Басты ақпаратҚұқық

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету қай деңгейде?

Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Марат Төлебаев халыққа есеп беру кездесуін өткізді. Жиынға Астана қаласы мәслихатының депутаттары мен қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшелері, қала аудандарының басшылары, дін өкілдері қатысты.

Ведомство басшысы елорда департаментінің өткен жылдағы жұмысының қорытындыларына тоқталып, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысты туындаған мәселелер мен ұсыныстарды тыңдады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қылмыстар санының аздап өскені байқалып отырғанын, бірақ қабылданған шаралардың арқасында ұрлау, тонау, көлікті айдап әкету, бұзақылық фактілерінің азайғанын, көшелерде, отбасылық-тұрмыстық салада қылмыстар саны төмендегенін, кісі өлтіру, зорлау, тонау, көлікті айдап әкету, вандализм, қалта ұрлығы сынды қылмыстардың бәрі ашылғанын атап өтті.

Оның айтуынша, көшелерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейтудің арқасында қылмыстар азайған. Оған бейнебақылау жүйелерін жетілдіру шаралары да оң ықпал еткен. Бейнебақылау камераларының көмегімен 3 мыңнан астам қылмыс ашылып, 28 мыңға жуық бұзушылық анықталған.

Департамент бастығы бас­ты бағыттардың бірі есірткі бизнесімен барынша күрес екенін атап өтті. Соңғы екі жылда елордада жасырын түрде синтетикалық есірткіні дайындаумен айналысатын 7 есірткі зертханасының қызметі тоқтатылды, 200-ге жуық жарнама жасау алаңдары жойылды. Заңсыз айналымнан 350 келі болатын түрлі есірткі заттары, соның ішінде 50-ден астам синтетикалық есірткі тәркіленді.

Марат Төлебаев интернет- алаяқтық мәселесі өте өзекті проблема болып отырғанын, алданып қалудың негізгі себептерінің бірі тұрғындардың цифрлық сауаттылығының төмендігі екенін атап өтті. Оның сөзінше, қабылданған шаралардың арқасында өткен жылы 233 адам және 4 топ ұсталып, құқыққа қайшы әрекет жасаған 210 интернет-ресурс бұғаттау­ға жолданған, ал оның 85-і бұғатталған.

Марат Төлебаев оқу мекемелеріндегі балалар қауіпсіздігі мәселесіне ерекше көңіл бөлінетінін, мемлекеттік мекемелердің, балабақшалардың және колледждердің бейнекамералары мен дабыл батырмалары 100% жедел басқару орталығына қосылғанын атап өтті. Өткен жылдың шілде айынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктің күшейтілгенін жеткізді.

Қазір тұрмыстық құқық­бұзушылықтарды тіркеу формасы сәл өзгеріп, нақты түскен арыздарды ғана емес, жасалған қылмыстарды анықтауға ден қойылды. Мәселен, бүгінде жанжал шығарушыны жәбірленушінің арызынсыз жауапкершілікке тартуға болады, тараптардың қайта татуласуын болдырмайтын тетік те қосылды. Астаналық полицейлер ұсақ құқық бұзушылықтардың алдын алу және «мүлдем төзбеу» атмосферасын қалыптастыру бойынша жұмыстарды да назардан тыс қалдырмайды.

Астаналық полицейлер бір жыл ішінде бір миллионнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты, тыныштықты бұзудың 18 мыңнан астам фактісін анықтаған.

Ведомствоның басшысы жол жүру жағдайына жеке тоқталып өтті. Осы жылдың ақпан айынан бері қала жолдарында «Erkin Patrol» мобильді аппараттық-программалық кешенімен жабдықталған экипаж патруль жасайды. Бұл кешен автокөліктің жылдамдық режимін бұзу фактілерін тіркеп, 360 градусты панорамалық бақылау арқылы іздеуде жүрген көлік құралын анықтайды. Бүгінгі күні оның көмегімен жол қозғалысы ережелері бұзылғанының 3501 фактісі анықталған. Осы жылдың басынан бері жүргізушілер полицияны және сақтандыру компаниясын шақырмастан жол-көлік оқиғасын «Еурохаттама» бойынша онлайн тіркей алады. Алайда қабылданып жатқан шараларға қарамастан жол-көлік оқиғалары 19,8%-ға, жарақат алғандар 20,9%-ға, қайтыс болғандар 25%-ға өскен.

Департамент бастығы сөзін аяқтай келе, азаматтар қойған барлық сұрақтарға жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады. Әлеуметтік желілердегі ресми парақшаға келіп түскен сауалдарға да жауап берді. Шеткі аймақ тұрғындары жол қауіпсіздігі, бейнебақылау камералары мен қосымша бағдаршамдарды орнату, тыныштықты бұзу, учаскелік полиция инспекторларының жетіспеушілігі мәселесіне қатысты сұрақтар қойды. Учаскелік полиция инс­пекторларының жұмысына қатысты алғыстарын айтқан тұрғындар да аз болмады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button