Басты ақпаратЕл тынысы

Бірлік пен ынтымақ – ескірмейтін құндылықтар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясын өткізді. Жиынға Парламент Сенатына ҚХА қатарынан сайланған депутаттар, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, Ассамблеяның еріктілері, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы Ұйымның өңірлердегі делегаттары қатысты.

Халық Сіздермен бірге!

Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, еліміздің бірнеше аймағындағы табиғат апаты салдарын еңсеру үшін жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыс­тарға тоқталып, су тасқыны басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы да ортақ істен шет қалмай, белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Мұның бәрі өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі екенін айтты.

«Ассамблея сессиясы жыл сайын Бірлік күні қарсаңында өтеді. Ал биылғы басқосу мемлекетіміз үшін күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Шын мәнінде, бұл сессияны дәл осы кезде өткізудің мәні зор. Бірлік пен ынтымақ – ешқашан ескірмейтін құндылықтар. Бұған осы күндерде көзіміз жетті деуге болады. Халқымыз өте ауыр сынаққа тап болды. Қазақстан аумағының жартысын тасқын су басып қалды. Еліміздің мызғымас бірлігі осы қиын күндерде айқын көрінді. Құтқарушылар, волонтерлер, мемлекеттік қызметшілер, сарбаздар, тәртіп сақшылары, қоғам белсенділері, бизнес өкілдері және жастар – бәрі бірге жүр. Ортақ істен ешкім шет қалған жоқ. Бүкіл аймақта қоғамның барлық өкілдері бір кісідей жұмылды. Отандастарымыз зардап шеккен жандарға жаппай қол ұшын созды. Бір-біріне шынайы жан­ашыр болды. Мен қарғын сумен күресуге зор үлес қосқан нағыз отаншыл азаматтарға шексіз ризамын» деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтар сын сағатта жұрт болып жұмылғанымызды тілге тиек етті. Үкімет, мемлекеттік органдар, құзырлы мекемелер және еріктілер бірлесе жұмыс істеді. Соның арқасында 119 мыңнан астам адам дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 45 мыңға жуығы – балалар. Ең бастысы, біз адам өмірін барынша сақтап қалдық. «Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар апат салдарын жоюға бар күшін жұмсап жатыр. Жағдайдың одан әрі ушығып кетпеуі – басты назарда. Құтқарушылар күндіз-түні жұмыс істеп жүр. Қоғам белсенділері және волонтерлер гуманитарлық көмек жинауды қолға алды. Халқымыздың ынтымағы мен жоғары азаматтық жауапкершілігі осы кезде айқын көрінді. Бірқатар аймақтар инфрақұрылымды және бүлінген үйлерді қалпына келтіруге кірісіп кетті. Бұл шаруаға ірі бизнес өкілдері қосылды. Еліміздегі компания­лар, жеке кәсіпкерлер түрлі көмек қорларына қомақты қаржы аударды. Қаражат күн сайын түсіп жатыр, көмек қоры ұлғаяды деп сенемін. Кәсіпкерлерге зор алғыс айтамын. Болашақта да халқымыздың игілігі үшін бірге жұмыс істейміз деп сенемін» деді Мемлекет басшысы. Ешкім елеусіз қалмайтынын қадап айтқан Президент: «Зардап шеккен азаматтарға тағы да айтамын: бүкіл халық – сіздермен бірге. Көп ұзамай баршаңыз қалыпты өмірге қайта ораласыздар. Ол үшін мемлекет бәрін жасайды» деді.

Стратегиялық міндеттерден айнымаймыз

Президент түрлі сын-қатерге қарамастан, еліміз стратегиялық мақсат-міндеттерінен айнымайтынына назар аударды. Оның айтуынша, аз уақыт ішінде жүргізілген саяси реформалар нәтижесінде биліктің барлық тармағы адамның заңды мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға және оны ілгерілетуге негізделген жаңа жүйе бойынша жұмыс істей бастады. Ендігі міндет – әділдік, инклюзивтілік, прагматизм қағидаларына негізделген және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін жаңа экономика үлгісіне көшу.

Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяның бүгінгі сессиясы «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» деп аталғанын, барша халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты білдіретінін, бірлік пен ынтымақ басты құндылығымыз және мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қала беретінін айтты. Президент осы мақсатқа жету үшін орындалуға тиіс бірнеше өзекті міндетке арнайы тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет деп санайды.

«Біз Құрылтайдың Атыраудағы отырысында негізгі идеологиялық тұжырымдарды жинақтап, жүйелеп алдық. Жалпыға ортақ құндылықтарды айқындадық. Бұл – ең алдымен, Тәуелсіздік және Отаншылдық. Одан кейін – Бірлік және Ынтымақ. Келесі – Әділдік пен Жауапкершілік. Сондай-ақ – Заң және Тәртіп. Бұдан соң – Еңбекқорлық пен Кәсібилік. Және – Жасампаздық пен Жаңашылдық. Бұл – біздің саясат пен экономикадан бастап, білім мен мәдениет­ке дейінгі барлық саладағы бағыт-бағдарымыз. Мұның бәрі халқымыздың азаматтық бірегейлігін нығайтады. Сондай-ақ еліміздің болашақ келбетін қалыптастырады. Ассамблея жұмысына арқау болып отырған қағидалар осы құндылықтармен толық үндеседі» деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Ұлттық құрылтайдан соң оның қорытындысы туралы қоғамдық талқылауды жіті бақылап отырғанын айтты. «Сарапшылардың және ел ісіне бей-жай қарамайтын азаматтардың пікірін, ұсыныстары мен тілектерін оқыдым. Меніңше, ой-пікірдің көпшілігі Атыраудағы Құрылтай, шын мәнінде, ұлтымыздың дамуына қатысты жаңа философия мен идеологияның бастауына айналды деген пайымға келіп тоғысады. Дегенмен Құрылтайда айтылған жалпыұлттық доктрина, яғни тұғырнама жетекші қоғамдық институттардың барлығы қолдаса ғана толық жұмыс істей алатынын ұғынған жөн. Сіздердің, қоғамның қолдауы болмаса, бұл доктрина қағаз жүзінде қалады. Мұны міндетті түрде жүзеге асыруымыз керек. Ондағы негізгі қағидаттарды орнықтыру ісінде Ассамблея басты рөл атқаруға тиіс» деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Президент балаларды іргелі құндылықтарға сүйене отырып тәрбиелеуге баса мән беру керектігін мәлім етті. «Өскелең ұрпақтың дүниетанымы тарихқа қатысты өкпе-реніштен, догматизмнен және мәдени стереотиптерден ада болуға тиіс. Жастарымыз әрдайым алға ұмтылуы қажет. Олардың дүниетанымы өткенді, бүгінді және болашақты біртұтас ұлтымыздың еш бөлінбейтін ортақ мұрасы ретінде эмоциясыз, саяси астарсыз шынайы қабылдауға негізделуі өте маңызды. Біз, Қазақстан халқы, өзгелердің теріс ықпалына түспейтін өз идео­логиямызға сүйенуіміз керек. Біздің идеологиямыздың тірегі – мемлекетіміздің Тәуелсіздігі. Ең бастысы – дұрыс сөйлеп, жақсы ниет білдіру ғана емес, нақты жұмыс істеп, игілікті іске күн сайын күш жұмсау. Бізге бос сөз емес, нақты іс керек. Оқыту-тәрбиелеу үдерісінде «Біз әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз», «Қазақстанның халқы біртұтас» деген қағидаттар көрініс табуға тиіс. Бұл – мыз­ғымас әрі берік қағидаттар. Мемлекеттік саясаттың басты өзегі және жалпыұлттық бірегейлікті нығайтатын негізгі фактор – бірлік» деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ортақ Отанымыздың тағдырына жанашырлығымыз біздің азаматтық сана-сезіміміздің өзегі болып қала беретінін айтты. «Ал ұлттық толеранттық, өткен заманның дәстүрлеріне және түрлі мәдениетке деген құрмет, мемлекеттік тілді және басқа да тілдерді білу – Қазақстан азаматтарына тән қасиеттер. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының аспан түстес төлқұжаты еліміздің жалпыұлттық бірегейлігінің ең қарапайым әрі түсінікті белгісі екенін үнемі айтып жүрмін. Көк паспорты бар әрбір адам ұлтына, көзқарасы мен наным-сеніміне қарамастан, Қазақстан азаматының барлық құқығын иеленеді. Қазақстан Республикасының кез келген азаматы әлемнің қай түкпірінде жүрсе де біздің мемлекетіміздің қорғауында болады. Біз ешқашан өз азаматтарымызды тағдыр тәлкегінде қалдырмаймыз. Естеріңізде болса, жер жүзін коронавирус індеті жайлап, көптеген ел шекарасын тарс жапқанда Қазақстан дереу өз азаматтарын жер шарының әр қиырынан елге әкелуді ұйымдастырды. Сондай-ақ біз 2021 жылы Ауғанстандағы, 2023 жылы Газа секторындағы ахуал, тіпті Украинадағы жағдай күрт шиеленіскенде азаматтарымыз­ды ол жақтан шұғыл шығарып алдық. Әр жолы, қандай да бір елде азаматтарымызға қауіп төнсе, біз олардың Отанына тезірек оралуы үшін жедел шаралар қабылдаймыз. Біздің көк паспортымызға еліміздің тұғыры саналатын басты құндылықтардың бәрі сыйып тұр. Оны бүкіл әлем заманауи озық мемлекеттің құжаты ретінде таниды. Қазақстан азаматтары ондаған мемлекетке визасыз бара алады және біздің табанды жұмысымыздың арқасында мұндай елдердің қатары көбейіп келеді. Қазір Қазақстан Әлем төлқұжаттары индексінде 66-орында тұр. Бұл жаман көрсеткіш емес. Бірақ бұл индексті жақсарту жұмыстарын жалғас­тыра береміз. Бұдан бөлек, соңғы жылдары Қазақстан азаматтығынан бас тартқан адамдардың саны айтарлықтай азайды. Керісінше, Қазақстан азаматтығын алғысы келеді. Осының бәрі еліміздің тұрақты дамып келе жатқанын, біздің елге қызығушылықтың арта түскенін және мемлекетіміздің халықаралық беделі жоғары екенін көрсетеді» деді Мемлекет басшысы.

