ӘлеуметБасты ақпарат

Жұмыс істеймін деген талабына жетеді

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық ­статистика бюросының ресми дерегіне сәйкес, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Астана қаласында жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрады, бұл республикалық мәннен 0,2 тармаққа төмен (ҚР бойынша – 4,7 пайыз), ал жастар жұмыссыздығы деңгейі 4 пайызды (ҚР бойынша – 3,5 пайыз) құрады. Астана қаласы бойынша жұмыссыздар саны 31238-ді құрады, оның ішінде 16-35 жас аралығындағы жастар – 11969 адам. Бүгінгі таңда Астана қаласының мансап орталығында 13386 жұмыссыз тіркелген, оның ішінде 5173-і – жастар. Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ директоры Олжас ОМАРДАН осы бағыттағы іс-шаралар жөнінде білген едік.

Еңбек мобильділігі орталығы – жаңа қызмет, оның негізгі бағыттары туралы айтып өтсеңіз.

– Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ мансап орталығы – бос жұмыс орындарына іріктеу жүргізіп, жұмыссыз жүрген астаналықтарды тұрақты жұмыс орнына орналастыруға жәрдемдесетін орталық. Тиісті бос жұмыс орны болмаған жағдайда, уақытша жұмыс ұсынылады. Атап айтқанда, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы, алғашқы жұмыс орны, ұрпақтар келісімшарты және күміс жас деп аталатын санаттар халықтың қажетін өтейді.

Бүгінгі таңда Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ мансап орталығына 16863 адам өтініш білдірді. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына орналас­қаны – 775 адам, соның ішінде ерлер – 350, әйелдер – 425, жастар – 329. Мемлекет субсидиялайтын уақытша жұмыс орындарына орналасқаны – 2757 адам, соның ішінде ерлер – 921, әйелдер – 1836, жастар – 1034. Бұл аз нәтиже емес.

– Аталған санаттар мемлекеттің жұмыс орындарын субсидиялауымен іске асады ғой. Осыны таратып айтсаңыз.

Бұл адамдардың жас айыр­машылықтарына қарай бөлінеді. Мысалы:

– «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы 35 жасқа дейінгі жастарға, жұмыс тәжірибесі жоқ, колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектеріне арналған. Жастар 30 АЕК мөлшерінде жалақы ала отырып жұмыс істейді. Тәжірибені өту мерзімі 18 айдан аспайды және еңбек өтілі есептеледі, тәжірибеден кейін тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар. 2023 жылы 325 адам жұмысқа орналасқан. Бүгінгі таңда осы бағдарлама бойынша 73 адам жұмысқа орналасты.

«Жастар практикасы» бағдарламасы 35 жасқа дейінгі жастар үшін колледждер мен жоғары оқу орындары түлектерінің дипломы бойынша жұмыс өтілі жоқ болған жағдайда бастапқы жұмыс тәжірибесін алуға мүмкіндік береді. Жас мамандар 30 АЕК мөлшерінде жалақы ала отырып, жыл бойы жұмыс істейді. 2023 жылы 1052 адам жұмысқа орналасқан. Бүгінгі таңда 246 адам жұмысқа орналасты.

«Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламасы оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналас­тыруға көмектеседі. Кейіннен олар зейнет демалысына кететін әріптестерінің орнына қалады. Тәжірибе 6 айдан аспайды және ай сайын 30 АЕК мөлшерінде жалақы төленеді. Ақылы қоғамдық жұмысқа жұмыссыздар, студенттер және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары оқудан бос уақытында қатысуға мүмкіндігі бар. Жұмыссыз адамдар 35 АЕК мөлшерінде тұрақты жалақы алып, 1 жыл бойы жұмыс істей алады. 2023 жылы 2435 адам жұмысқа орналасқан. Бүгінгі таңда 1709 адам жұмысқа орналасты.

«Әлеуметтік жұмыс орындары» бағдарламасы аясында азаматтар 1 жылға жұмысқа орналасады. Жалақыны жұмыс беруші белгілейді және оны ішінара мансап орталығы жабады. 2023 жылы 303 адам жұмысқа орналасты. Қазіргі уақытта 211 адам өз жұмысын тапты.

50 жастан асқандар үшін «Күміс жас» бағдарламасы бар. 3 жыл жұмыс істегеннен кейін адам штатқа орналаса алады. Өткен жылы 789 адам жұмысқа орналасса, қазір 518 адамға өз жұмыс орнын табуға көмектестік.

Жұмыссыздар қысқамерзім­ді курстан өте алады. Маңызды бағыттың бірі – кадрларды даярлау және қайта даярлау. Кәсіптік оқыту оқу ұйымдарында жұмыс берушілердің сұранысы бойынша және жұмыс берушілердің жұмыс орнында жүзеге асады. Оқу ұзақтығы – 1 айдан 3 айға дейін. Оқушылар стипендия алады. Оқыту «тігінші», «шаштараз», «аспаз», «тәрбиеші», «косметолог», «маникюр шебері» мамандықтары бойынша өтеді.

– Әлеуметтік осал топтарды қолдау тұрғысындағы нақты жобалар, жұмыс орындарына квота бөлу туралы түсіндіріп берсеңіз.

