Басты ақпаратЕл тынысы

Айбын мен айбар асқақтаған

Ғасырлар бойы елдіктің туын жықпаған бабалар жорығының жылнамасы, айтулы кезеңдердің санаулы жәдігерлері, кеше мен бүгіннің сабақтастығы – қазіргі ұрпаққа рухани азық. Осындай айрықша сипаты бар мәдени ошақ – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи музейіне арнайы барған едік.

Бас қала келбетіне көрік беріп, елорда орталығында орын тепкен көк күмбезді ғимарат әр кез өзінше менмұндалап тұрады. Жан-жағы әскери техниканың түр-түрімен қоршалып, оған кез келгеннің қызыға қарайтыны сөзсіз. Музей 2015 жылдың 1 желтоқсанында ашылды. Араға уақыт салып, бүгінде елдік пен ерліктің шежіресі жинақталған, Ұлы даланы аманатқа қалдыр­ған бабалардың жауынгерлік дәстүрін жалғауға жол ашатын бірегей орталыққа айналып отыр. Кіреберістен-ақ тарихқа терең бойлататын музейде бізді экскурсия жүргізушісі Ұлмекен Кабдушева жылы қарсы алды.

Қазақтың пайда болуынан бастап, қазіргі қуатты мемлекет атанған еліміздің жылдар бойғы жемісі көрініс тауып, биіктігі жеті метрлік кіреберістің қос қаптал қабырғасы картиналармен көмкерілген. Мұндағы көрініс екі бөлімге бөлінеді. Бірі ежелгі дәуірден сыр шертіп, сонау сақ-ғұн тайпаларынан бастау алып, Түрік қағанатына жалғасып, Қазақ хандығына ұласса, екіншісі Ұлы Отан соғысының батырлары мен бүгінгі бейбіт күннің тыныштығын қорғаған айбынды әскер бейнесімен рухты. Одан әрі ішке өтіп, ауқымы алып «Мәңгілік ел» атриумын тамашаладық. Атриум айналасы 14 батырмен қоршалған, көне заманнан бүгінге сатылап өтуге арналғандай. Мәрмәрмен көмкерілген атриум – музейдің барлық бөлігіне жол бастайтын негізгі діңгек. Одан әрі бірінші қабаттағы «Қазақстан Рес­публикасы Қарулы Күштерінің залы» төл әскерімізге, тәуелсіз Қазақстан әскерінің тарихына, жетістіктеріне, қазіргі әлеуеті мен қорғаныс саласын басқарған тұлғаларымыздың өміріне арналыпты. Мұнда «Қара ма­йор» атанған Ауған соғысының ардагері Борис Керімбаев пен қазақтан шыққан тұңғыш генерал Жансен Кереевке арналған бұрыштарда олардың жеке заттары тұр. Сондай-ақ залдан Құрлық әскері, Әскери-теңіз күштері, Әуе қорғаныс күштері, Қарулы күштердің күш-қуаты туралы кеңірек хабардар боласыз.

Мұражайдың екінші бөлімі – «Көне заман: XIX ғасыр» қазақ елін мекен еткен тайпалардың алғашқы қауымдық құрылыс кезеңінен бастап, орта ғасыр және Қазақ хандығына дейінгі кеңістікті қамтиды. Бұл залдағы түпнұсқа жәдігерлердің басым бөлігі – археология ісінің білгірі, профессор Зейнолла Самашевтің еңбегі. Мұнда көне дәуір күмбірін елестететін Түрік қағанатынан қалған ат үзеңгілері, бес қаруы сайланған ежелгі жауынгерлер мүсіні, қанжығалы Бөгенбай батыр дулығасының түпнұсқасы тұр. Жәдігерді музейге батыр ұрпақтары табыстаған екен. Екінші бөлім – «XX ғасырдағы әскери тарих залында» Алашорда автономды мемлекеттік құрылымының қызметі, Ұлы Отан соғысына қатысты жәдігерлер қойылыпты. Бауыржан Момышұлы, Хиуаз Доспанова, Талғат Бигелдинов, Рақымжан Қошқарбаев және Сағадат Нұрмағамбетовтің жеке істерінің түпнұсқалары мен Роза Бағланова көйлегінің де түпнұсқасын көрдік. Атақты Кеңес Одағы Батыры, генерал-майор И.Панфиловтың қалта сағаты және партия билетінің сыртқы қабы соғыс экспозициясын толықтырып тұр. Ел шетіне жау тигенде, азаматтармен бірге майдан даласына өзі сұранып аттанған Мәдина Ысқақованың ерлігі ескерілмей қалмады. Қазақтың батыр қызы үш мәрте Кеңес Одағының Батыры, даңқты ұшқыш Иван Кожедубтың бортмеханигі болған.

Мәдина Ысқақова Ақмола облысының Сандықтау ауданына қарасты Зверевка елді мекенінде дүниеге келген. Экскурсия жүргізушісі Ұлмекен Кабдушева ерекше тоқталған дүние – батыр қыздың жасы жетпей 18 жасында майдан шебіне аттана алмауы. Кейін ол өз төлқұжатын 21 жасқа ауыстырып, соғысқа аттанған көрінеді. Сол төлқұжат музейде сақтаулы. Залдың ортасына мәңгілік алау голограммасы қойылып, орталық экрандарда Екінші дүниежүзілік соғыста қаза болған жауынгерлер жайлы қысқаша мағлұмат беретін электрондық құрылғы орнатылыпты. Келесі «XX-XXI ғасырдағы қару-жарақ залында» Екінші дүниежүзілік, Ауған соғысындағы және қазіргі уақытта қолданыста жүрген қару-жарақ түрлері қойылған. Қазақтың батыр қыздары қолданған Мосин винтовкасы, Максим пулеметі, қазіргі қолданыстағы авиация қарулары, инженерлік оқ-дәрілер, басқарылатын зенит зымырандары секілді қару-жарақтың түр-түрін мұражай көрмесінен көресіз. 1942 жылы Батыс Қазақстанның Жәнібек бекетіне жасалған әуе шабуылы көрінісі әскери диорамасы ерекше көз тартады. Бекет Сталинград шайқасының майдан шебіндегі аймағы болған, ал қақтығыс көрінісі бірнеше есе кішірейтілген.

Музейдің басты құндылығы – жәдігер. Бірнеше қабатты қамтитын музей еліміздің жүріп өткен жолындағы әскер тарихымен және қазіргі таңдағы Қарулы Күштердің әлеуетін танытатын құрал-жабдықтар мен қару түрлерін көрсете алады. Мұндағы әрбір зат ерекше құндылыққа ие. Елдегі тұңғыш әскери салаға мамандандырылған музей ерлік даңқы өшпейтінін, ешкім де, ештеңе де ұмытылмайтынын аңғартты.

Фото. Сұлтан Сейіт

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button