Ұлттық құрылтайда қазір елге қауіп төндіріп тұрған бес кеселге тоқталғанын тілге тиек еткен Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіз қоғамда өмір сүру үшін олардан біржола арылуымыз керектігін айтты. «Ассамблея нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу ісінде маңызды рөл атқарады. Қауіпсіз өмір сүру үшін осындай қатерлі құбылыстардан біржола арылуымыз керек. Бұл, әсіресе, ұрпақтың болашағы үшін айрықша маңызды. Біз балалар мен жастарды барынша қорғап, дұрыс тәрбиелеуіміз қажет. Қоғамдық кеселдерді түбірімен жоямыз десек, ортақ іске бүкіл ел болып жұмылған жөн. Ұлтына, дініне, әлеуметтік жағдайына қарамастан, оған барлығы атсалысуы керек. «Ұлы істер шағын әрекеттерден басталады». Сол сияқты кішігірім қадамдар ауқымды өзгерістерге жол ашады. Әр адамның ой-санасы және мінез-құлқы жақсарса, тұтас қоғам жақсарады. Мақсат-мұраты биік болса, елдің рухы да биік болады. «Адал азамат» болу аса маңызды. Бір сөзбен айтсақ, келеңсіз үрдістерден жай ғана жирену жеткіліксіз. Оны жоюға да белсене атсалысу керек» деді Президент.

Қазақ тілі этносаралық тілге айналады

Сонымен қатар Президент бүгінде жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына тоқталды. Мемлекет басшысы қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды екенін айтты.

