ӘлеуметБасты ақпарат

Қарызсыз қоғамға қалай айналамыз?

«Қарызсыз қоғам» қаржылық сауаттылық курсында 2000-нан астам астаналық білімін жетілдірді. Онда қатысушылар отбасылық бюджетті есептеу, яғни кіріс­тер мен шығыс­ты салыстыру, депозит, кредит, ипотека сынды қаржы құралын басқарудың тиімді жолын үйренді. Біз Amanat партия­сы мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне хабарласып, жобаны іске асыру механизмі туралы сұрадық.   

Қанша адам қаржылық білімін жетілдірді?

2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасын ел аумағында кеңейтуді Amanat партиясына тапсырды. Президенттің алаңдауына негіз бар. Өйткені екінші деңгейлі банктерге елдегі экономикалық белсенді азаматтардың 84 пайызында қарызы бар. Несиесін 90 күннен астам уақыт төлемеген борышкерлердің қарызы 1,4 триллион теңгені құрайды. Яғни 1,7 миллион адам қарызын уақытылы өтей алмай жүр. Мұның себеп-салдарын Amanat партиясы хатшысы Эльдар
Жұмағазиевтен сұрадық.

– Тұтыну мәдениетінің қар­қынды дамуы, адамдардың қаржылық сауатының төмендігі, қаражатты дұрыс жоспарлай алмау, табыс көзінің болмауы, табыс деңгейінің төмендігі, жыл сайынғы инфляция деңгейінің өсуі, азаматтардың алаяқтарға, қаржылық пирамидалар мен микроқаржы ұйымдарына алдануы, – деді партияның хатшысы.

2023 жылдың мамырында «Қарызсыз қоғам» жобасы елдің 8 өңірінде басталып, 65 мың адам өз қаржылық сауатын арттырды. 2024 жылдың 5 ақпанынан 17 облыс пен 3 мегаполисінде жалғасын тапты. Бір айда жобаға қатысушы адамдардың 3 легі курстан өтіп, 17,5 мың қатысушы қаржылық сауаттылығын арттырды. Жоба аясында 100-ден аса қаржы сарапшысы мен заңгер жұмыс істеуде. Оқыту курсының ұзақтығы – 5 күн.

Курс 5 ақпаннан басталып 10 бағыт бойынша республикада 48 940 адам білімін жетілдірді. Оның ішінде 2941 астаналық сертификат алды. Курсқа қатысушылардың 41,44 пайы­зы – 18-36 жас, 34,06 пайызы – 36-49 жас, 23, 63 пайызы 50-63 жас аралығын қамтиды. Кредит алған қатысушылардың 27 пайызында 1 кредит, 27 пайызында 2 кредит, 43 пайызында 3 және одан да көп кредит, 3 пайызында 10 және одан да көп кредитке ие

– Алаяқтарға алданған 67 факті осы оқыту барысында анықталып, 103 қатысушы жеке тұлғаның банкроттығы туралы тиісті мекемеге құжат тапсырды. Сондай-ақ 319 тұлғаға бизнес-жоспар әзірлеуге қатысты кеңес берілді, 6 қатысушыға жұмысқа тұру бойынша көмек көрсетілді. Бұдан басқа заңгерлердің көмегімен 115 нотариустың атқару парақтары күшін жойды, 34 бұғатталған шот шешілді, 104 қарызды өтеу бойынша кесте құрылды, 327 тағы да басқа заңгерлік кеңес беру жұмысы атқарылды, – дейді Эльдар Жұмағазиев.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2024-2026 жылдарға арналған Жол картасын әзірлеп, жыл сайын елдің барлық өңірінде кемінде 200 мың азаматты қаржылық сауаттылыққа оқытуды жоспарлайды екен. Әрине, оқу-тоқумен халықтың әлеуметтік мәселесі шешілсе жақсы ғой, бұған елдегі қымбатшылық, инфляцияға жалақының жауап бермейтіні, мемлекеттік бағдарламалар жаппай қолжетімді болмауы халықтың қарыздануына әкелгенін мойындау керек.

