ЖаңалықтарМәдениет

«ТАМАША ӘНМЕН КЕЛІП ЕДІ КӨКТЕМДЕ»

bez-imeni-1lddl

Бүгін Астанада Нұрғиса Тілендиев атындағы «Өз елім» атты V музыкалық фестиваль басталады. Әншілер, домбырашылар және дирижерлар арасында ұйымдастырылатын байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен және Ресейден келген 16-35 жас аралығындағы үміткерлер қатысады. Жас музыканттар үш аталым бойынша екі айналымнан тұратын додада бірнеше күн бойы өнер жарыстырады. Фестиваль жеңімпаздары 1 сәуір күні «Астана» концерт залында өтетін «Тамаша әнмен келіп еді көктемде» атауын иеленген гала-концертте марапатталады.

Биылғы байқаудың қазылар алқасының құрамына жезтаңдай, күміс көмей әншілеріміз Бибігүл Төлегенова мен Нұржамал Үсенбаева, белгілі музыканттар, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері – Айтқали Жайымов, Секен Тұрысбек, Біләл Ысқақов, Ермұрат Үсенов, Ұлан Кенжебеков, Дүйсен Күшікбаев, Нұрлан Жарасов, ҚР еңбек сіңірген әртістері – Азамат Жылтыркөзов, Жексен Нұржауов кіріп отыр. Сондай-ақ, үміткерлерді Болгарияның Халық әртісі Орлин Горанов, РФ еңбек сіңірген әртісі, профессор Анатолий Левин, танымал дирижер Дориан Уилсон (АҚШ) бағалайды.
Бас жүлдегерге Астана қаласы әкімінің кубогы тапсырылады. Бұдан өзге байқауда озып шыққандар гран-при жүлдесімен және фестиваль лауреаты атағымен марапатталады. Конкурсанттарға әдеттегі екінші, үшінші сыйлықтар беріліп, атаулы төсбелгілер де табысталады.
Гала-концертте байқау жеңімпаздарымен қатар, Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрі мен симфониялық оркестрі, камералық хоры өнер көрсетеді. Сондай-ақ, Бибігүл Төлегенова, Нұрғали Нүсіпжанов, Нұржамал Үсенбаева, Бағдат Сәмединова, Айгүл Үлкенбаева, Айгүл Қосанова, Азамат Жылтыркөзов, Айзада Капонова қатысады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ, Астана ақшамы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button