«Радикалды идеологияны дәріптеу және ксенофобия отын тұтату үшін халықаралық тұрақсыздықты пайдаланып қалғысы келетіндердің әрекеті анық көрінуде. Кейбір мемлекеттердің геостратегиялық амбициясынан этнодіни астар іздеуге тырысатындардың, тіпті, оны өркениетаралық қақтығыс ретінде көрсеткісі келетіндердің үні қатты шыға бастады. Соның салдарынан қазір әлемнің әр түкпірінде түрлі экстремистік күштердің белсенділігі артып келе жатқаны байқалып отыр. Лаңкестік қауіп-қатерлер тағы да алғы шепке шықты. Таяуда Мәскеу іргесінде жұртты қанға бөктірген лаңкестік оқиға жүрегімізге өте ауыр тиді. Барша адамзат өзара диалог орнатып, күш біріктіру арқылы ғана халық­аралық қатынас саласындағы күйреу мен ыдырау үрдісіне төтеп береді, берекесіздік пен сенімсіздікті еңсере алады» деді Президент.

Тіл – көптеген мемлекет үшін өзекті мәселенің бірі дей келе Мемлекет басшысы осы аса шетін мәселеге келгенде сыртқы-ішкі факторларды ескере отырып, стратегиялық ұстамдылық және толеранттық танытуымыз қажеттігіне тоқталды. «Бірақ бұл біздің мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға баса назар аударатынымызды жоққа шығармайды. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің дамуына айрықша назар аударуға ықпал етеді. Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін. Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз. Бүгін біз өз бетінше қазақ тілін жетік меңгеріп, оны қоғамда кеңінен насихаттап жүрген азаматтарды марапаттаймыз. Бұл өте пайдалы әрі саяси тұрғыдан маңызды жұмыс деп ойлаймын. Мемлекет олардың түрлі жетістіктеріне, соның ішінде саяси сипаттағы табыстарына да назар аударады және оларды барынша қолдайды. Қазақстан – қазақ тілі мемлекеттік тіл саналатын көп тілді ел, болашақта да солай бола береді. Бұл – біз үшін орасан зор басымдық» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қоғамда алауыз­дық тудыратын кез келген әрекетке қатаң тосқауыл қою қажеттігін алға тартты. «Азаматтарымыздың бізге қатысы жоқ ақпарат майданына араласып, өшпенділікті насихаттауы еліміздегі тұрақтылыққа және қоғамдық келісімге зор қатер төндіреді. Әрқайсымыз азаматтардың құқығы тең және еркін болуын қамтамасыз ететін Ата Заңымыздың әрбір сөзін бұлжытпай ұстануымыз қажет. Заң мен тәртіптің әрдайым және барлық жерде сақталуы, заң үстемдігінің сөзбен де, іспен де орнығуы маңызды. Біздің міндетіміз – қоғамда өзара құрмет пен сенімді нығайта түсу. Сондай-ақ діни, аймақтық немесе әлеуметтік-экономикалық алшақтықты болдырмау үшін баршаға ортақ жаңа қағидаттар мен ұстанымдар ойластыру. Ассамблеяның осы күрделі мәселеге байланысты атқарып жатқан қызметі айрықша маңызды» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Институционалдық әлеуетін нығайту қажет

Президент Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту мәселесіне арнайы тоқталып, Ұйымның мемлекеттік органдармен, Парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын жақсарта түсу керек екенін атап өтті. Бұл ретте ­Қасым-Жомарт ­Тоқаев Ассамблея жетекшілеріне мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысу, этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтау және ондай оқиғалардың алдын алуға баса мән беру, Ассамблея­ны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту міндеттерін жүктеді.

