Басты ақпаратЕл тынысы

Патриотизм – ұлттық рухтың белгісі

Генерал-майор, Қазақстан Жоғарғы Қарулы Күштерінің және Ауған соғысының ардагері Әлімжан Ерниязовтан жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудің маңызы және әлемдік геосаяси жағдай күрделене түскен уақыттағы отандық әскеріміздің күш-қуаты туралы сұрадық.

– Бірінші сұрақты өзіңізден бастасақ. Әскери қызметке қалай келдіңіз? Әскери жолыңыз туралы қысқаша айтып берсеңіз.

– Қазір «Әскерге бар, жалынды жас!» деп ұрандатып жатады. Өйткені көпшілігі әскерге барғысы келмейді. Тіпті жалған анықтама жаздырып алу фактісі анықталып жатады. Біздің кезде Отан алдындағы борышын өтемеген азаматтарға «сенімсіз қарайтын». Ағаларымыз әскери формасын киіп, ауылға келген сайын қызығушылығымыз артып, әскерге баруға ынтығатынбыз.

Мектеп бітіргеннен кейін Қазалы вагон жөндеу депосында слесарь ретінде жұмыс істеп, еңбекке араласып, ата-анама қолғабыс болдым. «Ерді еңбек есейтеді» дегендей, алды-артымды бағамдап, білім алуды ойладым. Егер институтта оқитын болсам, үйге салмақ салатынымды түсіндім. Сөйтіп, 1973 жылы Алматы қаласындағы әскери училищені саналы түрде таңдап, әскери жолым басталды. 1977 жылы училищені бітіргеннен кейін Сарыөзектегі 68-мотоатқыштар дивизиясына жіберді. Көп ұзамай Алматы қаласындағы 186-мотоатқыштар полкіне ауыстым. 1979 жылы 26 желтоқсанда түнгі уақытта дабыл қағылып, Ауғанстанға әкетті.

– Ауған соғысында қанша уақыт болдыңыз?

– Екі жылға жуық Ауғанстандағы жойқын соғыстың ортасында болдым. Алғашқы жылы взвод командирі, кейін 9-ротаның командирі ретінде соғысқа араластым.

– Одан кейінгі әскери өміріңіз қалай өрілді?

– Өткен ғасырдың 80-жылдардың басынан 90-жылдардың аяғына дейін әскери қызметтің түрлі сатысынан өттім. Калинин атындағы 210-мотоатқыштар полкінің, 48-мотоатқыштар дивизиясының мотоатқыштар батальонының командирі, Түркістан әскери округінің қолбасшысы, Жезқазған облысы Балқаш қалалық әскери комиссары, сосын Шығыс Қазақстан облысындағы Георгиевка елді мекенінде орналасқан Мотоатқыштар полкінің командирі, Сарыөзектегі Мотоатқыштар дивизиясы командирінің орынбасары болдым.

2000 жылдардан зейнетке шыққанға дейін Қазақстан Қарулы Күштері арсеналдар мен қару қоры базасы Бас басқармасында, Құрлық әскері гвардиялық оқу орталығында, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінде, Қазақстан Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясында, Жауынгерлік даярлық департаментінде түрлі деңгейдегі басшылық қызметті атқардым.

2014 жылы зейнетке шығып, демалыста жүргенімде ел ағалары «елге қызмет ет» деп шақырып, Қызылорда облысының қорғаныс істер жөніндегі департаментінің бастығы болдым.

– Жастардың әскерге барғысы келмейтінінің негізгі себебі неде?

– Жастар арасында қатарластары оқу-білім, мансап құрып жүргенде, әскерде жүргендер құр қалатындай сезінетіндер көп. Екінші жағынан, әскердегі қатаң өмірден қорқады. Қазір әскердегі қысым, зорлық, қылмыс туралы ақпарат жиі айтылады. Мұны естіген ата-аналар әскерге ұлын жібергісі келмейді.

Бәрі тәрбиеге келіп тіреледі. Отан отбасынан басталады. Бұл – ақиқат. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген аталы сөздің мағынасы терең. Отбасындағы тәрбиені дұрыстау керек. Ал отбасылық құндылықтарды қалыптастыруда мемлекеттік идеология маңызды рөл атқарады. Яғни ұлттық тәрбиеге мән беріп, біреуге қиянат қылмауды, тәртіпке бас июді бала кезден санасына сіңіру маңызды. Біздің байлығымыз – ұлан-байтақ жеріміз. Жер – халықтікі! Оны қорғайтын жігіттеріміз намыс­ты, батыл, жігерлі болмаса, елдігіміз қалай мәңгі болады?!

