Әлеумет

Соғыстың соңғы жаңғырығы…

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан бері сексен жылдай уақыт өтсе де, сол қанды қырғынның жүректерге салған жарасы әлі жазылар емес. Қаншама арыстар майданда ерлікпен қаза тапты, «хабарсыз кетті» деген хабарлама ғана алған қаншама жауынгердің туысқандары әлі күнге дейін бауырларының мәңгілік мекендері қайда екендерін де білмей жүр…

олардың бірі  – соғысқа өзі тіленіп аттанып, қанды шай­қаста ерлікпен  қаза болған  Әбдікәрім Сәрсенбаев еді. Әбдікәрім 1930-жылдардың аяқ кезінде арнайы оқу орнын бітіріп, мұғалім мамандығын алған болатын. Жастайынан жиын-тойдың көркі болған талантты жігіт көркем сөз додасы – айтыстарға да жиі шығып, бағын сынап байқапты. Ел басына күн туған шақта Әбдікәрім де алғашқылардың бірі болып өз еркімен майданға аттанады. Шымыр әрі сауатты жас жігіт Кеңес армиясының таңдаулы әскери құрамаларының бірі саналатын «36-гвардиялық атқыштар дивизиясының»
қатарына алынады. Бұл әскери құраманың бейресми атауы – «Сталиннің жеке гвардиясы» екен. Оның құрамына тек әскери дайындығы жақсы жауынгерлер ғана таңдап алынған. Бұған Ресей әскери мұрағатында сақталған: «36-я гвардейская дивизия укомплектована комсомольцами-добровольцами  Урала, Сибири, Дальнего Востока и республик Средней Азии, в том числе около 700 курсантов из различных военных училищ Московского военного округа» деген тарихи дерек нақты дәлел болғандай. Сайдың тасындай іріктеп алынған  жауынгерлерден жасақталған бұл әскери бөлімге аса жауапты міндетті орындау жүктелуі де – заңды. Осы кезде бүкіл әлем халқы көзін тіккен Сталинград  шайқасына Кеңес армиясының таңдаулы әскери  бөлімшелерімен қатар 36-гвардиялық атқыштар дивизиясы да аттаныпты. Екі жүз күн мен түнге созылған Сталинград шайқасында жау бір жарым миллион солдат пен офицерінен айырылғаны белгілі. Әрине, бұл жеңіс оңайға түспеді, ресми деректер бойынша, Қызыл Армияның да бір миллион 130 мың жауынгері осы шайқаста шейіт болыпты. Солардың бірі – Оңтүстік-Шығыс майданындағы 64-Армияның 36-гвардиялық атқыштар дивизиясының қатардағы жауынгері Әбдікәрім Сәрсенбаев еді.

Әбдікәрімнің туыстары: «Сарсенбаев Абдукарим – 1915-года рождения. Место рождения: Костанайская область, Тургайский район. село Торгай. Убит смертью храбрых при наступлений высоту 111, 11 января 1943 г» деген қазанама арқылы майдангердің қашан қаза болғанын білгенімен, оның қайда жерленгені оларға белгісіз болатын.

Шейіт болған жауынгердің немересі Ермек Сәрсенбаев атасы Әбдікәрімнің мәңгілік мекені Волгоград қаласындағы «Мамай қорғаны» бауырластар зиратында екенін анықтап, марқұмның жерленген жеріне зиярат жасап қайтты. «Мамай қорғаны» бауырластар зиратында қазақстандық жауынгерлерге орнатылған ескерткіш-белгі бар.

Жалпы, Қазақстанда жасақталған бес атқыштар дивизиясы, бір – атты әскер дивизиясы, Сталинградты қорғау мен жаудан азат етуге қатынасқан екен. Осы қанды қырғындағы ерен ерлігі үшін қазақстандық үш атқыштар дивизиясы «гвардиялық әскери құрама» жауынгерлік құрметті атаққа ие болыпты…

«Соғыстың соңғы нүктесі майданда қаза болған ең соңғы жауынгер жерленгенде ғана қойылады» деген екен Наполеон Бонапарт.

Демек, өлім мен өмір белдескен қанды қасапта шейіт болған қазақтың бір арысы жайлы тарихтың «ақтаңдақ беті» жойылды деп санауға болатын сияқты…

 Қабылахат СЕЙДАХМЕТ,

Қазақстан Журналис­тер одағының мүшесі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button