ЖаңалықтарҚұқық

Қаныпезер

bez-imeni-1

Шектен шыққан қатыгездік қайдан шығады? Отбасында берілген тәрбиеден кеткен олқылықтан ба, әлде айналамыздағы адамдардың күнделікті өмірге, өзінің тұрмыс-тіршілігіне деген наразылығынан ба? Астана қаласының Алматы аудандық соты аса ауыр қылмысқа жататын істі қарады.

Олардың бір-біріне деген сүйіспеншілігіне достары қатты қызығатын. Күні бойы жұптары жазылмайтын екі жастың танысулары да кездейсоқ болды. Көктем мерекесіне орай лотерея ұтысы ойнатылған кеште кездеседі. Мұнда жиналғандардың көпшілігі – жастар. Ернар кешігіп келген соң шет жақта тұрып қалған. Дәл қасында үріп ауызға салғандай көркем бір жап-жас қыз тұр.
– Қанжығаңыз майлансын, қарындас, – деді қазақы қалжыңға басып. Қыз онша түсінбеді ме немесе танымайтын адаммен бірден сөйлескісі келмеді ме, үндемеді. «Құрбыңыз екеуіңізге де сәттілік тілеймін, тігілген ең үлкен ұтыс сіздердікі болсын» деп бұл жолы дауысын шығарыңқырап, орысша айтты.
– Сіз де құр қол қайтпаңыз, – деп қыз да күлімсірей тіл қатты.
Расы керек, жігіт қызға бір көргеннен ғашық болды. Сөйтіп, бар өнерін салып, жас сұлудың көңілін аулауға кірісті. Алғашқы сәттен-ақ өзін білімді, мәдениетті ұстай білген жігітті қыз да кеудесінен итере қойған жоқ. Сөйтіп, екеуі жиі-жиі кездесетін болды.
Ернар Аленаны ол оқитын Өнер университетінің алдынан күнде күтіп алатын. Осылай кездесіп жүрген Ернар бір күні Аленаға: «Маған тұрмысқа шық» деп тосыннан ұсыныс жасады. Расы керек, танысқандарына екі ай да уақыт өтпеген қыз жігіттен мұндай сөзді күтпеп еді. Жөпелдемеде не айтарын білмей, сасып қалды. Біраз үнсіздіктен кейін биыл тұрмысқа шыға алмайтынын айтып, ренжімеуін өтінді.
Уақыт жылжып, күн артынан күн, ай артынан ай өтіп жатты. Бір күні Алена кенеттен қатты ауырып қалды. Жедел жәрдем шақыртып, ауру­ханаға жатқызылды. Дәрігерлер «ұйқы безі қабынған, жатып емделу керек» деген ұйғарым жасады.
Жиырма күннен кейін қыз «енді қалған емді үйден алайыншы» деп емделуші дәрігерден сұранып шықты. Алайда оған қатаң диета ұстау, ерекше күтім керек еді. Міне, осы сәтте ол жігітінің «бірге тұрайық» деген ұсынысына бұрынғыдай қарсылық таныта алмады. Оқу орнына жақындау жерден пәтер жалдап, бір шаңырақтың астында тұрмыс кешуге көшті.
Келе-келе Ернардың дос­тары үйге жиі бас сұғатынды шығарды. Бұл екеуіне де ұнамайтын. Дегенмен жастар емес пе, келген қатарластарына «кет» деп айта алмайтын, дастарқан жайып, қонақжайлық танытатын. Алайда сол бір кеште екі ғашықтың қыдырып келген таныстарын қарсы алуының соңы қайғылы жағдайға ұласты.
Ернар Кемелмен институттың алғашқы курсында танысқан болатын. Міне, сол көрген жерде жылы ұшырай амандасып жүретін жерлес жігіт бүгін қасында екі досы бар, есіктерін қағып тұр. Олардың іңір қараңғысында келуі Аленаға да ұнаған жоқ. Сондықтан ол төргі бөлмеден шықпай қойды. Ал үй иесі келушілерді бірден асүйге бастады. Өзі ішпегенімен, жігіттер қоржындарынан бір шөлмек арақ шығарған соң, іштей қарсы бола тұрып, стақан ұсынды.
