Uncategorized

Жеңіс солдатының генерал ұлы

Қазақстан Республикасының құрметті прокуроры, әділет генерал-майоры, заң ғылымдарының кандидаты, профессор, бүгінде «Мақсұт Нәрікбаев университеті» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Болат Сембиннің есімі тек өз ортасында ғана емес, еліміздің ару Алтайдан қарт Атырауға дейін созылған ұлан-байтақ өлкесіне кеңінен танымал мемлекет қайраткері десем артық айқандық емес. Өйткені ол – бар саналы ғұмырын еліміздің прокуратурасының, оның ішінде заң үстемдігін сақтау жолына арнаған және құқықтық жүйенің қалыптасуы мен дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғасы биік азамат.

Боз даласына бура шөккен қасиеті мен киесі мол Сарысу топырағында Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағаты ұзаққа жайылған ұстаз Донда Сембин мен аяулы анасы Күмісай құрған отбасының төлбасы болып дүние есігін Жамбыл облысының Жайылма ауылында ашқан жан.

Қазақ халқы үшін оның қай өлкесі болмасын оның қасиеті де биік, киесі де мол жерлері өте көп! Соның бірі – қасиетті Әулиеата өңіріндегі табиғаты қатал, жұрты жомарт, елі еңбекқор Сарысу елі. Ал кешегі Қорқыт бабадан кейін Ұлы даланы қобыз үнімен әуелеткен Ықылас Дүкенұлы, қазақ театр және кино өнерінің ақтаңгері, КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, белгілі қоғам қайраткерлері Санақ Әбеуов, Алдаберген Сәрсенбаев, Сейфулла Қожаханов, ғалым Көпшіл Әбдімәжитов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде ұзақ жылдар жауапты қызметтер атқарған Тілеу Мырзанов, қолындағы қамымен ел таныған айтулы жазушылар Берік Шаханов, Пернебай Дүйсенбин, Қали Сәрсенбай, Италияның атақты Ла-Скала опера театрында тұңғыш ән салған қазақ баласы, Бөкең ағамыздың немере інісі дүлдүл өнер иесі Амангелді Сембин, жезтаңдай әншілер Сәуле Жанпейісова, Ардақ Исатаева мен Торғын Смайылова сынды дарабоздар осы қастерлі топырақтан шыққан.

Осындай шоқтығы биік жерлестер қатарының алғы шебінде текті ұрпақтан тараған Қазақстан прокуратурасы саласының саңлағы, Сарысу өңірінен шыққан тұңғыш генерал, биыл 80 жастың сеңгіріне шығып отырған Болат Сембин ағамыз да тұр.

Жастайынан білімге құштар, спортқа жақын өскен Болат ағамыз Жайылма ауылындағы Ленин орта (қазіргі Әйтеке би) мектебін үздік аяқтап, механизаторлық еңбектің алғашқы ащы дәмін татып, әскер тәртібін көріп, басын ақ қар шалған Алатауға сән беріп тұратын әсем Алматыдай қалаға білім іздеп келіп, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Ұлттық университеті) заң факультетіне студент болып қабылданған Болат Сембиннің таудан аққан өзендей өмірі мен қызмет жолы осылайша басталды.

Алғашқы кәсіби еңбек жолы жер жәннаты Жетісу өңірінің Гвардейский ауданында прокурордың көмекшісі қызметінен бастаған ол Талдықорған облысы Киров ауданынң прокуроры, кейіннен жаңадан ашылған Торғай облысы прокурорының орынбасары, облыс прокуроры, Қарағанды облысы прокурорының бірінші орынбасары, Алматы және Талдықорған облыстарының прокуроры, Алматы және Қазақ теміржолы  прокуроры сынды аса жауапты жолдардан үлкен абыроймен өтіп Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары деңгейіне көтерілген іскер ұйымдастырушы, қылмыстық іс жүргізудің берен маманы, білікті басшы болды.

