Басты ақпаратЕл тынысы

Тағы да «Жоғалған дивизия» туралы…

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1941 жылы 22 маусымда басталған кеңес-герман соғысына қатысты жазбасында: «Осыдан 80 жыл бұрын дәл осы күні Ұлы Отан соғысы басталды. Қазақстаннан аттанған әрбір екі жауынгердің бірі тарихтағы ең қанды соғыстың майданында қаза тапты. Олардың ғажайып ерлігі халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Мұндай қасіретке ешқашан жол бермеу – барша адамзаттың міндеті» деген еді Twitter-парақшасында.

Бұл соғысқа КСРО құ­­рамында болған Қазақ КСР-і тартылғаны белгілі. 1941-1942 жылдары Қазақстанда 12 атқыштар және 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 50-ге жуық жеке полк пен түрлі әскери батальон құрылып, майданға жөнелтілді. Осылардың қатарынан 3 атты дивизия мен 2 атқыштар бригадасы қазақ ұлттық құрамалары ретінде жасақталды.

Ортақ жауға қарсы күреске 1,2 млн қазақстандық шақырылып, 600 мыңдайы ұрыс даласында қаза тауып, 271 мыңы із-түзсіз жоғалып кетті, мыңдаған азамат түрлі жарақатымен елге мүгедек болып оралды. Ал соғыс қимылдары барысында тұтқынға түскен қазақстандықтар саны әлі толық анықталмады.

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің пайымдауына қарағанда, біздің республикамызда осы сұрапыл соғыста хабарсыз кеткен жерлестерімізді іздестіру осы күнге дейін жүйелі түрде жүргізілмей келеді. Бұл жұмыстармен тек үкіметтік емес ұйымдар, жекелеген отаншыл азаматтар ғана айналысуда. Мысалы, «Атамның аманаты» қоғамдық ұйымының арқасында 1500 қазақстандық жауынгердің жерленген жері, майдандағы тағдыры, жауынгерлік жолы анықталған.

Қазақстанның өткен және қазіргі замандағы әскери тарихында сыры ашылмай жатқан «ақтаңдақтар» жеткілікті. Солардың бірі – 1941 жылы Ақмолада жасақталып, 1942 жылы «Харьков қырғынына» түсіп жойылып кеткен 106-қазақ кавалерия дивизиясының тағдыры. Ресейде, Украинада жарияланған еңбектерде «Харьков қырғыны» туралы өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап молынан жазылса да, қазақстандық 106-дивизия туралы айтылмайды.

КСРО құлағаннан кейін 106-қазақ дивизиясы құрамында соғысқа аттанғандардың ұрпақтары, туған-туысқандары Ресей және Қазақстан архивтеріне, қорғаныс министрліктеріне сұрау сала бастады. Оларға үкіметтік емес ұйымдар, жекелеген азаматтар да қолдау көрсетті.

Украинаның Харьков қаласында тұратын қазақ қызы Макка Қаражанова мен украина­лық тарихшы Татьяна Крупа бастаған харьковтық іздеушілер жұмысының нәтижесінде архив деректері мен украиналық қарт тұрғындармен кездесулер кезіндегі алынған ауызша мәліметтер негізінде Харьков облысы аумағындағы шайқаста қоршауда қалып жойылып кеткен 106-қазақ кавалерия дивизиясының 200 жауынгерлерінің жерленген жерлері табылды.

2010 жылы Астана қалалық Архив және құжаттама басқармасы мен Л.Гумилев атындағы Еуразия университеті ғалымдары бірлесіп шығарған «Акмолинцы – на фронте и в тылу» атты құжаттар жинағында алғаш рет осы дивизияға қатысты бірқатар дерек, фотосурет жарияланды.

Украинаның Харьков қаласында тұратын қазақтардың жерлестік ұйымының басшысы Макка Қаражанованың харьковтық тарихшылар, архив, музей қызметкерлерімен бірлескен ізденістері нәтижесінде бірқатар мәлімет табады және олар қазақстандық ақпарат құралдарында жарияланады.

Харьковтық зерттеушілерге өздерінің ізденістерімен Қазақстандағы осы дивизияда болған жауынгерлердің ұрпақтары – Бәткен Капажанова, Қанат Құлмағанбетов, саяси жетекші болған Шайқы Қалғынбаевтың қызы және журналистер – Сұлтан-хан Аққұлұлы (қазір белгілі алаштанушы ғалым), Д.Игсатова, Альбина Ахметова, т. б. көмектесті.

