Басты ақпаратРуханият

Сәкен Сейфуллин ашқан мектептер

Сәкен Сейфуллиннің қазақ елінің болашағы үшін саяси-қоғамдық, мемлекеттік істердегі алғашқы қадамы осы Ақмола жерінен бастау алады. Ең үздік туындылары осы қалада жазылған. Қазақ топырағында алғашқылардың бірі болып қоғам қайраткері ретінде қалыптасып, алғаш ұстаздық қызметін осы қалада бастап, өліммен бетпе-бет келді емес пе?! Ендеше бүгінгі егеменді еліміздің бас қаласы – Астанада Сәкен жүріп өткен жолды атап, ашқан мектептерін айтқан жөн.

Сәкен Сейфуллин ұстаздық етуді Ақмолада 1912 жылы Ғабдулла халфе Сұлтанұлы медресесінде қазақ-татар балаларына орыс тілінен сабақ беруден бастайды. Мешіт 1895 жылы Жәнібек Байбековтің (Сәкен Сейфуллиннің арғы атасы) болыс губернаторы Мүрсәлім қажы Миркамаловтың бастамасымен Ақмоланың ең бай саудагері татар Нұрмұхамет Забировтың жеке қаражатына салынғаны белгілі. Сондықтан мешіт халық арасында «татар» деп аталды.

1916 жылы 10 мамырда Омбы мұғалімдер семинариясын бітіргеннен кейін, Ақмола уезі Сілеті-Бұғылы ауылында Ш.Уәлихановтың жиені подполковник Сұлтан Абылаевтың қол­дауымен үйінде мектеп ашып, сол жерде ұстаздық етеді.

КСРО Жазушылар одағының мүшесі Е.Тәжин ұстазы С.Сейфуллин жайында толғана сыр шертеді: «Ахмет төре ауылы қаладан 60 шақырымға таяу Нұра өзенінің ең шұрайлы жағасына орын тепкен. Көк сырмен сыр­ланған жеңіл арбаның үстінде Омбы семинариясын бітіріп келген С.Сейфуллиннің (Ақтөбе) Сілеті-Бұғылы болысында мұғалімдік қызметінің басталуы, «желеткелі қара костюм киген, қара мұртты, ат жақты, қою қара қасты, қыр мұрынды уыздай жас жiгiт Сейфолланың Сәдуақасы бізге мұғалiм болып келді» деп көз алдына елестете басталатын естелігінде бірге оқыған Ақылбек Ержұманов туралы дерек бере кетеді… С.Сейфуллин төре ауылында мектеп болады деген кірпіш үйдің шағын бөлмесінде жалғыз тұрады… Сабақ қыркү­йек айында басталды. Сәкен аға аз уақыттың ішінде мектеп үйін жабдықтатқызды. Балалар оқытатын бөлмеге тақтайдан биiк стол, орындық жасатқызды… Сабақтан соң 2-3 сағат ауылдың жанындағы өзен жағасында бізге қызықты әңгімелер айтып беретін. Және серуен сабақ барысында бізді орысша сөйлесуге шақыратын. Ол тез тіл үйренуге көмектеседі дейтін еді» (Е.Тәжин. Ұстаз. 1964. 3 июнь; «Шамшырақ нұры», 28 июнь, 1984).

Ақмола мұсылман мектебі өткен ғасырдың басында жұмыс істеді. Бұл білім ошағында 1916 жылы көрнекті ақын әрі жазушы Сәкен Сейфуллин ұстаздық еткен. Ақмолада мұсылман мектебінің директоры Ғалымжан Құрмашев болады. Мектепте Сәкен және Ғалымжан Құрмашевтің жары Асима Қарабекқызы сабақ береді. Ғалымжан Құрмашев – С.Сейфуллиннің досы. Ол да Омбы қаласынан 1916 жылы білім алып келген. Бұл ғимаратта Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры­ның қойылым цехы болған. Қазіргі кезде мұнда қалалық Мәдениет басқармасының мекемелері орналасқан.

