Басты ақпаратЕлорда тынысы

Астана-Рабат: ынтымақтастық артады

Астана қаласы мәслихатының делегациясы Марокко Корольдігіне ресми сапармен барып келді. Сапар  барысында Астана мен Рабат қалалары арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Астана делегациясы Рабат қаласындағы коммуналдық қызметпен, көлік инфра-құрылымымен танысты. Сапар аясында бизнес және мәдени қарым-қатынас жағы да талқыланды. Жақын арада бірлескен бизнес-форум өткізу және Рабатта Астана қаласының мәдени күндерін өткізу келісілді.

ЖОЛ КАРТАСЫНЫҢ ЖОСПАРЫНА ҚОЛ ҚОЙДЫ

Астана мен Рабат арасындағы ынтымақтастықтың жол картасын жүзеге асыру жоспарына Рабат коммуналдық кеңесінің төрағасы Фатиха әл-Мудни елордалық делегацияның Марокко Корольдігіне ресми сапары барысында қол қойды. Бұл туралы Ерлан Каналимов әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп жазды: «2024-2027 жылдарға арналған құжат урбанистика, мәдени мұраны сақтау және көбейту, инвестиция мен туризм, қоршаған ортаны қорғау, мәдениет және цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты көздейді. Мысалы, Марокко тарапын Астананың iKomek109 жүйесін, сондай-ақ Birge порталын қолданысқа енгізу тәжірибесі қызықтырды. Өткен жылы Астананың 25 жылдық мерейтойын мерекелеу күндері, 10 елден 17 қала басшысы қатысқан бауырлас қалалардың жыл сайынғы форумы барысында Рабат қаласының бірінші әйел мэрі Асмаа Рхлалумен кездестік. Біз іскерлік аудандарда тәжірибе алмасу және өзге де мәселелерді талқыладық. 2023 жылдың 3 шілдесінде екі астананың басшылары арасында осы салалардағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, ал біздің қалалар бауырлас болды».

РАБАТТА – АСТАНАНЫҢ МӘДЕНИ КҮНДЕРІ

Екі елдің астаналары арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін елордалық делегация мүшелері Мароккодағы «Friginvest» инвестиция агенттігінің жұмысымен танысты. «Бұл агенттік қазақстандық «Қазақинвест» сияқты елге инвестициялар тартумен айналысады. Марокко – дамыған мемлекет, үш француз автозауытының өкілдіктері бар, сондай-ақ авиаконструкторлық әзірлемелермен айналысады (Airbus үшін қосалқы бөлшектер шығарады). Бұл елдің тоқыма өнеркәсібіне тоқталатын болсақ, әлемдік деңгейдегі киім брендтерін өндіреді. Өйткені бұл елдің еркін экономикалық аймақтары мен технопарктері белсенді дамуда. Сонымен қатар Марокконың мұхит пен Еуропаға шығуға мүмкіндігі бар, ал Гибралтар бұғазы арқылы Испанияға дейінгі қашықтық шамамен 14 шақырымды құрайды. Жақын арада елдеріміздің арасында бірлескен бизнес-форумды өткізу жоспарлануда. Ал биыл қазан айында Рабатта Астана қаласының мәдени күндері өтеді» деп жазды Е.Каналимов әлеуметтік желідегі парақшасында.

АРЗАН ТАКСИІ БАР ЕЛ

Мароккода трамвай көлігін пайдалану өте жақсы дамыған. Мысалы, елдің екі қаласы – Рабат пен Салені байланыстыратын трамвай күніне 150000 жолаушыны тасымалдайды екен. Ерлан Каналимов Марокконың қоғамдық көлігі туралы қызықты да пайдалы ақпараттармен әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. «Жылына 33 миллион сапар, күніне 150 мың жолаушы, 5300 тікелей және жанама жұмыс орындары, жобаның құны шамамен 60 миллион еуроны құрайды, ал билетсіз жүретін жолаушылардың үлесі – небәрі 0,46. Келтіріліп отырған бұл сандар Марокконың екі қаласы – Рабат пен Салені байланыстыратын трамвай көлігі туралы. Трамвай депосының ұзындығы – 1,7 және 2,4 шақырым болатын екі желі, жол жүру бағасы – шамамен 220 теңге, бұл ретте трамвайлар жылына 33 млн сапарды жүзеге асырады, тәулігіне небәрі 5 минут аралықпен 150 мың жолаушыны тасымалдайды, бұл салада 5,5 мыңға жуық адам жұмыспен қамтамасыз етілген» деп жазды мәслихат төрағасы.

Оның айтуынша, Рабат қаласында 350-ге жуық қоғамдық көлік бар, сондай-ақ арзан таксилер жолаушыларды тасымалдайды. Төлем валидация көмегімен жүзеге асады. «Трамвай мен автобустарда бақылаушы қызметкерлер жұмыс істейді, сол себепті бұл елде билетсіз жүретін жолаушылардың үлесі төмен. Елордада жолаушылардың 30 пайызға жуығы жол ақысын төлемейді. Бұл елде жүзеге асып жатқан жұмыстар – елордамыз үшін пайдалы тәжірибе. Ал экология тұрғысынан айтатын болсақ, трамвайлар қоршаған орта үшін тиімді» деп түсіндірді Е.Каналимов.

БІЗГЕ КЕРЕК ТӘЖІРИБЕ

Рабат қаласында елордалық мәслихат депутаттары коммуналдық қызметтердің жұмысын үйлестіретін, сол арқылы зор табысқа кенеліп отырған компанияның қызметімен танысты. «Барлық коммуналдық қызмет мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жұмыс істейді және барлық шарт 20 жыл мерзімге жасалады. Сапар барысында 3 жыл бойы жүйелі жұмыс істеген қоқыс шығаратын компаниямен ынтымақтастық тоқтатылды. Қызмет көрсету бойынша барлық ұсыныс (инвестиция ұсыныстары) халықаралық қоғамдастықта жарияланады. Мысалы, бұл елде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына француз және испан компаниялары қызмет көрсетеді. Қоқыс шығарылғаннан кейін қалдықтар мен сулар тазартылады және суару мақсатында қолданылады. Сондай-ақ коммуналдық қызметтер агломерацияда жұмыс істейді және жақын маңдағы елді мекендерге қызмет көрсетеді. Бүкіл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жүйесі табыс тауып, бюджетке айтарлықтай қаражат әкеледі. Бұл тәжірибені жақын арада талқылаймыз» деп жазды бұл туралы Е.Каналимов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button