Жастар да курстан тыс қалмайды

Әлемнің озық елдері жас кәсіпкерді экономиканың негізгі драйвері санайды. Әсіресе, G20 мүше елдер жастарды бизнес дағдыларға бейімдеуге мән береді. Тіпті, жастар кәсіпкерлігін дамыту жұмыссыздық мәселесін шешеді деген ортақ ұстаным бар.

2023 жылдың тамыз айында Еуропалық Одақ елдерінде жұмыссыздық деңгейі 10 пайыз­дан жоғары болды. Мәселен, Испания­да 11,5 пайызды және Грекияда 10,9 пайызды құрады. Еуропаның бұл елдерінде адамдардың өмір сүру деңгейі біздікінен жоғары, кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті жастарды қолдаудың түрлі іс-шараларын қамтиды.

Осы ретте «Қарызсыз қоғам» жобасын жастарды қамту маңызды деп білеміз. Жастар қаржыны тиімді жұмсау және пайдалануды меңгерсе, әрі кәсіпкерліктің дағды-ережелерін үйренсе, табысты адамдарға айналады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары Айгүл Қанатбаеваның сөзінше, қаржылық сауаттылықтың дағдыларын адамға жастайынан үйреткен дұрыс. 2024 жылдан бастап 2026 оқу жылының соңына дейін 5-11 сынып оқушыларын қаржылық сауаттылық негіздеріне оқытылады. Бұл бойынша 450 мың оқушыны оқыту жоспарланды. Оқу курсы «Жаһандық құзыреттер» және «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәніне енгізілетін болады. Мұғалімдерді қаржылық сауаттылық пәнін оқыту дағдыларына дайындау үшін маусым-тамыз айында Оқу-ағарту министрлігі педагогтарының біліктілігін арттырып, сертификат береді. Жол картасында студенттерді де қамтып, «Қаржылық сауаттылық негіздері» пәні арқылы 100 мың студенттің біліктілігін арттыру жоспарланды.

Қаржы институттарынан тұтынушылық кредитті алғандар арасында жастар көп. Олар көбінесе кредитті Apple iPhone, планшет тағы басқасына шығындайды. Сондықтан жастарға тұтынушылық кредитті алуды қатаңдату маңызды.

Агенттіктің өкілі Айгүл Қанатбаева ойымызды құптап, ендігі уақытта 21 жасқа толмаған азаматтар жұмыс орнынан берілген анықтама немесе шәкіртақыны растайтын құжатсыз кредит ала алмайтынын айтты.

Парламент Мәжілісінің депутаттары кредит беру кезінде тәуекел­дерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқығын қорғау заңының жобасына бас­тамашыл болды. Бұл бойынша банктерге немесе микрокредит ұйымдарына 90 күннен астам мерзімде қарызы қалыптасқан азаматтарға тұтынушылық кредит беруге тыйым салу, қаржы институттары қарызды коллекторлық агенттіктерге сатуын шектеу, жаңа макропруденциялық норматив (Debt To Income) енгізіп, қарыз алушының жылдық кірісіне қатынасын есептеу және тағы басқа нормаларды енгізу көзделді.

Қазір алдымызда борышкерлердің жағдайын жеңілдету және жақсарту мәселесі тұр. Бұл сұрақты Айгүл Қанатбаеваға қойдық.

– Кредиторлардың проблемалы қарыз алушылармен өзара іс-қимыл тәртібін регламенттеуді ұсынамыз. Бұл бойынша қарыз алушы немесе кредитор ұсынған қайта құрылымдау шарттары сыйақы мөлшерін төмендету, төлемді кейінге қалдыру, өтеу әдісін өзгерту, қарыз мерзімін ұлғайту, борыш жүктемесін азайтуға мүмкіндігі бар. Борышкер кредит төлемін мерзімінен кешіктірген жағдайда, қаржы институтына 20 күн ішінде хабарлауы тиіс. Банк өтінішті қабылдауға, тіркеуге және қарау­ға міндетті. Егер қарыз алушы банкпен немесе микроқаржы ұйымымен келісімге қол жеткізе алмаса, онда агенттікке жүгінуге құқылы, – деді ол.

