Ел тынысы

Әкем туралы толғанамын

Иә, мен әкемді көргенім жоқ, дауысын естігенім жоқ, отбасындағы менен ересек балалар, бәлкім, әкеміздің мойнына асылып, еркелеп, ойнаған болар. Бірақ мұндай бақ маған бұйырмапты. Өмірге келмей жатып әкесіз қалу, жетім атану қандай ауыр!

Ең үлкен ауырлық анамыздың мойнына түсті, ол әлі бұғанасы қатпаған алты баламен жалғыз қалды. Алты баланы асырап жеткізу, тәрбиелеу, оқыту айтуға ғана оңай. Ата-анамыздың тағдыры осылай болды, бірі жалындаған жастық шағында қан майданда оқ пен оттың ортасына түссе, бірі бір топ баламен жесір қалды. Бірақ жарының ісін жалғастырды, отын өшірмеді, ұл-қыздарын тәрбиелеп, оқытып, ізгіліктің үлгісі бола білді.

Әкеміздің өмірбаянын, әскери жолын, марапаттау құжаттарын оқыған сайын ел басына күн туған ауыр жылдар, майдан даласы көз алдыма келеді.

Иә, біз соғысты көрген жоқпыз, бірақ оның зардабы мен қасіретін кинолардан көріп, тарихтан оқып өстік.

Әкем аға сержант Бек Байшин Қызыл Армия қатарына 1936 жылдың 1 қыркүйегінде шақырылған екен. Бұл соғыс қаупі төніп, алмағайып дүниенің әне-міне аласапыран күйге түсер қауіпті кезеңі болатын. 1941 жылдың 22 маусымында Батыста соғыс өрті бұрқ еткенде, майданға алынғандардың алғашқы легінде Бек Байшин де болған еді. Орталық майданның атқыштар дивизиясының 86-атқыштар полкінің құрамында ең бір жауапты, әр сәт сайын қатер мен қауіп төнген, батылдық пен өжеттік, ақыл мен айла сынға түскен майдан даласында жауға қарсы шықты.

1941 жылғы әйгілі Смоленск шайқасы шабуыл мен қорғаныс операция­ларының тұтас кешеніне айналғаны тарихтан белгілі. Осы қиян-кескі шайқаста Бек Байшин қаруластарымен бірге үлкен ерлік көрсетіп, нәтижесінде кеңес әскері қаланы жаудан босатты. Екі айдың ішінде жау орасан зор шығынға ұшырай отырып, кейін шегінді. Бұл майданда кеңес армиясы жарты миллионға жуық әскерінен айырылып (қаза тапқан), 300 мыңға жуық жауынгер жараланды. Жараланғандардың қатарында Бек Байшин де болды. Ол Мәскеу мен Курск түбіндегі шайқастарда жараланды. Алайда ержүрек жауынгер жанға батқан жарақатына қарамастан майдан жолын жалғастыра берді, Варшава түбіндегі ауыр шайқаста тағы ауыр жарақат алып, соның салдарынан контузияға ұшырады. Жараланған сайын аз уақыт емделіп, қайтадан қаруластарының ортасына оралып отырды.

«Әке, соғыстағы бастан кешкен оқиғаларыңыз туралы айтыңызшы» деген естияр балаларына: «Соғыс – бұл сәт сайын төбеңнен төнген бомба, снаряд, зуылдаған оқ, дәл қасыңда – ажал. Ондаған, жүздеген жап-жас жігіт оққа ұшып, ажал құшып, майдан даласында қалып жатты. Ондайды еске алу, әңгімелеу мүмкін емес. Енді ондай алапат майданды сендерге, балаларыма көрсетпесін» дейді екен әкеміз ауыр күрсініп.

Майдангер Бек Байшиннің майдан жолы ауыр контузия жарақатының салдарынан 1944 жылдың 15 тамызында аяқталды. Жан мен тәнге батқан ауыр жарақаттан денсаулықтан, қаншама қандыкөйлек достарынан мәңгіге айырылды. Бұл күн өмір мен өлім бетпе-бет келген сәттермен есте қалды.

