Елорда тынысы

Бейбіт күнге ештеңе жетпейді

«Жыл сайын Жеңіс күні қарт солдаттар бір жасап қалады-ау деп тұрам ойлап» деген ақын жырының жолдары бүгін дәл еске түсетін күн. Өйткені тарихта қанды қасап болған Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына да жетпіс тоғыз жыл толып отыр. Қазір сол келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін жаумен жан аямай айқасып, жалындаған жастық шақтарын қан майданда өлім мен өмір арасында өткізген жауынгерлердің Астана қаласында тек жетеуі қалыпты. Солардың бірі – соғыс ардагері Жақан Сейсебаев.  

Көпті көрген көнекөз қария биыл наурыз айында 99 жасқа толды. Айтары мол ақсақал әлі тың көрінеді. Таяуда Алматы жаққа барып, ағайын-туыстарын аралап, бой сергітіп қайтыпты.

Он жеті жасында майданға кірген қарияның қазіргі тұрпатын көріп, «сырлы ағаштың сыры кетсе де сыны кетпейді» деген мақал ойыңызға еріксіз оралады.

«1942 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылдық. Мәскеу түбіндегі бір стансада төрт ай алғашқы дайындықтан өткеннен кейін бізді 1943 жылы соғысқа апарып салды. Жау әскерімен алғашқы бетпе-бет келген жеріміз Беларуссияны азат ету үшін кескілескен шептегі майдан болды. Мен құпия бөлімнің барлаушысы едім. Ұмытпасам, наурыз айының іші-ау деймін, түнде тағы да із кесуге шықтық. Үш адамбыз. Алда командир орыс жігіті соңында біз екі жауынгер ұзақ жүріп, жау бекінісіне таяу маңға келіп аялдадық. Он сегіз жастағы балаң жігітпін. Үйренген тәсілім бойынша жер бағдарын картаға түсіре бастап едім. Қарсы жақ байқап қалып, снарядтан оқ жаудырды. Жаныма келіп түскен бір жарқыншақ басыма келіп қадалып, есімнен танып қалдым. Көзімді ашсам, Мәскеу қаласының әскери госпиталінде жатырмын. Оң жақ желке тұсымнан тиген оқ сынығынан біраз емделуге тура келді» деп есіне алады майдангер сол отты күндер елесін.

Жақан аға елге оралғасын өзінің туған жері Алматы облысының Кербұлақ ауданында еңбек етті. 1969 жылы Алматы қаласындағы политехникалық техникумның бухгалтерлік есеп факультетін бітіріп, Көксу ауданының Алғабас ауылында біраз жыл мамандығы бойынша да жұмыс істеді. Кейін мал шаруашылығында ферма меңгерушісі болып, 1985 жылы зейнет демалысына шықты.

– Талай сұмдықтар бастан өтті ғой деп күрсінді майдангер. Қайсыбірін айтайын. Тек бір оқиға жадымда мәңгілік жатталып қалды. Бір ғасырға жақын ғұмыр кешсем де сол бір қиын-қыстау сәттегі өмір үшін жанталасқан құштарлығымды ұмыта алмаймын.

Командиріміз: «Дайындалыңдар, жаудың алпысқа тарта танкісі келе жатыр. Оларды осы шептен өткізуге болмайды. Бұйрық солай» деді. Бірнеше ауыр атқыш құрал мен гранатаны окопқа әкеліп қойдық. Көп кешікпей неміс солдаттары шабуылды бастап жіберді. Танкілерді «Катюшамен» атқылап жатырмыз. Төрт-бес сағат атыстан кейін олар шабуылын доғарған сияқты болды. Біздің де қатарымыз сиреп қалыпты. Бір кезде бір танк біздің траншеяға бет түзеп, салып келеді. Орнымнан ұшып тұрып қос гранатаны лақтырып үлгердім. Одан кейін аспан айналып кеткендей болды. Есімді тағы госпитальде жидым. Сөйтіп, біз алты сағатта жаудың алпыс танкісін жойып жіберіппіз» деп аяқтады әңгімесін қарт майдангер.

Ол Жеңіс күнін Кенигсбергте (Шығыс Пруссия) қарсы алыпты. «Таңғы сағат сегізде радиодан «Соғыс бітті!» деген сөзді естігенде жыламаған адам болған жоқ. Бір-бірімізді құшақтап, қуаныштан билеп секіре беріппіз» дейді. Бірақ ол үшін соғыс әлі аяқталмаған екен. Жапон соғысына жіберіліп, 1947 жылдың қазан айында Владивостоктан бір-ақ шығады. Үшінші рет жараланып, елге 1948 жылы оралыпты.

«Бейбіт күнге ештеңе жетпейді. Соғыста жүріп небір адам айтуға аузы бармайтын жантүршігерлік сұмдықтарды бастан өткердік. Қанша қиындық болса да аспанымыз ашық болып, сәбилердің алаңсыз балалығы мен халқымыздың ынтымақ-бірлігінен асқан бақыт жоқ» дейді тоғыз немере, жиырма шебере сүйіп отырған ардагер ата.

 

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button