Мәдениет

Ақан Сері: аңыздан ақиқат қымбат

Қазақ әнінің бір биігі – Ақан сері Қорамсаұлы туралы аңыз-әңгіме көп. Халық композиторының өмірі мен өнері көркем және музыкалық шығармаларға арқау болып, театр мен киноға көшірілді. Атап айтқанда, жыр жүйрігі Ілияс Жансүгіров «Құлагер» поэмасын, Ғабит Мүсірепов «Ақан сері-Ақтоқты» драмасын, Тәкен Әлімқұлов «Көк қаршыға» әңгімесін, Сәкен Жүнісов «Ақан сері» романын, Роза Мұқанова «Үркек керім» әңгімесін жазды. Сыдық Мұхамеджановтың «Ақан сері-Ақтоқты» операсы (либретто авторы – Ғабит Мүсірепов) қойылды. Кинорежиссер Болат Мансұров «Құлагер» көркем фильмін (сценарий авторлары – Болат Мансұров пен Асқар Сүлейменов) түсірді.

Жас режиссер Фархад Молдағалидың Ілияс Жансүгіровтің поэмасы желісімен қойылған «Құлагер» спектаклі мен Бекболат Құрманғожаев сахналаған Жұма-Назар Сомжүректің «Серінің сергелдеңі» лирикалық драмасы – кейінгі жылдардың жемісі. Бұл қатарға күні кеше ғана Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында премьерасы өткен «Ақан сері туралы аңыз» толғамы қосылды.

16 жас және одан жоғары көрермендерге арналған аталмыш қойылым бірнеше автор туындыларының қоспасынан дүниеге келді. Біреу білер, біреу білмес, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов те Ақан тұлғасына қызығушылық танытқан. «Қазақ халқының эпосы мен ­фольклоры» атты зерттеу еңбегінде Ақан серінің ақындық өнерін жоғары бағала­ған жазушының қаламынан «Ақан-Зайра» атты пьеса да туды. Кейбір деректерде бұл туындыны Мұхтар Әуезов Сәбит Мұқановпен бірігіп жазғаны айтылады. Осы аттас опера да жазыла бастаған екен. Алайда әлдебір себеппен музыкасы аяқталмай қалған.

«Ақан сері туралы аңыз» қойылымына Мұхтар Әуезов­тің аталған шығармасы, Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері» романы желілері, ел аузындағы аңыз-әңгімелер пайдаланылды. Толғамның инсценировкасын мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Мирас Әбіл жасады. Қоюшы режиссері – Қырғыз Республикасының Ш.Айтматов атындағы жастар сыйлығының иегері Ұланмырза Қарыпбаев.

Туындыны тамашалау барысында спектакльді қоюшы шығармашылық топ қиялға мейлінше ерік бергені байқалды. Бірақ артық қыламын деп тыртық қылып алған тұсы көп. Тіпті Ақан серінің кейбір әндерінің сөздерін өзгертіп, танымастай жағдайға жеткізген. Мәселен, кезінде «Балқадиша» әніндегі «Күйеуің сексен бесте, шал Қадиша» деген сөздер біраз сыналды. Сол кезде «Түпнұсқада мұндай сөздер жоқ, бұл – кеңес идеологиясы ықпалымен қосылған тармақ» деген уәж айтылды. Жаңа спектакльде «Балқадишаның» сөздері бұдан да сорақы, «Тастанның тау қопарар болса-дағы, белінде қау­қары жоқ, шал Қадиша» болып берілген. Жалпы қойылымда осы Балқадиша бейнесіне қатысты ақиқаттан алшақтық көп орын алған.

Белгілі өнертанушы Илья Жақановтың еңбектерінде Ақан сері Балқадишамен алпыс жасқа таянған шағында кездескені, Балқадиша сүйгені Сүлейменге қосылып, олардан ұрпақ өрбігені, Балқадиша сексен жасқа жақындаған шағында өмірден өткені жазылады. Ал спектакльде мүлдем керісінше, Ақан жас, әлі бойдақ кезінде Балқадишаны жолықтырады. Балқадишаның Тастан есімді жұбайы бар екен. Тастан дегенде көрнекті жазушы-драматург Дулат Исабековтің сахнаға көшірілген «Гауһартас» шығармасы еске түседі. Қос Тастан арасында ұқсастықты байқадық. Екеуінің де жарына мейірімі, жылуы жоқ еді. Сондықтан «Ақан сері туралы аңыз­дағы» Тастан бейнесі «Гауһартастағы» Тастаннан көшірілген деп пайымдадық. Спектакльде Балқадиша Ақанды ұмыта алмай, күйеуі Тастанның қолынан қаза табады. Соңғы сөзі де Ақан болады. Осындай көрініс қазір өзекті болып отырған отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбын көрсету үшін қосылғандай. Алайда Балқадиша бейнесіне келгенде ақиқат басқа ғой, оны жоғарыда жаздық. Бұл жерде Балқадиша қазіргі саясаттың «құрбаны» болып кеткен секілді. Сүлеймен мен Балқадишадан қалған ұрпақ спектакльді көрсе, дау ­туатыны сөзсіз. Қойылымды қоюшыларға Балқадиша бейнесін қайта қарап, ақиқатқа жақындау керек деп есептейміз.

Толғамда, Ақан мен Балқадиша махаббатынан бөлек, Ақан мен Ақтоқты арасындағы сезім көрсетілген. Спектакльде Ақан серінің аңға шығатын көрінісі бар. Сол кезде бірнеше киікті атып тастайды. Ал Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері» романында Ақанның бірішек қасқыр мен молақ қаншықты жайрататыны жайлы жазылған. Қазақта «киіктің киесі бар» деген түсінік қалыптасқан. Сондай-ақ «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар» дейді ұлтымыз. Ақан киік пен қасқырдың киесіне ұшырағанынан өміріндегі сәтсіздіктерге, қайғы, мұң-шерге тап болды дегенге келтіреді қойылымды қоюшылар.

Ақан әндерімен қатар, спектакльде Біржан салдың «Теміртас», Үкілі Ыбырайдың «Қызыл асық» әндері берілген. Мұны бір өңірден шыққан ән алыптары арасындағы сабақтастықты, жақындықты көрсету үшін жасалған қадам деп түсіндік. Жалпы қойылымда ән мен би көп. Арасында бірішек қасқыр мен молақ қаншықтың биінен балет элементтерін де байқадық. Ұзақтығы 2,5 сағатқа созылатын қойылым кейіпкерлерін сомдайтын әртістер жайлы да айта кетейік. Бірінші құрамда Ақан сері бейнесін Ілес Көпбосынов, Ақтоқтыны Нұрайым Тезекбаева, Балқадишаны Еңлік Айымғазы, Қорамсаны Айбол Шәкіржанов, Ақанның анасы Жаңылды Ажар Шәкіржанова сомдайды. Қойылымға жалпы біраз актер тартылған. Бірақ бір қайнауы ішіндегі спектакльді әлі де ширату керек. Тарихи жаңсақтықты жөндеген жөн. Себебі аңыздан ақиқат қымбат.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button