Басты ақпаратҚала мен Сала

Қалдықты қайта өңдеу – уақыт талабы

«Жасыл экономиканы» дамыту – алда тұрған маңызды міндеттің бірі. Бұған қоршаған ортаның тазалығын сақтау­да тұрмыстық қатты заттарды уақытылы жинау және өңдеу жатады. Біз Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының осы бағытта атқарып жатқан жұмысын білдік және қоқыс тазалайтындардың бір күнін бақыладық.

– 2017 жылдан бастап Астана қаласында қалдықтарды бас­қарудың орталықтандырылған жүйесі жұмыс істейді. Оған қалдықты жинау, тасымалдау, сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату кіреді. 2018 жылдан екі фракция бойынша – құрғақ және дымқыл заттарды жинау жүйесі енді. Құрғаққа қағаз, пластик, шыны, металл кірсе, дымқылға тамақ қалдықтары жатады. Қала аумағы 40 учаскеге бөлінген. Тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаруға 56 бірлік жұмылдырылған. Орнатылған GPS датчиктері бар қоқыс таситын көліктер, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған 16 мың контейнер орнатылды, 4 мың контейнер алаңда орналасқан, – деді басқарма басшысының орынбасары Жанар Бескемпірова.

Астана қаласында коммуналдық қалдықтарды басқарудың 2024-2029 жылдарға арналған бағдарламасы дайындалуда. Бұл бастама экология бағытындағы «жасыл» жобаларды іске асыруда инвестиция тартудың тетігін айқындайды.

– 2024 жылы 3,7 мың контейнер сатып алу жоспарланды. Қала аумағынан жиналған қоқыс қалдықтарды өңдеу зауытына жіберіледі. Өндіріс орнының жылдық қуаты – 250 мың тонна, ол орта есеппен тәулігіне 1200 тоннадай тұрмыстық қалдықты қабылдайды. Жыл өткен сайын қабылдайтын қатты қалдықтың көлемі артып келеді. Мәселен, 2021 жылы 305,8 мың тонна, 2022 жылы 316,7 мың тонна, 2023 жылы 344,3 мың тонна қалдық өңделді. Қазір қалдықтарды қайта өңдеп, өртейтін жаңа зауыттар салуда шетел инвесторларымен келіссөз жүргізілуде, – деді Жанар Бескемпірова.

Clean City NC компаниясы күніне шамамен 750-800 тонна, айына 24 000-25 000 тонна қоқыс қалды­ғын шығарады

Жыл сайын халық саны өсіп, пайдалануға берілетін тұрғын үй кешендері ұлғайып жатқандықтан, коммуналдық қалдықтардың жиналу және түзілу қарқыны артып келеді. Бұл жаңа зауытты қажет етеді.

– 2023 жылы елордада Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында рұқсат етілмеген қоқыс орындары 2 есеге қысқарды. Ғарыш мониторингі нәтижесінде анықталған 338 учаскенің 224 учаскесі жойылып, 100 мың тонна қалдық шығарылды. Қалдықтарды заңсыз шығарғаны үшін жаза күшейді. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша қалдықтарды белгіленген орыннан тыс жерге тастағандарға айыппұл көлемін арттыру қарастырылуда, – деді Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары.

Тазалықшының бір күні

Шаһарды қоқыстан тазалау жұмысына қатысатын адам­дардың еңбегі ауыр. Олардың жұмысы күнделікті көзге көрінеді. Егер бірнеше күн белгілі бір себеппен учаскелер тазаланбай қалса, онда қаланы қоқыс басады.

«Clean City NC» ЖШС-те жұмыс істейтін Дәулет Сәрсенбаймен таңғы 6-да Есіл ауданында белгіленген аумақта кездестік. Қала жұрты қалың ұйқыда жатқан кезде, олар жұмысты бастап кетті. Негізгі міндеті – тұрғын үй алаптарында орналасқан контейнерлерді қоқыстан тазалау. КамАЗ көлігіне қоқысты тиеп, өңдейтін зауытқа қарай асығады.

– Таңертеңгі сағат 4-те тұрып, жұмысқа шығамыз. Контейнерлерді тазалап, қоқыс алаңының жан-жағын жинап, қалдықты өңдеу зауытына тасимыз, – деді Д.Сәрсенбай.