Отырар көшесі (бұрынғы Орджоникидзе көшесі) 29 және 31-де орналасқан ағаш сәулет өнерінің ескерткіштері Сәкен Сейфуллиннің есімімен байланысты, ол жерде ата-аналарының өтініші бойынша балаларға орыс тілінен сабақ берген. Бұл үйлерде 1907 жылдан бері ­медреседе 27 оқушыдан тұратын қырғыз-татар бастауыш мектебі жұмыс істеді. №29 үйде ұлдар мектеп, ал №31 үйде қыздар мектебі болған.

С.Сейфуллиннің атсалысуымен 1917 жылы Ақмоланың Слободка ауданында орыс-қазақ мектебі ашылды. Мектеп үшін көпес Болашевтың үш бөлмелі үйі қолданысқа берілген. С.Сейфуллин бұл мектепте оқытушы Д.Гобузовпен бірге жұмыс істеген. Тәжірибелі ұстаздың сабаққа арналған қолдан жасалған көрнекіліктері музей экспозиция­сының «Педагогика» залында көрсетілген. Давид Гобузовтың 1968 жылы жазып кеткен естелігін келтірейін: «Сәкенмен 1917-1918 жылдары Ақмола қалалық орыс-қазақ училищесінде бірге жұмыс жасау сәті түсті. Күзде мені осы оқыту орнына меңгеруші етіп ауыстырды. Бұл училище Ақмоладағы алғашқы училищелердің бірі еді. Үш бөлмелі көпес Болашевтың үйінде оқыттық. Бір бөлмесінде жанұяммен тұрдым, қалған екі бөлмеде балалар оқыды. Мектепте оқитын балаларды Сәкен екеуміз іріктеп алдық. Сәкен балаларды өте жақсы көрді. Қолы бос болып қалса, ойын ұйымдастыратын. 1918 жылы Ақмоладағы төңкерістен кейін училище жабылып қалды». Бұл естелік Целиноград қаласында 18 қазанда жазылған екен. Мектепте С.Сейфуллиннің шәкірті, журналист-ұстаз Жұмабай Орманбаев пен Сәкеннің інісі Мәжит Сейфуллин оқыды.

Шәкірті Жұмабай Орман­баев өз естелігінде мынадай қызық ­дерек айтады: «Бір күні елден бір шал үстімізге кіріп келіп, баласын оқуға алуды өтінді. Сәкен ауқатты адам екенін түрінен байқап:

– Кешірек қалдыңыз ғой, орын жоқ, – деді.

Шал қалтасынан бес сомды алып стол үстіне қойды.

Сәкен сақылдап күліп:

– Мынауыңыз не? – деді шалға.

– Кітап алыңыз!

– Ақсақал, дүниенің бәрін бұлмен алып жүргенсіз-ау. Қайтып алыңыз! – деді Сәкен түсін суытып.

Шал ақшасын алып шығып кетті. Сәкеннің сол кезде әрі оқытуға, әрі газет шығаруға, әрі жазуға, әрі күні-түні дамылсыз жүріп жатқан саяси-қоғамдық жұмыстарға қалай уақыты жетіп үлгергеніне қайран қалатын едік»… Бұл мектеп 1918 жылдың жазында Ақмоладағы төңкерістен кейін жабылған.

Ақмоладағы үйде шамамен 1917-1918 жылдар аралығында тұрған. Яғни 1918 жылдың басынша патшашылдар төңкеріс жасап, Ақмоланы құлатқан кезге дейінгі тұрған үйі болған. Бірақ бұл үй де қазіргі күні сақталмаған. Қазіргі Рес­публика даң­ғылы мен Амангелді ­Иманов ­көшесінің қиылысында орналасқан екен.

Небәрі 44 жас өмір сүріп, тағдыры 20 минутта шешілген С.Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толып отыр. Қазақ елі үшін жасап кеткен игі істері ұшан-теңіз. Әлі де зерттелер қырлары жетерлік.

 Гүлназия БОЛАТ, Астана қаласындағы

Сәкен Сейфуллин музейінің қызметкері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button