ДенсаулықМәслихат

Халық қолдауы күш береді

Мәслихатта депутат ретіндегі жұмысымда мен, негізінен, қаланың әлеуметтік дамуына көп күш саламын. Оған барлық астаналықтың лайықты өмір сүруін қолдау мәселелері, соның ішінде әлеуметтік ахуалы төмен отбасылардың жағдайы, жайлылық пен қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жатады.

Мен мәслихаттың әлеу­меттік-мәдени комиссиясы құрамындамын, бұл жерде біз апта сайын аталған мәселелерді қарап, қала тұрғындарымен кездесеміз, атқарушы органдарға беруге ұсыныстар әзірлейміз. Астананың басты ерекшелігі – оның жылдам қарқынмен өсіп келе жатқаны. Рес­публика бойынша көші-қон көрсеткіші ең жоғарысы – елорда. Қазіргі таңда қала халқының саны 1 млн 450 мың адамға жетті. Жыл са­йын еліміздің түкпір-түкпірінен қалаға 50 мыңға жуық адам оқуға, жұмыс істеуге көшіп келеді. Көші-қонның мұндай қарқыны қаланы жоспарлау және халықты жайлы, қауіпсіз өмірмен қамтамасыз етуде сын-қатер туындатады. Сондықтан жұмыс­тың мынадай бағыттары депутаттар жұмысында басымдыққа ие. Бірінші мәселе – әлеуметтік қамсыздандыру. Бұл ретте жұмысқа орналастыруға көмек беру, жұмыссыздар мен еңбек нарығында жұмыс істемейтіндерге жұмыс тауып беру – өте маңызды міндет. Қазір Астанада жұмыспен қамту органдарында 4 мың жұмыссыз адам тіркеуде тұр. Екінші мәселе – баспанамен қамтамасыз ету. Бүгінде 50 мыңға жуық адам қалада үй кезегінде тіркелген. Бұл азаматтар – қазіргі кезеңде тамақтану, баспаналы болу және бастапқы мемлекеттік қолдауды қажет ететін тұрғындар. Үшінші мәселе – әлеуметтік сақтандырумен қамтамасыз ету. Бүгінде медицина ұйымдарында тіркелмеген 250 мың адам бар. Олар осы себепті толықтай медициналық көмек ала алмайды, оларға тек шұғыл көмек қана қолжетімді. Халық саны өскен сайын азаматтарды базалық қызметтер және басқа да игіліктермен қамтамасыз етуді уақытылы бақылап, жұмыссыздық пен кедейліктің өсуіне жол бермеу керек. Ал отбасылар мен балалар туралы айтқанда, мектепте орынмен қамту мәселесі шығады. Соңғы бірнеше жылда бұл мәселе депутаттардың үнемі бақылауында. Дәл қазір де бұл мәселе өткір тұр. Осы мақсатта алдағы жылдары 35 жаңа мектеп салу көзделуде.

2021 жылдың мамыр айы­нан бастап «Даму бала» деген өте жақсы бағдарлама отбасы бюджетіне қосымша жүктеме түсірмей, балалардың жан-жақты дамуын қамтамасыз етеді. Бүгінде осы бағдарлама шеңберінде балалар үйірмелер мен түрлі шығармашылық, спорттық бағыттағы секцияларға барады. Бұл бағдарлама ұдайы бақылауды және ұсынылатын қызметтер сапасын жақсартып отыруды қажет ететіндіктен, ол депутаттардың үнемі қадағалауына алынған.

Жұмыстың келесі бағыты – «Жайлы және қауіпсіз қала». Халық санының жылдам өсуі тұрғын үй, жол, көпір салу, қолданыстағы инфрақұрылымды қайта құруды қажет етеді. Депутаттар корпусы қаланың бас жоспарын, тұрғын үй қоры реновациясы бағдарламасын және басқа да қала кеңістігін дамыту мәселелерін қарастырады. Соны­мен қатар апатты және ескі үйлерді бұзу, тұрғындарды көшіру мәселесі де назардан тыс қалмайды. Сайлау­шыларымыздың атынан шыға отырып, біз, қаланың қарқынды өсуіне қарамастан, қалалықтардың жайлы да қауіпсіз жағдаймен қамтамасыз етілуіне бар жағдай жасауға ұмтыламыз.

Жеке өз басым халық­тың негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз ету, міндетті гүлзарлар пен парктер салу ісіне жетекшілік етемін. VI шақырылым кезеңінде жүзеге асқан пайдалы жобаның бірі – үйлерге газ тарту. Мәселен, Сарыарқа ауданында 5000 жер үйге газ тартылды. Бүгінде бұл тұрғындардың арзан, қолжетімді әрі қоршаған ортаға зияны аз отынды қолдануына мүмкіндік береді. Сондай-ақ депутаттар бас­тамасымен енген «Сергек» жобасын атап өткім келеді.

Әрине, бұл қызметтің де өз қиындығы болады. Барлық қолға алынған жоба ұзақ уақытқа созылатын талқылау мен ұдайы жетілдіруді қажет етеді. Осы ретте менің өткен шақырылымдарда депутат болған кездегі жинаған тәжірибем жобалардың болашағын бағалау және талқылау кезінде біраз септік етеді. Бірақ соған қарамастан әрбір жаңа жоба сайын қайтадан соған дендеп еніп, мүлдем басқа мәселелермен айналысуға тура келеді. Депутаттық қызмет өзіңнің негізгі жұмысыңнан бөлек істерге қосымша уақыт пен күш салуды қажет етеді. Шынын айтқанда, осы бір маңызды міндетімді атқаруда маған жақындарым мен туыстарымның, әріптестерімнің түсінігі мен қолдауы қатты көмектеседі.

 Алтыншаш ТАБУЛДИНА,

Астана қалалық мәслихатының депутаты,

№5 қалалық емхана директоры

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button