Елорда тынысы

Патриоттар мектебі

Жастарға Отан алдындағы парыздың парқын жете түсіндіріп, елжандылыққа тәрбиелеуде «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы айрықша аталады. Бүгінде еліміздің әр аймағында елі мен жеріне адал қызмет етер 300 мыңға тарта патриот ұлан өсіп келеді. Ал Астана­дағы қозғалыс 10 мыңға жуық жігерлі жасты біріктірді.

Өтпелі шақта көп оқушы не істерін, қайда барарын білмей жүргенде, «Жас сарбаз» ұйымы оларға дұрыс бағыт-бағдар берер жол нұсқаушыға айналған. 2018 жылы құрылған әскери-патриоттық қозғалыс­тың тиімділігі айқын, нәтижесі жоқ емес. Негізгі идея – мектеп қабырғасында жүріп-ақ жасөспірімдердің бойында отаншылдық сезімді қалыптас­тырып, патриоттық рухта тәрбие беру.

Бас қаланың мектептері мен колледждерінде «Жас сарбаз» сыныптары мен клубтары құрылып, қарқынды түрде жұмыс істейді. Қала бойынша тәрбиеленушілерге арнайы куәлік табысталады. Оның артықшылығы да бар. Куәлік мектеп бітірген соң әскери оқу орнына түсуге жеңілдік береді. Әскери оқу орнына түсемін деген баланың оқу орнына хат жіберіліп, оның «Жас сарбаз» болғаны расталады. Қатарға қосылу үшін негізгі талап – білімді болу. Сондай-ақ оқушылар физикалық дайындықтан сүрінбей өтіп, психологиялық тұрғыдан да шыңдалған болуы шарт. Яғни қозғалысқа іріктеу арқылы үздіктер қабылданады.

«Жас сарбаз» қозғалысының бағдарламасы алуан түрлі. Әскери-патриоттық қозғалыс­та жастар үшін басымдықтың бірі заманауи технологияларға негізделіп, робототехниканың қыр-сырын үйрететін «Smart sarbaz» сыныбына беріледі. Үйірме болашақ әскери инженерлерді, IT-мамандарды, робототехниктерді өсіреді. Мұнда жастар, патриоттық іс-шаралардан бөлек, жаңа инновацияларды игеріп, өздерінің техникалық идеяларын іске асырады. Оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытуда интеллектуалды сайыстар өтіп тұрады.

«Әскери-патриоттық қозғалыстың тәрбиеленушілері жылда мектеп бағдарламасымен қатар «Жас сарбаз» әскери-­патриоттық әдістемелік оқу кітапшасымен білім алады. Қазірде бұл оқулықты одан әрі жетілдіріп, әр өңір жастарына қолжетімді болу үшін жұмыс атқарудамыз. Қозғалыстың белсенділігін арттыру мақсатында әлеуметтік желілердегі парақшаларды жан-жақты дамытып, осы арқылы көрші мемлекеттер қызығушылық таныту үстінде.

Республиканың әр аймағында ерлік сабақтары мен әскери-­патриоттық дала жиындары өтсе, елордада бұл іс-­шаралар жақында десанттық шабуыл бригадасында ұйым­дастырылады, кейін үздік жасөспірімдер республикалық «Айбын» жиынына жолдама алады. Биыл «Айбын» жыл са­йынғы рес­публикалық әскери-­патриоттық жастар жиыны Алматы қаласында өтеді. Аталмыш жиында 8 мемлекеттің жастары бақ сынайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысып, «Жас сарбаз» қозғалысына қолдау білдірмек. Осылайша өскелең жас ұрпаққа саналы тәрбие беріп, елдің ­патриоты болу жолында жұмыстар қарқынды түрде жүзеге асады. Әскер туралы қазірде әлеуметтік желіде таралған кейбір ақпарат жастардың санасына кері әсер ететіні рас. Десе де кейінгі жас буынның әскерге деген көзқарасы басқа. «Жас сарбаз» тәрбиеленушілері бұл салаға өз қалауымен барып жүр. Бауыржан Момышұлы айт­қандай: «Ешкім іштен батыр болып тумайды, батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланыс­ты қалыптасады». «Жас сарбаз» қатарында тәрбиеленіп жатқан оқушылардан әлі талай жігерлі жас шығатынына сенім мол» деді өз сөзінде «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-пат­риоттық қозғалысы рес­публикалық қоғамдық бірлестігі Астана қалалық фи­лиалының төрағасы Асхат Налшыбек.

Әскери-патриоттық қозғалыс қатарындағы қыз балалар саны ұлдардан еш кем емес. Солардың бірі – елордадағы №8 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы және «Жас сарбаздың» тәрбиеленушісі Аяулым Өмірзақова. Оның айтуынша, бұл ұйым – жастардың бос уақытын тиімді үйлестіретін әрі әскери өмірге дайындайтын үлкен мектеп.

«Жас сарбаз» қозғалысы әрбір жасөспірімнің патриоттық сезімін арттыруға, балалардың дарынын шыңдауға бағытталады. Бұл ұйымға 9-сыныпта қабылдандым. Осы уақытта біз алғашқы әскери дайындық пәнін меңгеріп, саптық да­йындық, автоматты уақытқа шашып-жинауды үйрендік. Әскери іс-шаралардан қапы қалмай, «Жас сарбаз» деген атымызға лайық болуды мақсат етеміз. Жан-жақты, әр салаға икемді болуда және жаңа орта табуда осы ұйымның қосқан үлесі көп» дейді тәрбиеленуші

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button