Басты ақпаратЕл тынысы

Ерлікке тағзым немесе тарихтан тағылым

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Мемлекеттік әскери тарихи музейінде Ақмола өңірінің түлектері – Кеңес Одағының Батыры, еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың және «Даңқ» орденінің толық иегері Әлмұқан Сембиновтің туғанына 100 жыл толуына арналған «Ерлікке тағзым» атты ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел отырысы, Астана қаласы Мемлекеттік архиві мен Мемлекеттік әскери тарихи музейі қорындағы фотосуреттер мен құжаттар көрмесі, «Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы қазақстандықтардың ерлігі – архив құжаттарында» кітабының тұсаукесері өтті.

– Сұрапыл соғыстың аяқталған күнін жыл сайын атап өту – Жеңіс салтанатын көре алмай кеткен боздақтардың ерлік істеріне тағзым ету, халқымыздың тарихын құрметтей білу, сол кезде болған түрлі оқиғаларды бүгінгі күн биігінен бағалау – қазіргі ұрпақтың, яғни біздің парызымыз. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтумен қатар ел қорғаған ерлердің есімдерін ардақтау, жаңғырту маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге дайындықты қазірден бастауымыз керек екенін айтты. Осы ретте Астана қаласының әкімдігі, елорданың Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, қаланың Мемлекеттік архиві қорында жинақталған құжаттар негізінде үлкен жинақ шығарды. Ақмола өңірі батыр­ларға кенде емес, еліміздің жылнамасына алтын әріппен есімдері жазылған батырлар өте көп, – деді ұйымдастырушы тараптан Астана қаласы Мемлекеттік архивінің директоры Жангелді Бимолдин.

Оның айтуынша, «Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы қазақстандықтардың ерлігі – архив құжаттарында» кітабы төрт тараудан тұрады. Еңбек елорда архивіне өткізілген соғыс ардагерлерінің құжаттарымен ашылады. Әрі қарай шетел архивтерінің деректері жинақталып, Ақмола қаласының соғыс жылдарындағы әлеуметтік-экономикалық өмірі туралы деректер, «Надежда» мемориалдық аймағы» іздес­тіру жасағының мәліметтері берілген.

Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Мемлекеттік әскери тарихи музейінің басшысы Ләззат Әлжан аталмыш іс-шараның мән-маңызын атап өтті. Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Досжан Исабек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында айтқан «Екінші дүниежүзілік соғыс ескі шежіреге айналған сайын тарихи және әскери тақырыптағы алып-қашпа аңыз әңгімелер көбейе түсті. Қазақстан әрқашан тарихи шындықтың және адамзат жылнамасындағы ең қанды қасап туралы шынайы көзқарастың сақталғанын қалайды» деген сөзін еске алып, Президент Ұлы Жеңістің 80 жылдығына дайындықты қазірден бастау керектігін тапсырғанын айтты.

– Бұл ретте архив қорларына кеңірек үңілу, архив қорларын жеке тұлғалардың құжаттарымен толықтыру аса маңызды. Елордада Ұлы Отан соғысы батыр­ларына арналған ескерткіштер де, көшелер де бар. Қазіргі таңда олардың атына мектеп атауларын да берудеміз, – деген Досжан Исабек Президент «Айбын» орденінің түрлі дәрежесін ­Бауыржан Момышұлы, Сағадат Нұрмағамбетов және Рақымжан Қошқарбаев аттарымен атау туралы шешім шығарғанын атап өтті.

Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаев ұлт мақтаныштарына айналғанын айтты. Сағадат Қожахметұлы әскери қызметте өзіне бағыт-бағдар бергенін атап өтіп, батырдың болмысына тоқталды.

– Қазіргі жастарға Отанды қалай сүю керектігін сөзбен емес, жүрекпен түсіндіруіміз керек, – деді Бақытжан Ертаев.

Мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Байменов адамзаттың дамуы ұрпақтар сабақтастығына негізделу керектігін айтып, тарихтан тағылым алудың, сабақ алудың маңызын атап өтті. Сұрапыл соғыстың қасіретін осыдан 4-5 жыл бұрынғы Беларусь еліңе сапары кезінде ерекше сезінгенін жеткізді.

– Бейбіт күнде жасампаз болып, Қазақстанды алға жетелеуіміз қажет. Бірақ бейбіт, ашық аспан болуы үшін де әскеріміз айбынды, ұланымыз антына адал болуы керек. Сонда ғана халықтың бүкіл күш-қуатын жасампаздыққа бағыттап, халықтың еңбекқорлығы мен дарындылығының арқасында алға қарыштап басамыз. Сағадат Нұрмағамбетов, Рақымжан Қошқарбаев, Әлмұқан Сембинов және Талғат Бигелдинов секілді қаһармандарымыз – әрдайым бізге үлгі. Бұл кісілердің өмірі сан ғасыр бізді жасампаздыққа да, қаһармандыққа да бастайды, – деді Әлихан Байменов.

Қоғам қайраткері, генерал-лейтенант Абай Тасболатов ұстазы Сағадат Нұрмағамбетов тәуелсіздіктің алғашқы ең қиын жылдары Қазақстан Қарулы Күштерін абыроймен, әскерді шашыратпай, бытыратпай басқарғанын атап өтті. Сағадат Қожахметұлы екінші мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанын, алайда берілмегенін айтты. Сағадат Нұрмағамбетов, Талғат Бигелдинов, Бақтыораз Бейсекбаев, Бауыржан Момышұлы ерліктерін еске алып, патриоттық тәрбиенің маңызына тоқталды. Ақмолада жасақталған дивизиялар туралы айтты.

Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов аталмыш ұйым мен елорданың Мемлекеттік архивінің бірлескен жұмыстарына тоқталып, соның ішінде биыл Әлмұқан Сембиновтің 100 жылдығына арналған іс-шараны өткізгенін атап өтті. Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдиновпен кездескен күндерді, батырдың жарқын бейнесін еске алды. Сонда оның өзінің аузынан Астананың іргесіндегі Майбалықта туғанын естігенін жеткізді.

– Әлмұқан Сембинов Астананың жанындағы Жаңа бірлік ауылында туған. Соғыс кезінде әскерге 19 жасында алатын. Ол құжаттарына жасын қос­тырып, 17 жасында соғысқа кетті. Қатардағы жауынгерден аға лейтенант дәрежесіне дейін көтерілді. Ақмолаға оралғаннан кейін партия мектебін, институт бітіріп, қызмет істеп, Ақмолаға теміржол салып, құрылыс техникумының тұңғыш директоры болды. Осындай батырлардың ерлігін ұмытпауымыз керек. Қазір ғаламторды оқимыз. Сонда кейбіреулер «бұл біздің, қазақтың соғысы емес. Ұлы Отан соғысы деп атамау керек, Екінші дүниежүзілік соғыс деу керек» деп соғады. Біздің Үкімет, басқа да мемлекеттік органдар, зиялы қауым неге соған тоқтау салмайды?! – деді Сансызбай Есілов.

Дөңгелек үстел отырысында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Гүлнұр Мұсабалина, Ақселеу Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейінің «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныбының оқушысы Айсұлу Тойболған Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбында баяндама жасады. Қазақстан Журналис­тер одағының мүшесі, Астана қаласы Ардагерлер кеңесі медиатобының мүшесі Еркін Дәуеш­ұлы Сағадат Нұрмағамбетов есімін мәңгі есте қалдыру үшін атқарылған шараларға, қолға алынуы тиіс істерге тоқталды. Әлмұқан Сембиновтің жиені Бақыт Алтаева батырды ұлықтау мақсатында жасалған жұмыстар туралы айтты. Астана қаласы Мемлекеттік архиві директорының орынбасары Тілеуғали Қышқашбаев ескерткіш орнату туралы ойымен бөлісті.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button