Кедейшіліктен кәсіп құтқарады

Абайдың: «Есектің артын жусаң да мал тап» дегені адал еңбекті дәріптегені, бір кәсіптің меңгеруге шақырғаны. Рас, кәсіптің көзін тапқандар озды. Қазір отбасылық шаруашылықты дамытуға ниетті адамдар көп. Бірақ жолын біле бермейді. «Қарызсыз қоғам» жобасының бір бағыты – қарызға батқан адамдарды шағын және орта бизнес түрін меңгеруіне жол көрсетеді.

– Кәсіп бастағысы келетін қатысушыға арнайы модуль ойластырылды. Қаржы сарапшылары тарапынан кәсіпті қолдауға бағытталған бағдарламалар туралы толық ақпарат беріледі. Қажет болған жағдайда бизнес жоспар жазуға көмек көрсетіліп, сүйемелдеу жұмысын жүргізеді. Ауыл тұрғындарына арналған «Ауыл аманаты», «Еңбек», «Бизнестің жол картасы – 2025», «Zhas Project» сынды бағдарламалар бар. Кәсіп бастағысы келетін адамдармен жеке жұмыс жүргізіліп, арнайы маркетинг және жүзеге асыру жоспары жазылады. Әдетте бизнес жайында білімнің болмауы, ішкі қорқыныш пен үрей қатысушының кәсіпті сәтті бастап, алып кетуіне кедергі келтіреді. Алайда жобаның қаржы сарапшылары қатысушының толық аяққа тұруына дейін сүйемелдеп, қажетті қолдау көрсетеді, – деді Эльдар
Жұмағазиев.

Енді курсқа қатысып, нақты нәтижеге қол жеткізген бірнеше оқиғаны келтіре кетсек, Орал қаласының тұрғыны өз туыстарына бірнеше рет кредит алып береді. Табысы 180 мың теңге, ал ай сайынға кредит төлемі 253 мың теңгені құрайды. Кредитін өтеу үшін әртүрлі микроқаржы ұйымдарынан қарыз алады. Жоба барысында банктер мен микроқаржылық ұйымдарға хат жолданды. Несиенің жаңа кестесі құрылды, нәтижесінде ай сайынғы қарызы 95 мың теңгеге дейін азайды.

Түркістан облысында көпбалалы жалғызбасты әйел ауылдағы мәдениет үйінде жұмыс істейді. Жалақысы – 132 мың теңге. Көпбалалы аналарға тағайындалған жәрдемақысы – 55 мың теңге. Kaspi Bank-те 1,2 миллион теңге, Halyk Bank-те 1,6 миллион теңге кредиті бар. Айлығының басым бөлігі кредит төлеуге, коммуналдық төлемге жұмсалады. Екінші деңгейлі банктерге 285 мың теңге мөлшерінде төлем жасайды. Өзінің ай сайынғы табысынан 100 мың теңгедей жоғары. Жобаға қатысу алдында 300 мың теңге кешіктірілген қарызы болды. Осыған байланысты шоттары бұғатталып, жалақысын ала алмай жүрді. Бұрынғы күйеуінен де алимент өндіре алмай келген-ді. Қаржы сарапшысы сот атқарушысымен жұмыс істеп, кейіпкердің бұғатталған шотын ашты. Ресми түрде ажырасуға арыз жазып, балаларға алимент тағайындалды.

P.S:

Қысқасы, «Қарызсыз қоғам» жобасының негізгі мақсаты – қазақ қоғамын қарызсыз етіп, адамдарды табысты етуге дағдыландыру. Бірақ, бұл үдеріс тек оқытумен шешілсе дұрыс қой! Өйткені жүйелі экономикалық реформаларсыз елдің алға ілгерілеуі, өркениет көшіне сай дамуы қиын.

 

 

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button