Әлеумет

Иманғожа әулетінің бәйтерегі

Халық – бәрінің барометрі. Адамның жақсылығын өлшеп, өзгелерге үлгі етеді. «Көптің бағасы – көптің ықыласы» дейтіні содан. Әкеміз Бәйкен Иманғожаұлы көпке қамқор, ағайынға тірек болған азамат еді.

Иманғожа ата мен Кәбира әжеміздің бес қызы бір төбе де, жалғыз ұлы Бәйкен әкеміз бен Тоты анамыз – бір төбе. Олардың елге сіңірген еңбегін, ұрпағына тәлім еткен тәрбиесін, ағайынға жасаған қамқорлығын бір ауыз сөзбен түйіндеу мүмкін емес. Дегенмен рет-ретімен баяндайық.

1924 жылғы 20 мамырда Көкшетау ауданындағы Қарлыкөл елді мекенінде Бәйкен Иманғожаұлы өмірге келді. Бұл кезеңде қазақ даласында кеңес өкіметінің алғашқы нышандары: жер өңдеу серіктестіктері, артельдер мен «қызыл отаулар» құрылып жатқан-ды.

Жастайынан білімге құштар болған әкеміз Қарлыкөлдегі бастауыш, Әлжандағы орта мектептің 9 класын үздік бітірді. Сапалы білім алуға ынта-ықылас танытумен бірге, жастардың ауылдағы игілікті істерге араласуына мұрындық болды. Өз ортасында беделді, белсенді Бәйкенді 16 жасында Павловка ауылдық кеңесінің хатшысы етіп сайлады. Жауапты басшы ретінде ауылдастарын ортақ іске ұйыстырып, тың бастамаларға ұйытқы болды. Бірақ елдің шыр­қын соғыс бұзды.

1942 жылы ауыл азаматтарымен бірге әкеміз майданға аттанып, Екінші дүниежүзілік соғыс­тың ауыр шайқастарын Беларусь майданындағы 287-атқыштар дивизиясы 866-атқыштар полкының құрамында өткізді. Бір шайқаста мұз құрсанған батпаққа бір тәуліктей кептеліп қалады. Госпитальда жатып емделгенмен, сауыға қоймады. Әрі қарай ұрыс жүргізуге қабілетті болмай, 1944 жылы елге оралды. Жалғыз ұлы Бәйкеннің денсаулығына алаңдаған Иманғожа атамыз борсықтың майымен және қымызбен емдейді. Шипа қонып, сауығып кетеді.

Фашист басқыншыларға қарсы соғыста батылдық пен табандылық танытқан Бәйкен Иманғожин І дәрежелі Отан соғысы орденімен наградталды. Одан бөлек, «Германияны жеңгені үшін», «Соғыстағы қажырлы еңбегі үшін» және тағы басқа мерейтойлық медалімен марапатталды. Бейбіт өмірдегі жетістігі үшін алған наградасының қатарында «Үздік еңбегі үшін», «Қажырлы еңбегі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» медалі, «Социалистік жарыс жеңімпазы» төсбелгісі бар.

«Наградаларыңызды неге тағып жүрмейсіз?» дегенімізде, әкеміз: «Медальді тағып жүру мақтан емес. Мен елімді жаудан қорғап, азаматтық борышымды өтедім» деп жауап беретін. Бүгінде әкеміздің көзіндей болған медаль-ордендерді отбасы архи­вінде құнды жәдігердей сақтап жүрміз.

1944 жылы соғыстан оралған әкеміз Қарлыкөл мен Пахарьда бригадир, агроном, зоотехник болып жұмыс істеді. Уақытпен санаспай еңбек етіп, ісі оңға басып, шаруашылықтағы өндіріс көрсеткіші артып, адамдардың тұрмыс деңгейі жақсара бастады.

Кіндік қаны тамған елді өркендету ісіне ерекше ықылас танытып, жанашырлықпен кіріседі. Аз уақыт Куйбышев колхозының төрағасы болып жұмыс істегенде ағайындармен қоғамдасып, біраз шаруа атқарады.

Тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде тұрғын үйлер көптеп салынып, жаңа тракторлар, комбайндар келіп, ауылдардың тыныс-тіршілігіне рең кірді. Білікті маман Бәйкен әкеміз өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, жоғары сортты бидайдың өнімділігін арттыруда топырақты агротехникалық талапқа сай өңдеуді, сондай-ақ мал тұқымын асылдандырып, мемлекетке тапсыратын ет-сүт өнімін молайтуда белсенділік танытты. Әсіресе №3 бөлімшеде басқарушы болғанда бұл жұмыспен мықтап айналысып, басқаларға өнеге көрсетті.

Іргелі істерді сапалы атқа­рып, уақыт талабына жауап беру үшін білім алу маңызды еді. Осыны терең түсінген Бәйкен Иманғожин теориялық білімі мен практикалық білігін ұштастырып дамытуды мақсат етіп, өндірістен қол үзбей жүріп, Петропавлдағы колхоз төрағаларын даярлайтын техникумда, Көкшетау мемлекеттік тәжірибе станциясының техникумында, Целиноград ауыл шаруашылығы институтында білімін шыңдады.

1971 жылы Бұлақ селолық кеңесінің төрағасы болып сайланды. Кеңестің құрамына Еленовка, Қарлыкөл, Пахарь, Жылымды, Ақан, Уголки, Баратай, Жанауыл ауылымен бірге Қарағай астық қабылдау кәсіпорны кірді. 13 жыл селолық кеңес төрағасы болған уақытта елдің тұрмыс деңгейі көтеріліп, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық деңгейі өсті.

Бәйкен әкеміз бауыры Мұқашқа қамқорлық танытып, бәрінен жоғары ұстайтын. Әрбір ауылдасын құрмет тұтып, әсіресе, қарттарға, жалғызбасты әйелдерге ерекше көңіл бөліп, көмегін аямады.

Отбасымызда тоғыз қыз, бір ұл тетелес өстік. Анамыз бізді үйдегі, түздегі жұмысқа аралас­тырып, еңбекпен шыңдады. Оның еңбегі лайықты бағаланып, І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордені, «Медаль материнства» төсбелгісін алды.

Үлкеніміз Күлжиян – ұлағатты ұстаз. Красный Яр селосында оқып, №2 мектептің директоры болды. Одан кейінгі Айман, Шолпан, Алма медицинаны таңдап, денсаулық сақтау саласында абыройлы еңбек етті. Бесінші перзенті – Ұлтуар. Ол ұзақ жыл ішкі істер органында істеп, полиция майоры шенінде отставкаға шықты. Бақыт, Дәмелі, Дәмежан, Қаракөз жеке кәсіппен айналысып, өмірден өз орнын тапты. Ата-анамыз жұбайларымыз, күйеу балалары Құнантай, Амантай, Мереке, Жәкен, Ахметжан, Жарас, Елубай, Гайдарды да мейірім құшағына бөлеп, сыйлап өтті.

Күлжиян БӘЙКЕНҚЫЗЫ,

Ұлтуар (Ұлберген)

БӘЙКЕНҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button