Қала мен Сала

Маңызды жұмыстарға – қосымша қаржы

Кеше Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтті. Жиын барысында елорданың 2024-2026 жылдарға арналған бюджеті нақтыланып, депутаттар бірқатар маңызды жұмыстарға қосымша қаржы бөлуді бірауыздан қолдады. 

Бюджет бойынша қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев баяндама жасады.

– Мемлекет басшысының бюджетті тиімді басқару жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде біз бюджеттің барлық негізгі шығыстарын қайта қарадық және оңтайландыруға 7,7 миллиард теңге ұсынылып отыр. Осылайша бюджеттің осы нақтылануы аясында бөлуге 116 миллиард теңге ұсынылады. Мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындаудың басымдылығын негізге ала отырып, әлеуметтік саланы қаржыландыру мәселелері ерекше тәртіппен қаралады, – деді Қайсар Маңқараев.

Қосымша қаржы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалтуға және әлеуметтік қызметтер көрсетуге бөлінді. Сондай-ақ тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін қолдау тапты. Мәселен, өткен жылы 672, ал биылғы қаңтардан бастап 445 отбасы тұрғын үй көмегімен қамтылды.

«Астана қаласында ақпараттық-бағдарламалық фотобейнетіркеу және бейнеталдау кешенін құру және пайдалану» жобасының жұмысы 6 айға ұзартылды. Қалалық автобустар бағдарларында жолау­шылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауға әкімдік белгілейтін 110 теңге мөлшеріндегі бірыңғай тариф келісілді. Бұған қоса, мәслихат депутаттары қоғамдық кеңістіктерді, көппәтерлі тұрғын үй кешендерін және басқа да нысандар салынатын жер телімдерін мемлекет меншігіне алу туралы келісімшартты қолдады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button