Ел тынысы

Жеті мың медицина студенті сенбілікке шықты

Мемлекет басшысының бастамасымен өтіп жатқан «Таза Қазақстан, елорда – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты экологиялық акцияға болашақ медицина мамандары да атсалысты. Кеше Астана медицина университетінің 7 мыңнан астам студенті қалада сенбілікке шықты.

Аталған оқу орнының проректоры Диас Сайданғазиннің айтуынша, бұл тазалық акциясы ел ертеңі жастардың патриоттық сезімін арттырып, оларды өз елін сүйетін, айналасына жаны ашитын қамқор етіп тәрбиелеуде маңызы зор. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған іс-шара барысында университет басшылығы мен оқытушылары жастарды аталған оқу орнының қалада бірнеше жерде орналасқан ғимараттарын, сол маңдағы көшелерді тазалауға жұмылдырды.

-Президентіміздің бастамасына қолдау білдіру мақсатында өткен акцияда біздің студенттер тек оқу орындары аумағын ғана емес, Есенберлин көшесінен бастап Кенесары көшесіне дейін Бейбітшілік көшесін екі қапталынан қамти отырып, тазалау жұмыстарын жүргізді. Қыстан қалған шіріген жапырақтар мен қоқыстарды жинап, қаптарға салды және университет жанында 30 түп ағаш екті, – деді акция барысында оқу орнының проректоры.

Экологиялық акцияға қатысқан шетелден келген студенттердің бірі Саиф Мунииб Али де өзінің осындай маңызды іс-шараның ортасынан табылғанына қуанышты екенін жеткізді.

-Экология дегеніміз жәй бір сәнге айналған сөз емес, бұл біздің денсаулығымыз бен болашақ ұрпақтардың игілігі үшін көрсетілетін қамқорлық. Қоршаған ортаның тазалығы баршамыздың денсаулығымызға тікелей әсер етеді. Мұндай маңызды акциялардан біздің университет ешқашан тыс қалған емес. Мен әрбір қазақстандықтарды осы іске белсене қатысуға шақырамын. «Таза Қазақстанды» бәріміз бірге жасай аламыз, – дейді ол.

Ал университеттің жалпы медицина факультетінің 4-курс студенті, әрі оқу орнының мәдени  департамент басшысы Ерсұлтан Қыдырбай мұндағы  студенттер волонтерлік қозғалыстардың бәріне белсене қатысатынын айтады.

-Бұл акцияның тәрбиелік маңызы зор. «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ» сынды бірнеше бөліктен тұратын акция еліміздің табиғатын аялап, оны қорғап, сақтауға шақырады. Аталған іс-шаралар көпшілік жиналып, көшені тазалайтын бір мезеттік науқанға айналмауы керек. Себебі қоршаған ортаны барлық уақытта қорғау – ортақ парызымыз, – дейді акцияға қатысушы студент.

Бүгінде бұл оқу орнында барлығы 11 мыңға жуық студент білім алады. Соның басым бөлігі қатысқан акция барысында тазалау жұмыстарына қажет жабдықтардың бәрін қала әкімдігі қамтамасыз етті.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button