Патриотизм – ұлттық рухтың негізгі белгісі деп қабылдамай, іс өнімсіз, жұмыс жүйесіз бола береді.

– 2 жыл соғыс көріп, 40 жыл әскер қатарында қызмет еткен маман ретінде әскери қызметті жастар қызығатын қызметке айналдырудың жолын айта аласыз ба? Азаматтарды Отан алдындағы борышына ынталандыру үшін не істеу керек?

– Қарулы Күштері жүйесін заман талабына сай реформалап, алдымызда жаңа өзгерістер енгізу міндеті тұр. Сарбаздарды тегін жұмыс күші ретінде қарамай, профессионализмге көңіл бөлген дұрыс. Әскерде болған жастарды жоғары оқу орнына түсу жеңілдігі қарас­тырылып отыр. Әскери қызметтегі адамдарға бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер бар. Дегенмен бұлар аздық етеді.

Әскери қызметтегілердің жалақысын көтеру керек. Түрлі әлеуметтік пакеттерді енгізіп, әскери адамдарға қоғамның көзқарасын дұрыстау керек. Мәселен, 1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскерлері Ауғанстан аумағынан шығарылған күнді атаулы мереке ретінде қабылдаймыз. Атқарушы билікте жүргендер бұл күннің маңызына дұрыс мән бермейді. Өтті-кетті қарайды. Осыдан кейін жастар қалай әскерге қызығады?

– Әскери маман ретінде жастардың физикалық, психологиялық, эмоционалдық, интеллектуалдық деңгейіне баға бере аласыз ба? Біздің жастардың артықшылығы мен кемшілігі туралы ойланып көрдіңіз бе?

– Әрине, жастардың арасында елім, жерім деп жүргендері көп. Оларға мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілуде? Бұл бөлек сұрақ.

Жалпы спортты серік етіп, халықаралық байрақты бәсекелерде елдің намысын абыроймен қорғап жүрген жастардың ерік-жігерін, талап-арманын көріп қуанамын. Олар өздерін физикалық тұрғыда шыңдайды және психологиялық тұрғыда тұрақты келеді.

Қазір технология заманы. ІТ мен ЖИ көптеген салаға түбегейлі өзгеріс әкеліп, әлемдік экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналды. Жастар бұл салаларды меңгеруде бізден озып тұр. Яғни интернеттің игілігін қолданып, технологияны тез меңгереді. Интеллектуалдық деңгейі жоғары. Электронды шылым шегіп, кальян тартып жүрген жастарды көргенде көңіліміз құлазып қалады.

– Өзіңіз білетіндей, әлемдік геосаяси жағдай ушығып тұр. Мұндай кезде отандық әскердің қауқарын бағалау орынды деп білемін.

– Адамзат төртінші өнеркәсіптік революция табалдырығында тұр. Ұзақ жылдар бойы қалыптасқан әлем елдерінің экономикалық байланысы үзіліп, геосаяси өзгерістер орын алуда.

Қуатты елдер әлемге әмірін жүргізуге күш-жігерін салуда. Тіпті аймақтық империялар ұпайын түгендеуге ниетті.
Ресей Федерациясының біртұтас Грузияны бөлшектеп, Украинаға соғыс ашуы осыған айқын мысал.

Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыстар, Иранның аймақтың саяси жағдайына ықпал етуге талпынуын көруге болады. Түркияның да өзіндік мүддесі бар. Қарабаққа Әзербайжан мен Арменияның таласы, Қытай мен Тайваньның мүдделер қақтығысы кез келген уақытта ушығып кетуі мүмкін.

Енді қазіргі ірілі-ұсақты соғыстардың негізгі нышанын көретін болсақ, соғыс тактикасы, әскери стратегия мүлде басқа арнаған бұрылды. Оған ғылыми техникалық революцияның әсері орасан. Жаңа технологиялар мен жаңа цифрлы мүмкіндіктер, бақылау жүргізу құрылғылары мен техникалары соғыс келбетін, ұрыс жүргізу қимылын өзгертті. Бұл жаңа дәуірдің соғысы – бұл дрондар мен зымырандардың соғысы.

Біздің әскер заманауи соғыс технологиясымен қаншалықты қамтылды? Міне, біздің елдің басшылары осы бағытта ізденіп жатқаны анық.

 

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button