1941 жылдың қараша-желтоқсан айларында Ақмолада жасақталған 106-дивизия бірнеше ай әскери жаттығулар өткізіп, 1942 жылы 23 наурыздан бастап бірнеше эшелонға тиеліп, кезең-кезеңмен майданға аттандырылды. Харьков маңындағы Савинцы станциясына соңғы оныншы эшелон 12 мамырда келіп түскен.

Қазақстандық архив деректерінде 106-дивизия майданға аттанғанда 4175 адам, олардың 356-сы – командалық құрам, 558-і – кіші командирлер, ал қатардағы жауынгерлері 3291 екені, 61 миномет, 110 винтовка, 3100 қылышпен қаруланғаны және дивизияға 3180 бас ат берілгені көрсетілген. Дивизияның 90 пайызын Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарынан мобилизацияланған жауынгерлер құрады. Дивизия жауынгерлері майданға бір полкінен басқасы қысқы тон және пима киіп аттанған, бірақ барар жеріне жеткен соң жаздық әскери формаға ауыстырылған болуы керек.

Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Нұрхан Сейітов соғыс басталғанда Жеңіл және тамақ өнеркәсібі халық комиссары қызметінде жүргенде әскерге шақырылып, 106-дивизияның комиссары болып тағайындалды.

Дивизияның саяси бөлімнің бастығы болып Ақмола облыс­тық партия комитетінің екінші хатшысы Сағадат Меңдіғожаұлы Құлмағанбетов бекітіледі. Ол мамыр айындағы шайқаста қаза табады.

Дивизия командирлігіне майор Б.Панков тағайындалғанмен, Украинаға жетіп дивизия таратылғанда, басқа әскери құрамаға жіберіліп, мамыр-маусым айындағы «Харьков қырғынынан» аман қалды. Ол генерал-майор шенімен Кеңес Одағының Батыры атағына ие болып, соғыстан кейін де армияда қызмет етті.

Аталған құжаттар жинағында 106-дивизияның ұрысқа қай жерде, қандай құраммен, қарумен, қандай күшпен қалай қатысуы және кейінгі тағдыры туралы мәлімет болмады. Тек 2000 жылдардың басынан бастап ақпарат құралдарында аздаған мәлімет жарық көре бастады.

Қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысына қатысу туралы 2015 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғалымдары шығарған құжаттар жинағында жоғалған дивизия туралы аздаған мәлімет берілді.

2020 жылы алғаш рет Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының профессоры Қайдар Алдажұманов «1942 жылғы Харьков қырғыны және 106-қазақ кавалерия дивизиясы» деген архив құжаттарына негізделген зерттеу мақаласын жариялады.

Соғыстың аяқталғанына 79 жылдай уақыт өтсе де, тұтас бір дивизияның тағдыры туралы ауық-ауық аздаған дерек жария­ланғанмен жүйелі, нақты бір тарихи зерттеу жазылмай келеді. Мұның бірқатар себебі бар.

Біріншіден, Кеңес Одағы кезінде бұл «жабық тақырып» болды. Кеңестік дәуірде М.Қозыбаев, Т.Балақаев, Қ.Алдажұманов тәрізді кәсіби тарихшылар өз еңбектерінде жоғалған дивизия туралы кейбір деректер келтіргенмен, тереңдей зерттеуге рұқсат етілмеді. Ресейлік тарихшы ғалымдардың пікірлеріне қарағанда, Кеңес Одағы әскери басшыларының осы дивизия қатысқан Оңтүстік-Батыс майдан командованиесінің (маршалдар Тимошенко, Малиновский және Оңтүстік-Батыс майдан әскери советінің мүшесі Н.Хрущев) Харьков түбіндегі операцияны әзірлеп, ұйымдастырып, өткізудегі қателіктері мен кемшіліктері және жау қоршауына түскен армияларды құтқаруда дәрменсіздік танытуы Ұлы Жеңіске «көлеңке түсіретін» болғандықтан (әсіресе КСРО-ны 1953-1964 жылдары Н.Хрущев басқарған уақытта), «жариялауға жатпайтын құпия­лар» қатарына қосылды.

Екіншіден, осы дивизия штабының құжаттары герман командованиесінің қолына түскендіктен, Ресей Федерация­сы мен Қазақстан зерттеушілері үшін дивизия туралы құжаттар қолжетімсіз болды.