«Ассамблея мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысуы керек. Сондықтан оның ғылыми-сараптамалық әлеуетін дамыту қажет. Этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтауға және ондай оқиғалардың алдын алуға баса мән берілуге тиіс. Алматы, Жамбыл және Түркістан облыс­тарының мамандары этномедиацияға қатысты жұмысты қолға алды. Оның ауқымын кеңейтіп, бұл тәжірибені Ассамблеяның барлық ұйымдарына тарату қажет. Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту керек. Ең алдымен, Ақсақалдар кеңесі және Аналар кеңесі сияқты тиімді құрылымдарды дамыта түскен абзал. Министрліктер және әкімдіктер олардың қызметіне қолдау көрсетуі қажет. Арнайы гранттар бөліп, мемлекеттік әлеу­меттік тапсырыстар беруі керек. Жастар Ассамблея қызметіне тың серпін әкеледі. Сондықтан Ассамблея құрылымдары мен этномәдени бірлестік басшыларының бір орынбасарын жастардан тағайындауды ұсынамын. Орталық және жергілікті органдар Ассамблеяның жастарға, әсіресе, волонтерлерге қатысты жобаларына жан-жақты қолдау көрсетуі керек. Мұндай жобалардың тізімін жасаған жөн» деп тапсырды Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев тың бастамалар мен идеялар туындайтын комьюнити-орталыққа айналуға тиістігін атап айтты. «Достық үйлері жалпыұлттық ықпалдастық үшін қажетті орталыққа әрі барлық аймақта Ассамблеяның ауқымды бастамаларын жүзеге асыратын сенімді орынға айналды. Олар әлеуметтік маңызы бар жүзден астам жобаны іске асыруға ұйытқы болды. Алайда Достық үйінің қызметін жетілдіріп, күшейте түсу мәселесін ойластырған жөн. Олар қоғамдық кездесулер мен талқылаулар өтетін және тың бастамалар мен идеялар туындайтын комьюнити-орталыққа айналуға тиіс. Мен бұл бастаманы қолдаймын. Достық үйі этномәдени бірлестіктер бас қосатын орын ғана болып қалмауы керек. Сонымен бірге ол жергілікті қоғамдастықтардың дамуына жол ашып, тірек болатын, бірлік, жасампаздық, өрлеу сияқты құндылықтарды дәріптейтін орталық болуы қажет» деді Президент.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Ассамблеяның 30 жылдығын құрылымның қызметін халыққа түсіндіріп, насихаттауға және азаматтарды ел бірлігін нығайту жолындағы ауқымды жұмысқа жұмылдыруға ұтымды пайдаланамыз деді.

Біздің мақсатымыз – айқын

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, еліміз соңғы жылдары аса күрделі сынақтардың тағы бір тарихи кезеңін бастан өткеріп жатқанын айтып, бірлік пен ынтымақтың арқасында бұл қиындықтың бәрін жеңетінімізге, шынығып, ширап, бұрынғыдан да мықты болып шығатынымызға сенім білдірді. «Ерте ме, кеш пе, кез келген мемлекет түрлі сынаққа тап болуы мүмкін. Сондай кезде ел өмірінде күрделі әрі түбегейлі бетбұрыс жасалады. Біз де осындай жаңғыру жолымен жүріп келеміз. Сын-қатерлерге төтеп беріп, қиын сәтте ұжымдасып, шұғыл жұмыс істеуді үйреніп жатырмыз. Шын мәнінде, мұның бәрі – баға жетпес тәжірибе» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазіргі күрделі кезеңде елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау – ең басты міндет екенін тілге тиек етті. «Біз қоғамға іріткі салатын әрбір әрекетке тосқауыл қоямыз. Мен бұрын да айтқанмын, қазақтың мемлекеттігіне қарсы кейбір теріс пиғылды адамдар қарап отырмайды. «Атың шықпаса, жер өрте» деген. Олар қоғам ішіне іріткі салу үшін әлеуметтік желіде түрлі қитұрқы әрекеттерге баратыны анық. Бір сөзбен айтсақ, халық арасында жалған мәлімет таратады. Сондықтан бәріміз кез келген ақпаратқа сын көзбен қарап, тек ресми мәліметтерге сүйенуіміз қажет» деді ол.

Президент біз ел болып барлық биік мақсатқа бірге жететінімізді қадап айтты. «Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз – айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін қорғауды Президент ретіндегі ең басты міндетім деп санаймын» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен халықтар арасында бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, мемлекеттік тілді дамытуға сiңiрген еңбегi үшiн бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар табысталды.

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button