Ел тынысы

Әскерде де талай чемпион жүр

Ресейдің Мәскеу қаласында қоян-қолтық ұрыстан Әлем кубогы өтіп, оған әлемнің 27 елінің спортшылары қатысты. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы сапында Қарулы күштері Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшісі Арнат Нәметов пен Жандос Мадихиянов өнер көрсетіп, жеңістің биік тұғырынан көрінді. Біз чемпиондарды №22750 әскери бөлімінде қарсы алып, құттықтадық.

Әскер – өмір мектебі. Аза­маттардың өмірге деген көзқарасын шыңдап, тәртіпке үйретеді. Отбасыға деген сүйіспеншілігін күшейтіп, Отан алдындағы жауапкершілігін арттырады. Сарбаздар таңертеңнен күн батқанша тапсырма орындап, физикалық күш-қуатын, психологиялық мінез-құлқын шыңдайды.

Әскери бөлімнің табалдырығын аттаған сәттен-ақ осындай аураны сезіндік. Таңғы сағат 07.40-та сарбаздар сапта тұрды. Сапта тұрып, ондағы жаттығуларды орындау – әскери әдептілік пен тәртіпке бау­лудың бірден-бір құралы. Сарбаздардың саптағы командамен үйлесімді қозғалысы сергектік пен сезімталдықты талап етеді, бәрінен бұрын, жылдам әрі батыл қимылдауы маңызды. Осындай көріністі сырттай бақылап тұрғанда, чемпиондар мінген автокөлік келіп тоқтады.

Намысты азаматтар Нұрдәулет Ержігітов, Арнат Нәметов және Жандос Мадихияновті сарбаздар ерекше ілтипатпен қарсы алды. Әскери бөлімнің командирі, подполковник Жасұлан Жұмабаев:

– Бізде тарихи сәт! Әлем кубогының чемпиондарын қарсы алып, абыройымыз артып, мерейіміз тасып тұр. Бұл – төккен тер мен үздіксіз еңбектің нәтижесі. Бұған дейін біздің сарбаздар Қазақстан чемпионатында, сосын ТМД елдерінің турнирінде бірінші орын алып, өздерінің жеңіске деген ерік-жігерін танытты. Жеңіс құтты болсын! Рухты жауынгерлер көбейе берсін! – деп құттықтады.

Рас, әскери адам үшін спорт кәсіби дайындық тұрғысынан маңызды, ал жекпе-жек арнайы күштердің жауынгерін батылдыққа, табандылыққа және төзімділікке тәрбиелейді.

Әлем кубогы аясында қатысушылар «өзін-өзі қорғау» техникасын көрсетіп, соның ішінде пышақ пен тапаншадан қорғану әдістерін қолданды. №22750 әскери бөлімінің әскери қызметшісі майор Нұрдәулет Ержігітов 90 келі салмақта өнер көрсетіп, қола жүлдегер атанды. Ол қоян-қолтық ұрыстарға шәкірт баптап, жаттықтырушылық қызмет атқарып жүр.

– Біз мақсатымызға жеттік. №22750 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, сержант Жандос Мадехиянов 57 келі салмақта, аға сержант Арнат Нәметов 62 келіде қарсыластарының осал тұсын тауып, Мәскеу төрінде жақсы өнер көрсетті. Жаттығу кезінде дайындаған әдістерін сауатты орындады. Басы ғана, алда талай байрақты бәсекелер күтіп тұр, – деді бапкер Нұрдәулет.

1979 жылы Литваның Каунас қаласында орналасқан 7-гвардиялық десанттық дивизияға бекітілген спорт базасында әуе-десанттық әскерлердің қатысуымен қоян-қолтық ұрыс­тан бірінші жарыс өткен-ді. 1994 жылға дейін қоян-қолтық ұрыс өнері әскери қолданбалы спорт түрінің бірі саналды. 1995 жылы Ресейде Армия қоян-қолтық ұрысының федерациясы (FABR) тіркеліп, бұқаралық сипат алды. 2011 жылы Мәскеуде алғаш рет жекпе-жектің осы түрінен әлем чемпионаты өтіп, содан бері спорт түрі ретінде дамып келеді.

Арнайы операциялық күш­терінің мақтаныштарын сөзге тарттық. Әлем кубогының иесі Жандос Мадехиянов шығыс жекпе-жек түрлерінен жетістігі көп, кунг-фудан да республикалық, халықаралық жарыстарда жүлде алған.

– Мәскеуде өткен әлемдік дода жоғары деңгейде өтті. Қарсыластарым осал болмады. Мемлекеттік Гимнді шырқатып қайтқаныма қуаныштымын, – деді чемпион.

Әскер қатарында да талай чемпиондар жүр. Олардың спорттық бабында болуын рухани қолдаса, талай жарыста елдің намысын абыроймен қорғауға дайын. Біз барған әскери бөлімде сарбаздардың спортпен шұғылдануына жан-жақты жағдай жасалған екен. Тек ықылас-ниет пен ерік-жігер болса, жетістікке жетудің жолын табуға болады. Жандос пен Арнаттың үлгісі осыған дәлел…

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button