Басты ақпаратМәдениет

Адам іздеп жүрген жан

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі қаламгер, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әкім Ысқақтың «Адам іздеп жүрмін» шығармашылық кеші мен «Күн ұлымын», «Біздің Бапақ» және «Менің Қосжаным» кітаптарының таныстырылымы өтті. Жиынды белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, осы ұйымның Астана қалалық филиалының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы жүргізді.

Іс-шара Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың кеш иесіне жолдаған құттықтау хатымен ашылды. Оны Сенат депутаты Әли Бектаев оқып берді.

«Құрметті Әкім Әбдіқайымұлы! Биыл қаламды серік етіп, шынайы шығармашылықпен айналысып келе жатқаныңызға тура 50 жыл толып отыр. Осы атаулы датаға орай ұйымдас­тырылған әдеби кешіңіз құтты болсын! Сіз өлең әлемінен өзіңіздің лайықты орныңызды алған тұлғалардың бірісіз. Әсіресе балалар әдебиетіне қосқан үлесіңізді айрықша атап өткіміз келеді. Бүгінге дейін көптеген туындыңыз мектеп бағдарламасына еніп, өскелең ұрпақтың сергек рухты әрі тәрбиелі болып қалыптасуына зор ықпалын тигізуде. «Күн ұлымын» және «Біздің Бапақ» кітаптары да алдағы уақытта өскелең ұрпаққа дұрыс тәлім беру миссиясын мүлтіксіз атқарады деп сенеміз. Сонымен қатар сіздің есімі көпшілікке беймәлім талантты тұлғаларды тауып, оларды таныту жолындағы еңбегіңізді де оң бағалаймыз. Осы бағыттағы «Менің Қосжаным» атты зерттеу кітабыңыз жастарымыздың үлкен буынның өнегесін бойына сіңіріп өсуіне септігін тигізеді деп ойлаймыз» делінген құттықтау хатта.

Сенат төрағасы хатында кеш иесінің қаламгерлік жолына ғана емес, қайраткерлігіне де тоқталды. Соның ішінде еліміздің кәсіби Парламентінің қалыптасып, дамуына зор үлес қосқанын, қызметіне қарамастан, шығармашылығынан қол үзбегенін, әдебиетке адалдық танытқанын атап өтті.

Әли Бектаев өз тарапынан Әкім Ысқақтың өмір жолына, Парламенттегі еңбегіне тоқталды. Әсіресе кеш иесінің тұңғыш қазақ тілінде жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» заңының авторы екенін айрықша атап өтті. Шығармашылығының тәрбиелік мәні, азаматтық қырлары туралы айтты.

Құттықтаулар легін Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли, Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие және қосымша білім департаментінің директоры Меруерт Медетбекова жалғады. Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевтың игі тілегін осы басқарманың бөлім басшысы Асыл Амангелдіқызы жеткізді. «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбаев 1997 жылдың желтоқсанындағы астана Алатаудан Арқаға көшіп келген тарихи күнді еске алып, Әкім Ысқақпен Парламентте қызметтес болғанын атап өтті. Кеш иесінің сол жылдардағы еңбегіне тоқталды. Сенат депутаттары Алтынбек Нұхұлы мен Руслан Рүстемов, Мәжіліс депутаттары Қазыбек Иса, Абзал Құспан тілегін жеткізді. Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимовтың жылы лебізін қалалық мәслихат депутаты Ерлан Дәкенов жеткізді. Шығармашылық кеште Әкім Ысқақтың әндері әуелеп, өлеңдері оқылды.

***

Әкім Ысқақты Оқу-ағарту министрі Ғани Бектаев қабылдап, шығармашылығының 50 жылдығымен құттықтады. Министрліктің «Балалар кітапханасы» бағдарламасымен шыққан кітаптары балалардың кең аудиториясынан орын алатынына сенім білдірді. Қазақы дәстүрмен иығына шапан жауып, алғыс хат табыс етті.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button