Үшіншіден, осы дивизияның бірнеше жауынгерінің фашистік концлагерь азабынан құтылып, жан сақтау үшін «Түркістан легионы» қатарына кіріп, Кеңес Одағына қарсы күреске қатысқаны да себеп болды.

Төртіншіден, 1942 жылы көктемде Харьков түбіне жеткізілген 106-қазақ кавалерия дивизиясының таратылып, 6-кавалериялық корпустың 26, 28, 49-кавалериялық дивизиялары құрамын толықтыру үшін таратылып берілуі әсер етті. Бұл әрекет сол уақыттағы әскери қажеттіліктен туындады. Тарихшы ғалым Қ.Алдажұманов­тің пікірінше, ауыр шайқастар салдарынан қатары селдірейтін 106-қазақ дивизиясын тез арада қазақ ұлты өкілдерімен қайта толықтырып отыруға мүмкіндік болмайтын еді. Өйткені сол кезде Қазақстанда әскери да­йындықтан өтіп, майданға дайын тұрған әскерге жарамды қазақ азаматтары жоқ болатын.

Зерттеушілер дерегі бо­йынша бұл дивизияны таратып, полк­терін 1942 жылы қаңтар айын­дағы шайқастарда әлсіреп, қатары сиреген 6-кавалериялық корпус­тың 26, 28 және 49-кавалериялық дивизиялары құрамына қосып, құрамдарын толықтырады. 1942 жылдың қаңтар айында Барвенково-Лозовская әскери операциясы кезінде Оңтүстік Батыс және Оңтүстік майдандардың әскерлері 100 шақырымдық кеңістікте шабуылға шығып, 90-100 шақырым жау шебіне сұғына кіріп, формасы доға тәрізді плацдарм жасаған болатын. Бұл жағдай шайқасушы екі жақ үшін де қолайсыздау жағдай болды.

12 мамырда Оңтүстік-Батыс майдан командашысы С.Тимошенко мен әскери совет мүшесі Н.Хрущев осы плацдармнан Красноград және Харьковтің солтүстігіне қарай шабуылды өрістетіп, Харьковті, одан әрі Киевті азат етуге бағытталған әскери операцияны бастайды. Шығыс жақтан шабуылдаушы майданның қауіпсіздігін Малиновский басқаратын Оңтүстік майдан қамтамасыз етуге тиісті болды. 106-дивизия жауынгерлері басқа дивизиялар құрамында Харьков облысының Красноград (Червоноград) қаласын қор­шауға алуға қатысады. Осы қала маңында сол кезде фельдмаршал Паулюс штабы орналасыпты.

Оңтүстік-Батыс майданға қарасты 6-кавалериялық корпус 7-танк бригадасымен бірлесіп шабуылды сәтті бастап, алғашқы жеңістерге жеткенмен, одан әрі шабуылды өрістете алмай, тоқтап қалады. Герман командованиесі Оңтүстік-Батыс майдан әскеріне шығыс жақтан соққы беріп, қоршауға ала бастайды. Тарихшылар мұны кеңестік майдан басшыларының жау әскері күшінің қауқарын, жоспарларын, орналасуын бағамдауда қателіктер жібергені салдарынан болғанын көрсетеді.

Сонымен қатар алыс қашық­тыққа ұласқан шабуыл барысында танктерге құятын жағармай таусылады, әскер бөлімдеріне оқ-дәрі, снаряд, қару-жарақ, азық-түлік уақытында жеткізілмей қалады. Шабуыл кезінде осылармен жабдықтайтын тыл бөлімдері алыста қалып қояды. Ауыр шайқастар барысында Оңтүстік-Батыс майдан, оның құрамындағы кавалериялық корпус пен танк бригадасының майданның басқа участоктеріндегі құрамалармен байланысы нашарлап, қолдау болмай, жау қоршауына («котел») түседі.

Сөйтіп 1942 жылғы «Харьков қырғынында» кеңестік үш армия қоршауда қалып, 242 мың кеңес жауынгері тұтқынға түседі (салыстыру үшін: 1943 жылы Сталинград түбіндегі шайқаста Қызыл Армия неміс-фашистердің 300 мыңдық әскерін қоршауға алып, 91 мыңын тұтқынға алған).

Тағдырдың жазуымен осылайша «Харьков қырғынына» 106-қазақ кавалериялық дивизия­сының 4 мыңнан аса жауынгері де тап болды. Осы трагедия бір айдай уақыттың арасында өтті. Кеңестік әскери басшылықтың сәтсіз ұйымдастырған соғыс операциясы салдарынан жау әскері тез арада Волга бойындағы Сталинград қаласына жетті.