Сонымен қатар, заң саласының ғалымы ретінде елімізде прокуратура және құқық қорғау жүйелерінің жұмыстары бойынша қабылданған көптеген заңдардың жобаларын дайындауға атсалысқандығы тағы бар. Құқық саласына қатысты қолданыста жүрген көптеген монографиялардың авторы. Сонымен қатар, басшылық қызмет жолдарында бірқатар аудандар мен облыс тұрғындарының сеніміне ие болып, халық қалаулысы атанып, жергілікті Кеңестерге депутат болып сайланса, екі мәрте Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне «Ақ жол» және «Әділет» саяси партиялардың партиялық тізімдері бойынша депутаттыққа кандидат болып тіркелгенін де үлкен мәртебе санаймын.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Тәуелсіз қазақ еліне аса қажетті кәсіби біліктілігі жоғары мамандар даярлау ісіне бел шеше кіріскен ол еліміздегі
саяси-құқықтық реформалардың табысты іске асырылуына белсенді ықпал еткен кәсіби заңгер ғалым, өресі биік зерттеуші қатарынан көріне білді.

Атам қазақ ұрпағына арнап артында қалдырған «Жақсының жанында жүр, сапарласыңа сенімді серік бол!» деген баталы сөзін өзіне мұрат тұтқан ол өмір жолында талай ірі тұлғалы атпал азаматтармен қатар жүріп, айнымас сыйластыққа ие болып, сапарлас болған жағдайларын өзі де үлкен құрметпен есіне алып отырады.

Аса жауапты қызметтерде шар болаттай шыңдалған, ағынан тұрып, адалынан жаралған Болат Ажақайұлы – атақ пен даңққа, кеуде толтырар марапат үшін еш уақытта қызмет жасамаған жан. Ал атақ пен даңқтың, абырой мен мәртебенің, құрмет пен сыйдың оған өз еңбегі мен ақ пейіліне берілгенін, адалдығы мен тазалығы арқасында келгенін оны қоршаған қабырғалы қоғам өте жақсы біледі. Ол кісінің алдын көріп, тәрбие­сін алған көптеген азаматтар бүгінде Тәуелсіз Қазақстанда төл Конституция­мыз талаптарының сақталуы мен заң үстемдігінің берік орнығуы жолында аянбай еңбек етіп жүр.

Бар қазақ құрмет тұтқан кемеңгер Димаш Қонаев «Адамдық қалыпты биік ұстау – кімге де болса үлкен сын!» деп артына адамдықты алға жетелер аталы сөз қалдырған екен. Ал мен қазақы кейпін жоғалтпаған, ізгілігімен өз бойына сән берген Болат Ажақайұлын сол адамдық қалыпты өмір бойы сақтаған, оған көлеңке түсірмей «баптаған» бірден-бір табанды дүр азамат дер едім.

Сондықтан да, оның ерен есімі Қазақстан Республикасы прокуратура саласының Алтын кітабы мен тарихына жазылғаны осы заң үстемдігін сақтаудағы төккен маңдай тері, күн мен түнді бөлмей еткен еңбегінің жемісі және жеңісі деп танимын! Өйткені басшылары қолдаған, әріптестері мойындаған, шәкірттері үлгі тұтқан, артынан бейсуат сөз ілестірмеген генерал Болат Сембиннің өмірлік және қызметтік философиясының берік темірқазығы – оның өзі ісіне деген кіршіксіз адалдығымен бағаланып, өлшенетіні сөзсіз.

Дүние дәуреннің шапқан аттай өмір көркін тоздырмаған Болат Ажақайұлының бойындағы кейінгі буын жастарға өнеге болар асыл қасиеттердің бірегейі, оның терең энциклопедиялық білімі, өткенді есте сақтау қабілеті, әдебиет пен үкілі өнерге жақындығы және бар жаңалық пен тағылым-тәрбиенің ордасы мерзімді баспасөзді үзбей оқу дағдысы дер едім.