«Әкімдік қайда қарап жүр, неге қоқыс тазаланбайды?». Осы тақылеттес арыз-шағымды жиі естиміз. Әсіресе жаз мезгілінде көпқабатты үйлердің ауласында бей-берекет тас­талған қоқыстан жағымсыз иіс шығып, қоршаған ортаға қолайсыздық туып жатады. Алайда қоқыс тазалаушылар кесте бойынша күніне бірнеше рет қоқыс тасымалдайтынын айтады.

– Біз түске дейін контейнерлердегі қоқысты әкетсек, түстен кейін екінші бригада тазалайды. Сөйтіп күніне бірнеше рет қоқыс шығарамыз. Бұл – біздің міндетіміз. Қаланың таза болуына тұрғындар да мүдделес болуы тиіс. Астаналықтар арасында қолындағы қалдықты бей-берекет әр жерге тастап кететіндер бар. Ондай адамдарды ортақ тәртіпке қалай шақыруға болатынын білмеймін, – деді ол.

Озық елдер тәжірибесіне сүйеніп, бізде де қоқысты бөлек жинау тәсілі енді. Мәселен, металл және жасыл контейнерлер сарғыш түсті арнайы қоқыс тасығыш техникалармен шығарылады. Тұрғындар қоқысты түрлі түсті контейнерлерге бөліп салуы керек. Бірақ тұрғындарда тұрмыстық қалдықты сұрыптау мәдениеті төмен.

– Тұрмыстық қалдықтарды іріктеп, арнайы қоқыс жәшіктеріне салуға, макулатура мен пластик бөтелкелерді арнайы орындарға өткізуге шаһар тұрғындары дайын емес сынды. Дегенмен біз үлкен жұмыс атқарып, «жасыл экономикаға» үлес қосудамыз, – дейді Дәулет Сәрсенбай.

Германия тәжірибесі қандай?

Қалдықтарды сұрыптап, қай­та өңдеу ісі бойынша Германия Еуропада алдыңғы орында. 1990 жылдары терең өңдеу енгізіліп, уақыт талабына сай жетілдіріліп келеді. Немістер тұрғын үйлерінің ауласында қоқыс жинауға арналған кемінде үш түрлі ыдыс болады. Ол кейде тіпті сегізге дейін жетеді. Яғни тамақ қалдықтары үшін, пластик, пакеттер мен қаптамалар үшін, қағаз бен картон үшін, шыны бөтелкелер мен банкалар үшін бөлек қоқыс жәшіктері қойылады. Түрлі сусын ыдысын (пластик, шыны) өткізіп, ақша алуға болады. Егер бөтелкелерді қайтарғыңыз келмесе, сіз сусынға қосымша төлеген ақшаңызды қайтара алмайсыз. Осылайша мемлекет тұрғындарды қоршаған ортаны ластамауды үйретеді.

2020 жылы қалдықтарды өңдеу өнеркәсібінің айналымы шамамен 80 миллиард еуроны құрады және бұл салада 250 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Германияда тазалық мәселесіне ерекше мән берілуінің сыры – тазалық нормаларын бұзған адамдарға айыппұл салады. Федералды штаттарда тазалыққа бей-жай қарасаңыз, 30 еуродан 75 еуроға дейін айыппұл төлейсіз.

Әр үй қоқыс шығару үшін ақша төлейді. Құны тұрғылықты жеріне, пәтер санына, бір кіреберістегі резервуарлардың көлеміне және санына байланысты айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Осы факторларды ескере отырып, басқарушы компания­лар тарифті белгілейді.

Жыл сайын елде шамамен 41 миллион тонна қоқыс шығарылады, ал бір адамға шамамен 500 келіден келеді. Бұл көлемнің 60-80 пайызы электр энергия­сын өндіру үшін қайта өңдеу немесе қалдықты жағу зауыттарына жіберіледі. Ал қалғаны полигондарға шығарылады.

P.S: Тұрмыстық қатты заттарды өңдеуді ілгерілету маңызды. Болмаса даламыз қоқысқа толып, экология нашарлай береді. Бір жағынан, қоқыс – арзан шикізат көзі. Қысқасы, қалдықты қайта өңдеу – уақыт талабы.

 

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button