгілі киімдері үшін арнайы көрме ұйымдастырылатынын мәлімдеді. Бұл атақты тігін фабрикасының Астанада жұмысын бастағанына тура екі жыл толған уақытына тұспа-тұс келіп тұр.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
«Астана ақшамы»

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

Пікір үстеу

Back to top button