Жалпы, Болат аға – шын мәнінде өнер қонған текті әулеттің перзенті. Оның аталас әкелерінің бірі кешегі шертпе күйдің шебері атанған Сүгірмен замандас дәулескер күйші Нақып қария болғанын, ал немере ағалары Қабыл мен Дабылдың да қолынан қазақтың қара домбырасының түспегенін және осы үш әйгілі есімнің Қазақ күй антологиясы жинағына кіргенінен-ақ айқын аңғаруға  болады.

Бүгінде тұтас бір әулеттің биік Бәйтерегіндей болып отырған Болат аға өзінің артынан ерген бауырларына өрелі істерімен өнеге, жүрек көңілімен қамқор бола білгенін біз өте жақсы білеміз. Қиналғанда қасынан табылатын, қуанғанда жүрек тұсында жүретін қос қарлығаш қарындастары Нұрбибі мен Нұрбала, ізін басып келе жатқан Қанат пен Мұрат, тілін алып, сөзін жерге тас­тамайтын Талғат пен Қайраттар оның көңіл мақтанышы, артында тұрған тіректері. Бәрі де – жоғары білім алып, басшылық қызметте болған азаматтар. Болат ағамыз – туған топырағы киелі Әулиеата өңірінің, қасиетті Сарысу жұртының шын тілеуқоры, нағыз жанашыры. Ол – туған жерінен ешқашан қол үзбеген бауырмал жан. Оның үстіне ол – кем дегенде жылына бір рет өзі түлеп ұшқан отанына барып қайтады. Бүгінде ел ағасы болып отырған, Сарысу аудандық мәслихатының хатшысы қызметін абыроймен атқарған, ауданның құрметті азаматы Қанат інісі мен Күләй келіннің ыстық ықыластарымен Донда әкеміз жаққан отбасының отын сөндірмей, жарығын өшірмей отырған қарашаңыраққа тәу ету дәстүрінен бір сәтте жаңылмаған азамат. Ұзақ жолы бар керуен көштерді бастаған кешегі ұлы бабалардың таңдайынан шыққан «Бірге туғанның берік қорғаны бар!» деген ұлағатты сөзі де осындай сүйегі сұлтан, татулығы мен ынтымағы озған, әлеуеті жарасқан әулеттерге арналған шығар?!

Өкініштісі, бүгінде ат жалын тартып азамат болған Асқардай ұлы мен Айжандай аяулы қызының асыл анасы, мәңгілік серттескен серігі, отыз жыл отасқан жан жары Мәнсия дауасыз дерттен айықпай біраз жылдар бұрын көз жұмғаны ағаның жүрегіне өте ауыр тиді. Сол бір ауыр күндері асыл азаматтың қайғысын бөлісіп, қолтығынан демеген қазақтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, марқұм Мақсұт Нәрікбаев бастаған айтулы азаматтар сыйластықтың өшпес үлгісін көрсетті.

Кісі сыртынан ғайбат айтудан аулақ, өтіріктің «ауылын» сырт айналатын, пейіл-көңілінің терезесі имандылық пен мейірім шуағын төгіп тұрар Болат аға – бүгінде немерелері мен шөберелерінің сүйікті атасы. Бақытты ғұмырларын Алла ұзағынан сүйіндірсін!

Міне, ел жайлаған орталықтан алыстау жатқан алақандай Жайылма ауылынан шыққан бозбала Болат Сембин бүгінде мәртебелі генерал, абыройлы профессор, биік азамат деңгейінде еліне белгілі ел ағаларының биігіне шығып отыр.

Дана халқымызда «Азаматын көріп, елін таны!» деген қанатты сөз бар. Қазақ елінде іргелі істері өнеге мен атқарған адал қызметтері үлгі болар осындай ұлтжанды, отаншыл, мемлекетшіл, ең бастысы, халқын сүйетін, жайсаң азаматтарымыз көп болсын дейміз!

Үмітімізді үкілеп солай боларына сенейік!

 

Қырғызәлі ТІЛЕУОВ,

Мемлекеттік қызмет ардагері

Астана қаласы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button