Басты ақпаратЕлорда тынысы

Қордаланған мәселелер көтерілді

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек осы аптаның бейсенбісінде Алматы ауданының тұрғындарымен кездесіп, 4,5 сағат бойы халықтың сұрақтарына жауап беріп, мәселелеріне құлақ түрді. Елордадағы №51 мектеп-гимназия қабырғасында өткен кездесу барысында тұрғындардың көбінің жанайқайы абаттандыру, құрылысы бітпеген тұрғын үйлер, кірген пәтерлерінің бірнеше жылдан бері құжатын ала алмау, баспанасыз жүрген жалғызбасты аналар, жолдар мен әлеуметтік нысандар салу және тағы да басқа өзекті жайттармен байланысты болды. Олардың сұрақтарына, әкім және аудан басшылығынан бөлек, тиісті басқарма басшылары да жауап берді.

Жиында алдымен аудан әкімі Мақсат Саматұлының аталған аудан көлеміндегі жұмыс есебі тыңдалды. Ол былтыр қала әкімі Алматы ауданы халқымен 5 есептік кездесу өткізіп, оған 1 мың адам қатысқанын, 325 сұрақ түсіп, соның 90 пайызы шешімін тап­қанын және қалған сұрақтар бақылауға алынғанын жеткізді.

Абаттандыру – күн тәртібінде

– Бірінші мәселе – абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары. Аудан аумағында 500 аула аумағы бар, соңғы 3 жылда 207 аула абаттандырылды. Тағы 100 аула гүлдендіруді қажет етеді. Биыл 35 ауланы кешенді абаттандыру жоспарлануда. Сонымен қатар соңғы 3 жылда 34 қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Өткен жылы Қ.Сәтпаев көшесі, Ақбұлақ өзені жағалауы бойынша жүргіншілер кеңістігін, К.Әзірбаев, Қордай көшелеріндегі гүлбағында ауқымды жұмыс жүргізілгенін атай кету керек. Осы жылы бөлінген қаржы шеңберінде 6 қоғамдық кеңістікті, атап айтқанда, Тәуелсіздік даңғылындағы, яғни Ақбұлақ өзенінен бастап Б.Момышұлы даңғылына дейінгі аралықты, Т.Жүргенов көшесіндегі, яғни Айнакөл мен Ж.Нәжімеденов көшелері аралығын, Ақбұлақ өзені жағалауын, яғни Абылайхан мен Амман көшелері аралығын, Абылайхан даңғылын, яғни Күйші Дина мен Б.Момышұлы көшелері аралығын, Қ.Сәтпаев ескерткіші маңайын, «Bravo family» ТК аумағын абаттандыру көзделуде, – деді аудан әкімі баяндамасында.

Алматы ауданы «жасыл аймақ» кластерімен аты шыққан. Ауданда қазіргі таңда 7 парк, 2 бульвар және 30-дан астам гүлбағы мен қоғамдық кеңістік, 200-ге жуық ағаш, 41 мыңнан астам бұта, 3,5 млн шаршы метр газон бар. Биыл тағы 15 мың түптен астам ағашты Тәуелсіздік, Абылайхан, Ұлы дала даңғылдары мен Т.Жүргенов көшесіне, Ақбұлақ өзені жағалауы маңына отырғызу жоспарланып отыр.

Екінші мәселе – жарықтандыру. Ауданда барлығы 15565 жарықтандыру тірегі бар, оның 9200-і көшені, 5360-ы парктерді жарықтандыру тіректері, 39 діңгек, 966 тірек орамішілік жарықтандыруға арналған. Сонымен қатар 20460 жарықшам іске қосылған. Аудандағы өзекті мәселенің бірі – көшелерді, парк­тер мен орамішілік аумақтарды жарықтандыру. Бұл бағытта күн сайын жұмыс жүргізіледі, 2023 жылы 40 аула мен 8 орамішілік жолдар жарықтандырылды. Биыл аудан көлемінде талдау жүргізіліп, тағы да 35 аула мен 7 орамішілік жолдарды жарықтандыру қажеттілігі анықталды.

Үшінші мәселе – санитария. Санитариялық тазалауға ауданда 22 мердігер ұйым, 500 техника мен 600 жол жұмысшысы жұмылдырылған. Күннің жылынуына байланысты ауданды қыстан кейінгі қалпына келтіру жұмыс­тары басталып, соның ішінде тротуарларды, қоршауларды, жарықтандыру тіректерін, аялдама павильондарын, көпірлерді жуып-шаю және бұзылған, сынған жерлерді жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

– Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының бастамасымен қалада, соның ішінде біздің ауданда «Таза Қазақстан» экология акциясы аясында жұмыс­тар жүруде. 27 сәуірде «Жасыл аймақ» деген атаумен жасыл көшеттер отырғызуға арналған жалпықалалық сенбілік өтті. Акцияны аудан тұрғындары, қоғамдық және әлеуметтік ұйымдар, кәсіпкерлер, сонымен қатар Парламент Мәжілісі мен Астана қалалық мәслихатының депутаттары белсенді түрде қолдады. Акцияға барлығы 30900 адам, 520 ұйым қатысып, 250 арнайы техника тартылды, 1000 тоннадан астам қоқыс шығарылды және 1025 ағаш отырғызылды. Барлық аудан тұрғындарын осы акциядан тыс қалмай, экоакцияға белсенді қатысуға шақырамыз, – деді аудан әкімі.

