Елорда тынысы

Елшілер көшет отырғызды

«Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясы «Жасыл аймақ» апталығына ұласып, көшет отырғызып және ағаштарды ақтауда. Экологиялық акцияға 70-ке жуық шетелдік елшіліктер мен халықаралық ұйымдар қолдау көрсетті.

Алматы және Байқоңыр ауданындағы демалыс орындарына көшет отырғызуға Жапония, Түркия, Португалия, Тайланд, Израиль, Ватикан, Ресей, Индонезия, Тәжікстан, Грузия, Беларусь, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан елшілері мен өкілдері қатысты.

– Жыл өткен сайын Астана қаласының көркейіп келе жатқанын көріп жүрмін. Елордалықтардың тазалыққа бей-жай қарамайтыны қуантады. Экологиялық акцияға қатысып, көшет отырғызып, Астананың жасыл қалаға айналуына үлес қостым. Өйткені әрбір отыр­ғызылған ағаш – болашаққа салған үлесіміз, келесі ұрпаққа қамқорлық, – деді Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин.

Акцияға қатысушылар өз аумағын көгалдандыруға мән беріп, белсенді еңбек етті.

– Көңіл-күйіміз өте керемет. Мұндай акциялардың қоршаған ортаға тигізетін пайдасы көп. Ағаш отырғызу, саябақтарды көгалдандыру жұмыстарын әрдайым қолдаймын. Әрбір отырғызылған ағаш – болашаққа салған үлесіміз, келесі ұрпаққа қамқорлық. Осы бағытта Қазақстанда ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Біз де өз тарапымыздан мұндай іс-шараларды үлкен ықыласпен қолдаймыз, – дейді сенбілікке қатысқан Беларусь Респуб­ликасының Қазақстандағы Елшілігінің кеңесші-елшісі Дмитрий Зорин.

– Байқоңыр ауданы аумағында 350 түп ағашы отырғызылды. Мұның қатарында қайың, қарағай, шырша бар. Көшет отырғызумен қоса, суару жүйе­сін бірге орналастырдық. Бұл іске елшілер де үлес қосып жатқаны қуантады. Жалпы Байқоңыр ауданында 44 гүлзар мен 1 үлкен саябақ бар, – деді Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманберді.

Апталық аясында жасыл желектерді күтіп-баптау және көгалдандыру, сауда нысандарына іргелес аумақтарды тазалау, көгалдар мен гүлзарларды ретке келтіру, рұқсат етілмеген қоқыстарды жою және т.б. жүргізіліп жатыр.

Байқоңыр ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Жасыл аймақ» апталығы аясында Қарулы күштердің мемлекеттік әскери-тарихи музейі аумағында әртүрлі елшілік өкілдері жаппай ағаш отырғызды.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button