«Танысып қой, Ернар, менің достарым – Нариман мен Сергей» деді Кемел алғашқы тостыны көтерерде. Қасына еріп келген екі серігі де әңгімеге бірден араласып, ескі таныстардай еркінсіп сөйлей бастады. Екінші, үшінші рюмкадан кейін қонақтардың дауыстары қатты-қатты шығып, даурыға бастады.
Осы сәтте Алена бөлмесінен шығып, «уақыт кеш болып кетті, үйлеріңе қайтыңдар» деп ескерту жасады. Ернар да «дұрыс, жігіттер, ертең сабаққа баруымыз керек. Демалатын уақыт болды, орнымыздан тұрайық» дегенді айтады.
Алайда Кемел «Ереке, осы шөлмекті тауысамыз да, үйі­мізге тараймыз» деген соң, Ернар бөлмесіне барып, жатып қалады.
Дегенмен арада бір сағаттан аса уақыт өтсе де, «қонақтар» орындарынан қозғала қоймайды. Орындарынан қозғалу былай тұрсын, темекі тартып, айғай-шуды бұрынғыдан да күшейте түседі.
Олардың дауыстарынан ұйықтай алмай, ашу қысқан Алена бұл жолы бөлмесінен екінші рет шыққанда, бірден «тұрыңдар, үйді босатыңдар» деп қатқылдау сөйлей бастайды.
Осы кезде ащы суға қызара бөртіп, ықылық атып тұрған Нариман Аленамен салғыласа кетеді. «Біз саған келген жоқпыз, досымыз Ернарға келдік. Сен төсегіңе бар да, ұйықтай бер» дейді. Тағы бір-екі рет сөз қағысудан ке­йін Нариман Аленаны былапыт, дөрекі сөздермен кемсітіп, жанын жаралауға тырысады. Мұны естіп, бөлмесінен Ернар шығып, әйеліне араша түседі. Іс насырға шабады. Ішімдіктің уытына шыланған үшеу досым деп келген үй иесін «ерлерше сөйлесейік» деп сыртқа сүйрелей бастайды.
Мұндай бассыздыққа шыдай алмаған Алена «102-ге» телефон соғып, полиция шақыртады. Абырой болғанда, қоғамдық тәртіп сақшылары тез келе қалады. Оларды көрген бойда аулаға шығып тұрған үшеуі жан-жаққа тым-тырақай қаша жөнеледі. Алайда келген кезекші жасағы оларды қумайды. «Мәселе осымен бітті» деп ойлап, үй иелерінен түсініктеме алады да, кетіп қалады.
Қаныпезерлер қоржындарында қалған бір шөлмекті бір қуысқа барып, бөліп ішіп, түн ортасында қайтып келеді. Есікті тарсылдатып ұрып, шырт ұйқыда жатқан екеуін тағы оятады. «Не керек сендерге?» деп есікке тақалып келген Ернарға Кемел: «Ереке, кешірім сұрайық деп едік» деп дауысын бәсеңсітіп, өп-өтірік мүләйімсиді.
Оның зымияндығын аңғармай қалған жігіт есікті ашып жібереді. Кірген бойда үшеуі үш жақтан Ернарды төмпештей жөнеледі. Әп дегенде басын қорғағысы келген ол бүйрегіне, кеудесіне, қабырғасына тиген ауыр соққылардан кейін есінен танып, сәлден кейін еш қимылсыз қалады. Жауыздар сонда да «кімнің соққысы күшті» дегендей, онсыз да қансырап жатқан адамды жарыса тепкілейді.
Содан кейін күйеуіне араша түсемін деп басынан қатты соққы алып, есеңгіреп қалған Аленаны үшеуі кезекпе-кезек айуандықпен зорлайды.
Егер жеті түнде салдыр-гүлдірден шошып оянған көршілері полиция шақыртпағанда, Аленаның да қазір жарық дүниеде жер басып жүруі екіталай еді.
Алған жарақаты өте ауыр болғандықтан, Ернар ауруханаға жетпей жолда көз жұмады. Ал Алена ұзақ уақыт бойы терапиялық, психологиялық ем алғаннан кейін оқуын жалғастырады.
Қылмыскерлер тиісті жазаларын алды. Олар ұзақ жылға қатаң тәртіптегі түрмеге жабылды.
(Белгілі себептерге байла­ныс­­ты кейіпкерлердің аты-жөн­дері өзгертілді).

 Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ, «Астана ақшамы»

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button