Елорда тынысы

Ескерткіштер ерліктен сыр шертеді

Бұрын болған маңызды оқиғалар мен белгілі тұлғаларды есте қалдыру үшін қойылған тарихи және мәдени ескерткіштер саны елордада жүзге жуықтайды. Олар астана имиджін әлемге танытуда үлкен рөл атқарады. Соның ішінде ІІ дүниежүзілік соғыстағы жеңіс күніне орай осы майданның батырларына арнап тұрғызылған ескерткіштер – ерлік пен отансүйгіштіктің ерекше үлгілеріне қойылған белгі деуге болады.

лордада Ұлы Отан соғысының батыр­ларына арналған ескерткіштер көбіне оң жағалауда орналасқан. Солардың бірі – Астана қаласындағы монументалды кешен Жеңіс даңғылы бойынан 1995 жылы ашылған Ұлы Отан соғысы жауын­герлеріне ескерткіші. Қола, граниттен жасалған ескерткіште осы соғысқа қатысқан ақмолалық жауынгерлердің бейнесі сомдалған. Композиция авторлары – мүсінші Валерий Пирожков, сәулетші Василий Тоскин. Қоладан жасалған тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіш Қазақ ұлттық өнер университеті жанында орналасқан. Мүсіндердің артындағы гранит қабырғада жан-жағынан «Айбынды жауынгер жерлестеріміздің ерлігіне арналады. 1941 1945. Мужеству и доблести воинов-земляков посвящается», ал ортада «Майданға аттанған 9783 әскерилердің 7414-і Отан үшін жан қиды» деген жазулар жазылған. Ел ішінде «Екі жауынгер» деп аталатын ескерткішке 2015 жылы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында реставрациялық жұмыстар жүргізіліп, оның айналасы гүлзарға айналдырылды. Бөгенбай батыр және Жеңіс көшелерінің қиылысындағы гүлзардың ашылуы сол жылы салтанатты түрде атап өтілді.

«Отан қорғаушылар» мемориалы, «Отан-Ана» монументі 2001 жылы 9 мамырда Тәуелсіздік даңғылы мен Қ.Мұңайтпасов көшесінің қиылысындағы алаңда тұрғызылды. Мемориалдық кешеннің монументалды композициясы Қазақстанда тұратын барлық ұлттардың бірлігін білдіретін масақ бау түріндегі қола стела мен бірлікке, келісімге шақыратын Отан-Ана бейнесінен тұрады. «Отан қорғаушылар» мемориалы символикалық мазмұны кешегі мен бүгінгі, ертеңгі ұрпақтар жалғастығын білдіреді. «Отан қорғаушылар» мемориалының өзегі биіктігі – 37,5 метр, салмағы 63 тонналық алып монумент – ана бейнесі. Ақ кимешекті әйел-ана алтындатылған зерлі кесесіне ақ құйып, оны ұлттық дәстүрге толы көңілімен, келе жатқандарға қос қолдап ұсынуда. Сондай-ақ соғысқа аттанған жарын, алысқа кеткен ұл-қыздарын алаңдай күтіп тұрған ананың бейнесінен бүкіл қазақ әйеліне тән ұлттық болмыс-бітім аңғарылады. Бұл – қаһарлы соғыс жылдары майданда елінің бостандығы үшін мерт болған жауынгерлер мен арамызда өнеге көрсетіп жүрген соғыс ардагерлеріне деген ерекше кұрмет ескерткіші. Үш бөліктен тұратын кешеннің қандай ой-мақсатты білдіретіндігі түсіндірілген шығармашылық топ М.Әлиақпаров, мүсінші Ю. Баймұқашев пен архитектор, сәулетші, суретшілер Б.Тайталиев, Т.Баймырза, Е.Шахиев, Е.Ержанов, А.Бексұлтанов, Н.Конапольев, А.Курицындер мемориалдың сәулеттік-көркемдік композициясын ойдағыдай іске асырды.

Қазақтың батыр қызы, соғыс­та ерлікпен қаза тапқан Әлия Молдағұловаға арналған ескерткіш 2008 жылы Астананың 10 жылдығына орай Жеңіс және Ә.Молдағұлова көшелерінің қиылысына орнатылды. Ерлігі елге аңыз болған қайсар қыздың қоладан жасалған, биіктігі 3,8 метр ескерткіші аграрлық университет жанында тұр. Екі жағынан барельеф орнатылған (30,66х2,4 метр): сол жақ жартысында ұлы дала бейнесі, көшпенділер рухы бейнеленген, Құрманғазы мен Абылай хан көрсетілген, оң жағында 1916 жылғы отаршылдыққа қарсы көтерілістен бастап көптеген қайғы-қасірет әкелген Ұлы Отан соғысын, халқымызды жан-жаққа шашыратқан көріністер ашық бейнеленген. Бұл Ақтөбе облысының Астанаға жасаған тартуы болды. Авторы – мүсінші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, доцент Әбішев Бақытжан.