Баяндамасының соңында ол 4 мамырда «Өнегелі ұрпақ» акция­сы аясында Ш.Құдайбердіұлы, 5 және Қ.Сәтпаев, 20 көшелері маңайында, сонымен қатар Балалар үйі, Балалар ауылы және «Нұрлы жүрек» үйі аумағында қалалық мәслихат депутаттарының қатысуымен аулаларды абаттандыру, тазалау жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.

Қала әкіміне қандай сұрақтар қойылды?

Елорда әкімі Жеңіс Қасымбекпен кездесуде осы ауданға қарасты түрлі тұрғын үй кешендерінің және басқа да тұрғындары сол үйлер аумағында жобаға сай балабақша салу, қоқыс салатын жәшіктерді, жолдарды реттеу, ипотекамен үй беру көлемін арттыру, жаңа үйлерге су жүйелерінің жүргізілмеуі, қоғамдық көліктердің қатынауы, олардың аялдамаларға келу уақытының жүйесіздігі, жолдарға тасжол төсеу және басқа да қордаланып қалған мәселелерін ортаға салды.

Кейбір тұрғындардың айтуынша, қазір елордада жылына беріліп жатқан ипотекалық үйлер саны сұранысты қанағаттандыра алмай отыр. Берілетін үйдің санынан баспана қажет халық саны басым. Соған орай олар екі тұрғын үй бағдарламасы, яғни Астана қаласында «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары бойынша берілетін үйлердің санын көбейтуді сұрады.

– Бюджеттің мүмкіндігіне қарай жалпы біз жылына әртүрлі топтарға 2000-нан астам пәтер беріп отырмыз. Соның ішінде ипотекалық үйлер де бар, олардан бөлек көпбалалы отбасылар, мүгедектер, тағы басқа санаттар бар. Сондықтан биыл ипотекалық бағытта 300 пәтерден аспаймыз. Себебі бюджетке салмақ түсіретін мәселе көп. Мәселен, жылына елордада 35 мың бала дүниеге келеді, қаншама бала 1-сыныпқа барады, солардың бәріне балабақша, мектеп салу, аурухананы көбейту сынды әлеу­меттік нысандар салу мәселесі де өзекті, оларды да шешу керек, – деді әкім.

Тұрғындар сауалдарынан қаладағы көптеген жаңа тұрғын үй кешендерінің пайдалануға берілгеніне біраз уақыт өткеніне қарамастан шешілмеген мәселелері көп екені байқалды. Мәселен, «Хайвил» тұрғын үй кешені бойынша балабақша қажеттілігі өзекті мәселе екенін жеткізген тұрғын сауалына әкім бұл үйлерге ең жақын балабақша Қаллеки театры маңынан салынатынын жеткізді. Біреуі аздық ететіндіктен, екіншісін салуға сол маңайдағы басқа мақсаттағы телімдердің жобалық жоспарлауын балабақшаға өзгерту мәселесі қарастырылуда.

– Қазақ драма театрының Мың­жылдық аллеясына қарайғы бөлігінде соңғы бас жоспар мен соңғы ЕЖЖ (егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы) бойынша қосымша 4 мектеп пен 2 балабақша салу жоспарлануда, – деді Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Әкім сондай-ақ нөсер суы ағатын арық жолдарының жұмысы туралы сын-пікірлерге жауап берді.

– Жаңбыр, көктемгі қар еру кезеңі өтті, тіпті су тасқыны қаупін тұрақты түрде өткердік деуге болады. Өткен жылы Б.Момышұлы даңғылында, А.Петров көшесі мен «Еуразия» сауда үйі жағында су басу мәселесі болған еді. Барлық мәселе шешілді, жылдан-жылға проблемалық аумақтар саны азайып келеді. Мәселен, 3 күн бойы жаңбыр жауып тұр, су басу мәселесін көрген жоқсыздар, – деді әкім.

Сонымен бірге Ж.Қасымбек сол жағалаудағы Тұран-Мыңжылдық аумағын неліктен су басқанын түсіндірді.

– Аумақта құрылыс қызу жүріп жатыр, әлі толығымен қолдануға берілмеген. Бұл сұрақты да 1,5-2 күнде жылдам шештік. Қаламыз қарқынды түрде өсіп келеді, жылына 4 млн шаршы метр баспана саламыз. Басқа да жаңа аумақтарда мұндай мәселе туындауы мүмкін, ең бастысы, мүмкіндігінше жедел түзетуге тырысамыз, – деді елорда әкімі.

