Денсаулық

Сарбаздарды сүзгіден өткізеді

Отан алдындағы борышын өтеуге әскер қатарына алыну үшін де мықты денсаулық керек. Көзі дұрыс көрмесе, құлағы жөнді естімесе, майтабан аяқ болса да жарамсыз деп танылып, сап түзеп, сарбаз болу мүмкіндігінен айырылады. Сондай өрімдей жастарды жыл сайын әскерге шақыру кезінде медицина тексеруінен өткізетін маманның бірі – №3 емхананың лор дәрігері Оразалы Рахимов.

Аталған емханаға қарасты Есіл аудандық әскерге шақыру медицина комиссиясының төрағасы Оразалы Сапкенұлы зейнет жасынан асып кетсе де, спорттың арқасында сақтаған мықты денсаулығының күшімен, білігі мен мол тәжірибесі бағаланып, әлі де қызметін жалғастыруда. 40 жылға жуық тәжірибесі бар дәрігер 1996 жылдан бері осы әскерге шақыру комиссиясында еңбек етеді.

– Қазір әскерге шақырылатын жастардың арасында көз аурулары көп кездеседі. Әрине, бұл неден екені бәрімізге белгілі. Бала кезден шұқшиып ұялы телефон қарап, көзін қалдырған. Миопия бар көбінде, яғни алыстан көруі нашар. Хирургия жағынан майтабандар көп кездеседі, омыртқаның қисаюы, қан тамырлары аурулары, семіріп кету, эндокринология аурулары да баршылық. Дұрыс тамақтанбай, көшеден кола ішіп, фастфуд жей бергеннен де осындай аурулар пайда болады. Соның бәрін тексеріп, сау балаларды әскерге аттандырамыз. Әскери комиссариаттың тексеру үшін керекті жабдықтары түгел. Олармен қоян-қолтық жұмыс істейміз. Шақырушыларды қабылдау уақыты жұмыс күндері таңертеңгі сағат 9:00-ден түскі 13:00-ге дейін созылады. Күніне 25-30 адам қараймыз. Комиссия құрамы 14 адамнан тұрады. Шақырушылар қан мен несеп талдауы, флюорограмма, ЭКГ, іш құрылыс ағзалары бойынша УЗИ-ден өтеді. Антропометрия кабинетінен бастап 9 дәрігердің тексеруінен өтіп, соңында маған келеді. Мен барлық құжатын, әр дәрігердің сараптамасын тексергеннен кейін қорытындысын, яғни жарамды немесе жарамсыз екенін жазып, қол қоямын, – дейді дәрігер.

Дәрігердің айтуынша, әскерге шақырылатын болашақ сарбаздардың бойы 155 см-ден төмен болмауы керек, ал салмағы бойымен сәйкес келуі қажет, яғни дене салмағының индексі арқылы анықталады, бұл индекс 18,5-ке тең. Әскери комиссия тексеруінен медицина университетін бітіріп, әскери билет алайын деп жүрген жастар да өтеді. Лор дәрігер бұрынғыдай емес, соңғы 10 жылда гайморит, отит, құлақ пердесінің тесілуі сияқты аурулар азайғанын айтады. Бұған медицинаның дамып, инновациялық аппараттардың, түрлі сапалы дәрі-дәрмектің шығуы себеп болған. Қазір мұндай аурулар ерте емделіп, созылмалы түріне ауыспайды.

Қорғалжын өңірінде туып, бала кезінен спортты серік еткен дәрігер соның арқасында алпыстың алтауынан асса да, өзін сергек сезінеді. Күнде табиғат аясында жүгіріп, елордадағы «Батыр Астана» командасының құрамында шынығады. Жақында ол осы команда атынан Қарағандыда штанга көтеруден өткен жарысқа қатысып, өз жас шамасы бойынша чемпион атанды. Екі ұл, екі қыздың әкесі, алты немересінің атасы балаларын да спортқа баулыған, жұбайы да дәрігер. Медицинаны таңдаған әулет «спорт пен салауатты өмір салтын серік еткендердің жеңісі көп болады» дейді.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button