– Мүгедектігі бар адам қо­ғамдағы орны жоғары тұлға десек артық емес. Олардың жағдайы ҚР Әлеуметтік кодексімен және басқа да нормативтік құқықтық актілерімен реттелді. Әлеуметтік кодекстің 18-бабы 7-тармағы, 107-бабы 2-тармағымен және басқа құжаттармен іске асады. Квотаны жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері тізім саны бар ұйымдарға белгілейді:

– 50-ден 100 адамға дейін – қызметкерлердің тізімдегі санының 2-4% мөлшерінде;

– 101-ден 250 адамға дейін – қызметкерлердің тізімдегі санының 3% мөлшерінде;

– 251 адамнан жоғары – қызметкерлердің тізімдегі санының 4% мөлшерінде.

Бірақ мүгедектердің қоғамдық бірлестіктеріне, қызметкерлердің орташа жылдық саны 20 па­йыздан астамы мүгедектігі бар адамды құрайтын ұйымдарға квота белгіленбейді. Елді мекендерде еңбегі үшін медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ, еңбек етуге қабілетті жастағы мүгедектер болмаған кезде, мұндай елді мекендердің аумағында орналасқан ұйым­дарда квота белгіленбейді. Бұл квота зейнет жасындағыларға қолданылмайды. Сонымен қатар мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы бос жұмыс орны 2024 жылдың сәуір айын­да «Aukenoff 2021» ЖК-де мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін баспа ісінің шебері бос орнына 1 арнайы жұмыс орнын құру жоспарлануда. Бұл – есту қабілеті бұзылған адамның жеке мүмкіндігін ескере отырып жабдықталған жұмыс орны. Жабдықтарды сатып алуға, монтаждауға және орнатуға жұмсалған шығындарды өтеу мақсатында арнайы жұмыс орындарын құру кезінде жұмыс берушілерге мемлекеттік бюджет қаражатынан субсидия беріледі. Есту қабілеті бұзылған мүгедектігі бар адамдар үшін бір жұмыс орнына 1082000 теңге бөлінді.

– Жұмыс іздеп жүргендерге нақты қандай кеңес бересіз?

– Олар Астана қаласы әкім­дігінің Еңбек мобильділігі ор­талығына жүгініп, барлық мүмкіндікті пайдалана алады. Бұл – ашық жұмыс орындары, бизнес ашуға арналған гранттар, жастарға шағын несие беру, кәсіптік оқыту, уақытша жұмыс орындары. «Электрондық еңбек биржасы» порталындағы бос жұмыс орындарының тізбесімен өз бетінше танысып, www.enbek.kz сайтында жеке кабинет құруға және қашықтан белсенді жұмыс іздестіруге мүмкіндігі бар. Сонымен қатар орталықтың әлеуметтік желілерінде күн сайын бос жұмыс орындары, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ақпараттар жаңартылып, жарияланып отырады.

– Елордада көп жылдан бері бос орындар жәрмеңкесі өтіп тұрады. Арнайы мониторинг жүргізіле ме?

– Астана қаласы әкімдігінің Еңбек мобильділігі орталығында биыл жыл басынан бастап 7 бос орындар жәрмеңкесі өтті. Олар мүгедектігі бар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, пробация қызметінің есебінде тұрған, өмірлік қиын жағдайға тап болған, алимент бойынша берешегі бар адамдарға арналған. Оған 50-ге жуық компания өкілдері қатысып, өздеріне қажетті мамандарды жұмысқа алды. Ал 200-ден аса жұмыс іздеушіге 610 бос жұмыс орны ұсынылды.

Оңтүстіктен солтүстікке көшу үшін 2024 жылы бағдарламаға еліміз бойынша 7 мың квота бөлінген еді. Әрине, өз еркімен көшуге биыл да әлеуметтік төлем және үй алу үшін қаржылай қолдау көрсетіледі, жұмыс ұсынылады. Мысалы, біздің орталықта 29 ақпан-13 наурыз күндері оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы бойынша Астана қаласында тұратын, қонаққа келген тұрғындар Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша, Шоқан Уәлиханов, Қызылжар ауданының әкімшілік қызметкерлерімен кездесіп, бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде өз сауалдарына жауап алды.

– Баспасөз бетінде көп айтылып жүрген «Бастау бизнес» жобасы қаншалықты тиімді?

– 2018-2023 жылдар аралығында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 1628 грант берілді. 2024 жылы Астана қаласында жоспар бойынша 125 грант беріледі. Грант халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі, оларға келесі топтар жатады: атаулы әлеуметтік көмек алушылар; көпбалалы отбасыларға және (немесе) оның жұбайына (зайыбына) төленетін жәрдемақыларды алушылар; асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақы алушылар; аймақаралық қоныс аударушылар; қолданыстағы «қандас» мәртебесі бар тұлғалар; еңбекке қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар адамдар; мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдар және (немесе) оның жұбайы (зайыбы). Грант жұмыссыз немесе жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу мерзімі 3 жылдан аз жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда беріледі. Гранттар қайтарымсыз негізде 400 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде беріледі. Үміткердің «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негізін оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс. Оқу үшін әлеуетті қатысушы skills.enbek.kz порталында тіркеледі. Өтініштерді қабылдау лек бойынша business.enbek.kz порталында жүзеге асады.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button