Жиында қала әкімі қоғамдық көлік бағасына қатысты сұрақтарға жауап берді. Жазда Астанадағы жол жүру ақысы 20 теңгеге қымбаттайды.

– Биыл жазда жол жүру ақысы қымбаттайды. Қазіргі 90 теңгелік жол ақысы 10 жыл бұрын бекітілген еді. Бұл уақытта жүргізушілердің жалақысы, бензин құны – бәрі өзгерді. Сондықтан бұл өзгерістің негізі бар. Қазір әкімдік әрбір жолаушы үшін 250-300 теңге субсидия төлеп отыр, – деді Жеңіс Қасымбек.

Қалалық мәслихат, регламентке сәйкес, осы шешімді қабылдайды.

Әлеуметтік нысандар салынады

Одан әрі Абай көшесі, 88 мекенжайындағы барак үйлерді ысыру, «Асхат» ТК бойынша құрылыс компаниясының үйдің ауласын абаттандыру жұмыстарын аяқтамауы, көшелердің сәнін кетірген құрылыс жұмыстары, А.Байтұрсынов көшесіндегі кірпіш зауытын ысырып тастау, жаңа үйлерге құрылыс компаниясының 2 жылдық кепілдік беру мерзімін ұзарту мәселелері де сөз болды.

– Ұлы дала көпірінен әрі қарай жалғасына қаражат бөлінген. Биыл 2 үлкен көше бойынша жұмыстар бітеді. Толығымен 6 жолақты жол жұмыстары аяқталады. Күзге дейін іске қосылады. Жалпы «Мыңжылдық» аллеясы бойынша бас жоспарға сай келесі аптада кездесу өтеді, сол кезде қай жерде балабақша, қай жерде мектеп және тағы басқа нысандар салынатынын аудан белсенділерін шақырып, көрсететін болады, сол кезде осы аллея бойынша да таныстырылым өтеді, – деді қала әкімі.

Кездесуде сондай-ақ қаладағы кейбір электр желілерін «Қазақстан теміржолынан» қалаға беру, құрылыс жүргізу нормаларының бұзылуы, «Нұрлы жол» вокзалы аумағындағы үйлер маңында гүлзарлар салу, «Басқару-2», «Батыс», «Family park» ТК және басқа да үйлер бойынша тұрғын үй құжаттарының берілмеуі, «Шығыс» тұрғын үй кешені аумағында құрылысы аяқталмаған автотұрақтың балалар үшін қауіп тудыруы және басқа да өзекті жайттар айтылды. Кейбір сұрақ қойған тұрғындар әкімдерге қанша барса да кіре алмай кететінін, бұрынғы жиында шешіледі деп уәде етілген бірқатар мәселе әлі сол күйінде қалып отырғанын айтып шағымданды. Сондықтан бірқатары қала мен аудан әкімінің жеке қабылдауына жазылып, мәселелерін одан әрі қарастыратын болып келісті. Сонымен қатар кездесуге барып қатыса алмаған тұрғындар Алматы ауданы әкімдігінің Facebook парақшасындағы тікелей эфир кезінде сұрақтарын онлайн түрде қойып, тиісті мекемелер тарапынан жауап алды.

– Құрметті Алматы ауданының тұрғындары! Ауданда, көріп отырғаныңыздай, қордаланып қалған мәселе жеткілікті. Себебі халық саны артуда және жаңадан салынып жатқан құрылыс көп. Сондықтан оны екіге бөліп, тағы бір аудан ашу туралы мәселе көтерілуде. Жалпы балабақша, мектеп салу жұмыстары – үнемі басты назарда. Осы мәселелерді шешу үшін республикадан және инвесторлар тарапынан да қаражат құйылып жатыр. Сіздер айтқан барлық мәселені назарға аламыз, олардың біразы шешіліп те жатыр. Бірден шешу кейде мүмкін болмай қалып жатады. Дегенмен біз барынша қолдан келгенше соған күш саламыз, осы жылдың соңына дейін сіздермен тағы да бірнеше рет кездесеміз. Қойылған сұрақтарды келесі аптада жиналып, тиісті мекемелер басшыларымен бірге тағы талқылаймыз, – деді әкім кездесу соңында.

Жиын барысында барлығы 50-ден астам тұрғын әкімге сұрақ қойса, әлеуметтік желіде 100-ден астам сауал жолданды. Жалпы тұрғындардың сұрақтар легінен әлі де шешімін күткен, қордаланған мәселелер көп екені, дегенмен сол қиындықтарын тұрғындардың ашына айтып, әкіммен кездесуде ашық қоя алуы, оған әкімдік тарапынан тиісті жауаптар беруге тырысқаны елордадағы азаматтық қоғам белсенділігінің дамуында ілгерілеу бар екенін аңғартты.

 

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button