Елорда тынысы

Ағалар ерлігі – ұрпаққа ұлағат

Астанада жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу және әскери қызметтің мәртебесін көтеру мақсатында әскери-патриоттық акция өтті. Акция барысында бір топ астаналық жастарды әскерге шығарып салу рәсімі де ұйымдастырылды.

Әскери-патриоттық іс-шараға қатысушылар алдымен  «Жастар» сарайының алаңында ұйымдастырлған әскери техникаларды, ал ішкі залда әскери киім-кешек пен құрал-жабдықтарды тамашалады. Қатысушылар қатарында Қарулы күштердің ардагерлері, Ауған соғысы және аумақтық қақтығыстар ардагерлері, сонымен қатар оқу орындарының әскери кафедра жетекшілері, колледж және мектеп оқушылары болды.

Құрметті қаруылдың сарбаздары салтанатты жағдайда Мемлекеттік туды шығарғаннан кейін, мемлекеттік әнұран шырқалды. Жиынға қатысушылар Ұлы Отан соғысында қаза болған қазақстандықтарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

Әскери-патриоттық іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің жұмылдыру басқармасының басшысы Руслан Бешеев іс-шараға арнайы шақырылған ардагерлерге алғыс білдіріп, әскерге баратын жастарға абыройлы қызмет тіледі.

Жиналған қауым алдында «Қарулы Күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов жастарға арналған сөзін айтты.

Бүкіл саналы ғұмырын әскери қыз­метке арнаған, сондай-ақ Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеген Марат Сералыұлы айтулы іс-шараның маңызы өте жоғары екенін, жастарымыздың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіру үшін осындай іскери-патриоттық акцияларды ұйымдастыру өте пайдалы болатынын, аға ұрпақтың ерлігі қазіргі жастар ұлағат болып қалуы керек екенін атап айтты. Ал балалық шағы соғысқа тап болған тыл ардагері Евгений Николаевич Галюк те соғыс майдангерлерінің ерлігі мен тыл еңбеккерлерінің қажырлы жұмысы туралы баяндап берді.

Іс-шара барысында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан майдангердің Әбдікерім Өмірзақовтың жатқан жерінен әкелінген бір уыс топырақ пен қайтыс болғаннан кейін берілген «Ерлігі үшін» медалі майдангердің бауырының немересі Рабиға Мәуленоваға салтанатты жағдайда табыс етілді.

Іс-шара барысында көрермен назарына биыл 100 жылдығы аталып өтіп жатқан Сағадат Нұрмағамбетов, Рақымжан Қошқарбаев, Әлмұқан Сембинов секілді батырлар туралы көрсетілімдер ұсынылды.

Жиынға қатысушылар жақында әскерге аттанатын жастарға сәтті сапар, абыройлы қызмет атқаруды тіледі. Әскери-патриоттық акция сарбаздардың қоян-қолтық ұрыс, қару-жарақты қолдану өнерлерін көрсетуімен, әскери-патриоттық әндермен түйінделді.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button