Әлеуметтік желіде «Дивизия­дағы қазақтың атты жауынгерлері жалаң қылышпен жау танкілеріне қарсы шауып, бәрі мерт болды», «Мамыр айында шайқасқа қысқы тон мен пима киіп қатысты» деген пікірлермен келісу қиын.

Танктерге қарсы қылышпен қаруланған атты жауынгерлерді шабуылға шығаруға ешқандай командир бармайтыны белгілі.

Дивизия Ақмоладан темір жолмен аттанғанда, 4 мың жауынгерде 110-ақ винтовканың болуын, әскери мамандар бұл қарулардың жол бойында қарауыл қызметі, эшелонды және орналасқан жеріндегі қару мен азық-түлік, т. б. қорғау үшін бөлінгені деп түсіндіреді. Украина жеріне келіп жеткенде 106-дивизияны қабылдау, жабдықтауға, т. б. қатысты штаб құжаттары жау қолына түскендіктен, болашақта қазақстандық зерттеуші ғалымдар Германия архивтерінен іздейтін болар және біраз шындықтың беті сол кезде ашылар.

Еліміздің танымал тарихшыларының бірі профессор Бүркітбай Аяған биыл Германияда іссапармен болғанында Екінші дүниежүзілік соғыс тарихына қатысты архив қызметкерлерімен, неміс тарихшы ғалымдарымен жолығып сөйлескенде, Орта Азия мен Қазақстаннан Қызыл Армияға мобилизацияланғандар туралы зерттелмей жатқан деректер кездесетінін біліпті.

Дивизия жауынгерлері неміс-фашистеріне қарсы ерлікпен шайқасып, негізгі бөлігі қаза тапты, сонымен қатар қоршауда қалып, тұтқынға түскендері де, із-түзсіз хабарсыз кеткендері де бар. Тұтқын болғаны үшін кеңестік заңмен сотталғандары да бар.

«Харьков қырғынынан» аман қалған 106-дивизияның бір жауынгері табылып, журналистер 2011 жылы 102 жастағы Садық Түменбаевтың естелігін жазып алады. Украина жеріндегі фашистер лагерінен 1943 жылы С.Түменбаев ақмолалық Байыз Ысқақов екеуі қашып шығып, Қызыл Армия қатарына келіп қосылғанмен, кеңестік билік «опасыздар» ретінде соттап, Воркута лагеріне жібереді. С.Түменбаев ауруға шалдыққандықтан, 1953 жылы оны лагерден босатады. Елге оралып, үйленіп, бес балалы болып, тыныш өмір сүреді. Журналистің: «Жастарға қандай тілек айтасыз?» деген сауалына адам төзгісіз қиындықтарды көріп, кеңестік билік тарапынан әділетсіздік құрбаны болса да ақсақал: «Отанды сүйіңдер, халыққа қызмет етіңдер және адамгершілік қасиеттеріңді сақтаңдар!» деп кейінгі ұрпаққа үлгі болатын ұлағатты өсиет айтыпты. Кейінгі ұрпақ Екінші жаһан соғысы жылдарында ортақ отанды қорғау жолында аға ұрпақ өкілдері тағдырында жеңісті жылдармен бірге ауыр, азапты, тағылым алатын кезеңдері, оқиғалары болғанын да білуі керек.

Қазіргі жастар әр облыста шыққан «Боздақтар» кітабынан, «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің сайтынан, Ресей мен Украина сайттарынан, осы дивизия жауынгерлерінің бүгінгі ұрпақтарынан мәлімет іздестіруге ниет танытса дұрыс болар еді.

М.Қаражанованың сайтындағы 106-қазақ кавалерия дивизиясының жауынгерлері тізімінен олардың әскерге шақырылған жерлері арқылы солардың туған-туыстарын, таныстарын іздестіріп, соғысқа дейінгі өмірін, еңбегін зерттеуге қатысса, ұлтымыздың әскери тарихын зерттеуге, Президент тапсырмасымен кеңестік заманда жазықсыз жазаланғандарды ақтау туралы комиссия жұмысына септігін тигізер еді. Сонымен бірге ұлттық санамызда тарихи жадыны жаңғыртуға үлесін қосар еді.

Дүйсен СЕЙІТҚАЛИ,

педагогика ­ғылымдарының кандидаты,

қауымдас­тырылған профессор

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button