…Бұл тарихи естелік тек менің әкем туралы ғана емес, бұл Ұлы Отан соғысындағы әр жауынгердің Отан үшін, ел үшін жан алысып, жан беріскен ерлікке толы, бірақ әр отбасына қайғы-қасірет әкелген ауыр жылдар еді.

Соғыстан оралғаннан кейін майдангер Бек Байшин жұмыстан қол үзген жоқ, Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы «Майқайың-Алтын» трестінде сатушы болып еңбек етті. 50-жылдары Қарағанды облысына қоныс аударып, сол жақта анамызды кездестірген екен. Әкеміздің достары да майдангерлер еді. Соғыстың соңғы оғының үні өшкеніне де, міне, көп жыл өтті, тарихқа айналды. Алайда әкемнің Отанына берілгені, адалдығы, ерлігі өшпек емес, өшпейді де. Мен әкемнің көрмей кеткен баласымын, ал отбасымыздағы менен үлкен ағаларым мен әпкелерім үшін ол Отан үшін қан төккен майдангер батыр ретінде есте қалды.

Ел ішінде «Бек деген… ол нағыз азамат қой, адамгершілігі жоғары» дейтін. Шындығында, әкеміз парасатты, отбасы – балаларына деген сүйіспеншілігі зор, жаны жомарт, кішіпейіл, ортасына сыйлы бола білген азамат екен. Әзілге бейім, кез келген жамандықтың өзінен жақсылық таба білетін, қиын сәттерге, тығырыққа тірелген шақтарына күліп қарайтын, қайғы-мұңға беріле қоймайтын, ашық-жарқын мінезді еді. Ұлтжанды, салт-дәстүрді жақсы білетін, музыка, өнерге жақын ол домбыра тартып, ән айтып, отырған жерін думанға бөлейді екен.

Ол біздің жүрегімізде ашық-жарқын келбетімен, домбырашы-әншілігімен, адамгершілікке толы жайдары қалпында сақталып қалды. Тек Отанын қорғаған, ерлік жасаған азамат қана емес, адамдарға жүрек жылуын, өмір қуанышын сыйлай білетін мейірімді әке ретінде жүрегімізде сақталып қалды. Әкеміз балаларына адам боп қалудың не екенін, адалдықтың ақ жібін аттамау керегін ұрпақтарының бойына сіңіре білді.

Әкеміз қайтыс болғаннан кейін анамызға қолғабыс жасау үшін ағаларым ерте жұмысқа араласты. Бауыржан Момышұлының есімін ырымдап қойған ең үлкен ағам Бауыржан Байшин 50 жыл бойы КамАз-да еңбек етіп, ерен еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атағын иеленді. Екінші ағам Жақсылық – геолог-барлаушы, жұбайы Барқыт – мектепке дейінгі мекемеде абыроймен қызмет еткен, көптеген марапаттауға ие болған абзал жан. Отбасымыздағы ер балалардың кішісі Жұмаштың есімі Кеңес Одағының Батыры, пулеметші Жұмаш Асанәлиевтің құрметіне қойылған. Ол көп жыл мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып еңбек етті.

Апаларым – Жамал мен Жәмиланың есімдері де Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен қарағандылық танкист қыздардың құрметіне қойылған. Осы туысқандарымның бәрі де берекелі отбасы болып отыр. Өкінішке қарай, Гуля есімді апам өмірден ертерек озып кетті. Алайда балалары ержетіп, әртүрлі салада жемісті еңбек етуде. Мен, Сарқыт Байшина, құрылыс фирмасында есепшімін, жұбайым Амангелді – инженер, балаларымыздың алды – кәсіпкер, кенже қызымыз Шынар мектепте оқиды.

Міне, әкеміз Бек Байшиннің өмірі ұрпағы арқылы осылайша жалғасын табуда. Әкеміздің атын өшірмейміз, оның берген өнегелі тәрбиесін ұрпақтан-ұрпаққа жеткіземіз деп ойлаймын. Бұл – біздің әке алдындағы перзенттік парызымыз, борышымыз. Әке аманаты – мәңгілік жадымызда.

 Сарқыт БАЙШИНА,

Астана қаласының тұрғыны

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button