Кеңес Одағының Батыры, әйгілі қолбасшы  Бауыржан Момышұлының ескерткіші де Астана қаласында 2008 жылы ашылды. Өзінің атындағы даңғылда бой көтерген ескерткішті қаланың туған күніне орай Жамбыл облысы тарту етті. Мүсіншісі – Темірхан Қолжігіт, сәулетшісі – Бақытжан Сыздықов. Ескерткіштің жанында Бауыржан Момышұлы атындағы саябақ орналасқан. Қызыл граниттен жасалған биік тұғырға қондырылған баһадүрдің сұсты да сом тұлғасының биіктігі 4 метрден асады. Айналасын саялы бақ, гүлзарлар көмкерген батыр ескерткіші жанында жастардың Отанға деген патриоттық сезімін арттыруға бағытталған іс-шаралар көптеп ұйымдастырылады. Ұлы тұлға, айбынды жауынгер, философ-интернационалист жазушы, екінші шешуші дүниежүзілік соғыс батырының ескерткіші өскелең ұрпақ бойына күш пен жігер беретін бейнені көрсетіп тұр.

Астана қаласында Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Иван Васильевич Панфиловқа арналған ескерткіш 2015 жылы «Жерұйық» саябағында ашылды. Қола мен граниттен жасалған ескерткіштің биіктігі – 2,5 метр. Авторы – мүсінші Ренат Әбенов. Ескерткіш ортасында гүл шоқтарын қоюға арналған тақта бар. Шығыс бетінде Мәскеу­ді қорғауда ерлікпен қаза тапқан 28 жауынгер-панфиловшылардың естелік-тақтасы орнатылған. Сондай-ақ батырдың Алтын Жұлдыз медалі бекітілген 28 стела жасалған.  Бұл ескерткіш – тек Иван Панфиловқа ғана қойылған ескерткіш емес, ол фашизмге қарсы шайқасқа қатысқан қазақстандықтарға және сол шайқас алаңында қаза болғандар мен сұрапыл соғыстан қайтып келіп, еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқандарға деген мәңгілік құрмет белгісі. Себебі генерал-майор Иван Панфилов басшылық еткен 316-атқыштар дивизиясы 1941 жылы жазда Алматыда құрылған. Оның құрамы Қазақстан мен Қырғыз­станнан әскерге шақырылған азаматтардан жасақталған.

Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаев ескерткіші елордада 2016 жылдың қазан айында ашылды. Қола, граниттен жасалған, биіктігі 11 метрлік ескерткіш Р.Қошқарбаев және Б.Момышұлы даңғылдары қиылысында орналасқан. Жобаға сәйкес, мүсіндік композицияның биіктігі – 6 метр, ал гранит тұғырдың биіктігі – 4,5 метр. Қоладан құйылған туындының авторы – «Қазақ елі» монументін жасауға қатысқан белгілі мүсінші Асқар Нартов. Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында аты аңызға айналған нағыз жауынгерге арнап ескерткіштің ашылуы оның есімін өскелең ұрпақтың жадында ерліктің символы ретінде сақтау үшін орнатылды.

Әйгілі жауынгер қазақ қызы,  Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметоваға арналған ескерткіш 2018 жылы Жеңіс даңғылы бойындағы «Ақжайық» саябағында ашылды. Батыр қы­дың ескерткіші – 3,6 метрлік, тұғырымен қосқанда биіктігі 6 метрден асады. Қола мен граниттен жасалған ескерткішті 2018 жылы Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай Батыс Қазақстан облысы тарту етті. Авторы – мүсінші Мұрат Мансұров. Мүсіндерді есептемегенде, бұл – осымен Мәншүктің бесінші ескерткіші. Айналасында халық келіп, демалатын арнайы сквер бар. Ол алаңқайға орындықтар орнатып, абаттандырылған. Мәншүктің бұдан бұрын орнатылған ескерткіштерінде Максим пулеметі қоса бейнеленсе, бұл жолы ол элемент жоқ. Яғни, батыр қыз желбегей жамылған шинелін қос қолымен қымтап, оң аяғын сәл алға басып ойланып тұр.

Кеңес Одағының екі мәрте батыры, әйгілі ұшқыш Талғат Бигелдинов ескерткіші 2021 жылы Сарыарқа даңғылы бойында батырдың өз атындағы көшемен қиылысқан жеріне қойылды. Қола, граниттен жасалған ескерткіштің мүсіншісі – Нұрлан Далбай, сәулетшісі – Расул Сатыбалдиев. Соғыста ерен ерлік пен батылдықтың, кәсіби шеберлік пен Отанға адалдықтың үлгісін көрсеткен Т.Бигелдинов ИЛ-2 шабуылдаушы ұшағымен 305 рет ұшып, сол 500 сағаттық ұшу кезінде жауапты тапсырмаларды бұлжытпай орындады. Елордада әйгілі ұшқышқа ескерткіштің ашылуы алапат майданда ерлікпен шайқасып, тылда жеңісті жақындатқан ардагерлерге құрмет көрсетіп, олардың ерлік жолын мәңгі есте сақтайтын ұрпақ сабақтастығын көрсетеді.

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button