Басты ақпаратЕл тынысы

Тарихқа айналған тапаншалар

Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Президенттік орталығында Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күніне, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне және Рақымжан Қошқарбаев пен Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына арналған «Атыс қаруы: тапанша тарихы» көрмесі ашылды.

Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президенті Іс басқармасы Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат өзінің сөзінде атап өткендей, көрменің мақсаты – патриоттық тәрбие беру және еліміздің тарихына деген қызығушылықты ынталандыру. Ол үшін Президенттік орталықтың музей қорынан келушілердің назарына алғаш рет әскери тарих пен әскери өнердің ажырамас бөлігі болған тарихи және заманауи қарулардың бірегей үлгілері қойылды. 80 экспонаттың 30-дан астамы атыс қаруын құрайды.

«Патриоттық сезімнің, ­патриоттық тәрбиенің бағыты көп. Оның бірі – елдің, халықтың тарихын білу, мемлекеттің дамуына зор үлес қосқан ата-бабалар ерлігін білу және қастерлеу. Ойлап көріңізші, бұл көрменің кейіпкері Сағадат Нұрмағамбетов 20 жасында-ақ Кеңес Одағының Батыры атанған. Міне, мұндай көрнекті тұлғаларымызды жас сарбаз­дарымыз мақтан тұтып, олардан үлгі алу керек. Сонда ғана біздің Қарулы Күштеріміздің болашағы зор болады» деді мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-лейтенант Абай Тасболатов.

Көрмеде Ұлы Отан соғысы жылдарында елімізді қорғаған батырлардың ерлігін баяндайтын материалдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қалыптасуы мен дамуы туралы материалдар ұсынылған. Көрменің негізін Президенттік орталықтың жинақтарындағы атыс қаруларының жинағы құрайды.

Көрменің алғашқы бөлімі Ұлы Отан соғысының батырларына арналған. Онда соғыс жылдарындағы қазақстандық жауынгерлердің ерлігі туралы материалдар көрсетілген.

Қазақстандықтар майдан даласында ерлікпен шайқасты, олардың 500-ден астамы Кеңес Одағының Батыры атанды, ал төртеуі – Т.Бигелдинов, С.Луганский, Л.Беда және И.Павлов екі мәрте Батыр атанды.

Қазақ қыздары Ә.Молдағұлова, М.Мәметова, Х.Доспанованың ерлігі – Отанға деген адалдық пен батылдықтың жарқын үлгісі. Гвардияшы-панфиловшы Сағынай Адамұлының жеке архивінен алынған материалдар да көрмеге ұсынылды.

Көрермендердің көңілін аударатыны – тапаншалар топтамасы. Бұл бөлімде Президенттік орталықтың қорынан алынған атыс қаруы топтамасының үлгісі негізінде тапаншаның даму эволюциясы – револьверлерден қазіргі заманғы атыс қаруларына дейін көрсетіледі.

Экспозиция Лефоше, Кольт, Браунинг, Федерле, Стечкин және басқалар сияқты көрнекті қару-жарақ құрастырушылардың туындыларымен танысу­ға мүмкіндік береді. Еуропа, АҚШ, Ресей және Түркиядағы жаһандық қару өндірушілердің тапаншалары мен револьверлері көрсетіледі. Экспонаттар арасында антикварлық үлгілер бар – Бундель револьвері, Лефоше револьвері және дуэльдік тапаншалар. Тапаншалар тарихына үңілсек, ол тек суық қару емес, өнер туындысы ретінде де шеберлерге шабыт берген екен. Соның бірі – калибрі 9 мм болатын швейцариялық компания жасаған Мюллер Мургенталь қаруы. Ол болаттан құйылып, күміспен күптеліп, алтынмен апталып, гауһар тастармен безендірілген. Тапаншаның өн бойы алтын түсті гүлді өрнектермен безендірілген. Тұтқасындағы әріптерді алтын түспен көркемдесе, келесі бетінде жалы күдірейген алтын басты арыс­танды алтыннан сомдаған. Екі көзін шекіген қымбат тас әлі де мөлдіреп тұр. Мюллер Мургенталь текті асылзадалар мен мемлекет басшыларына арналған эксклюзивті және сәнді қару-жарақты тапсырыспен жасайды. Компанияның негізін қалаушы – Швейцарияның Мургенталь қаласынан келген суретші, күміс және қару-жарақ шебері Вивиан Мюллер. Осы компанияның төрт тапаншасы көрмеге қойылды.

Тарихта оқ-қарудың пайда болған дәуірін ұлы шайқастармен, жаңа жерлерді жаулап алумен байланыстырады. Алғаш рет ІХ ғасырда Қытайда ойлап табылған қару «Қаһарлы оттың найзасы» деп аталған. Еуропада алғашқы тапаншалар ХV ғасырда пайда болды. Тағы бір назар аударатын нәрсе – Түркияда жасалған қарулар топтамасы. Түркияның қарулы кәсіпорындары алғашқы кездері еуропалық қарулардың үлгісін алса, қазіргі күнде өздерінің жеке қаруын шығаруда. Көрмеге 7,65 мм калибрлі Kırıkkale Gun, 9 мм Чаник, Кануни тапаншалары қойылған. Кануни-16 тапаншасын Түркияның TISAS Trabzon Arms Industry Corp қару-жарақ компаниясы 1998 жылы шығарған. Бұл сериямен жасалған қарулар елдің әскери құрамаларында, күзет және қауіпсіздік құрылымдарында қолданылады.

«Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері» бөлімі еліміздің Қарулы Күштерінің қалыптасу тарихымен таныс­тырады. 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы және Қазақстан Рес­публикасының Қарулы Күштерін құру туралы Жарлықтарға қол қойылды. Қазақстан армиясы 30 жылдан астам уақыт ішінде өзінің даму тарихын іс жүзінде «таза парақтан» бастап, күрделі жол­дан өтті.

Президенттік орталықтың жинағынан алынған материал­дар әскери қауіпсіздік саласындағы тарихи мұраны, сондай-ақ қазіргі Қарулы Күштерді құру призмасы арқылы қазақ мемлекетінің қалыптасуын көрсетеді.

Көрме 30 мамырға дейін жалғасады.

Фото. Сұлтан Сейітов

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button