Мәдениет

Сан қырлы Сәкен сері

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада көрнекті жазушы-драматург, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен Жүнісовтің 90 жылдығына арналған «Сан қырлы Сәкен сері» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шара барысында қаламгердің асыл мұрасы – кітаптары мен басылымдарынан көрме ұсынылды.

Жиналғандар қаламгердің сан қырлы, сан салалы еңбегіне, өмірі мен шығармашылығына тоқталып, әсерлі естеліктермен бөлісті. Жазушының көзі тірісінде телеарналарға берген сұхбаттарынан үзінділер көрсетіліп, шығармашылығының ерекшеліктері туралы айтылды.

Жуырда Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Жастар» театрында Сәкен Жүнісовтің 90 жылдығына арналған әдеби-сазды кеш өтті. Мұны жиынды жүргізген Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, аталмыш ұйымның Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы атап өтті. Әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов Сәкен Жүнісовтің өмір жолына тоқталды.

Қаламгер Қазақ мемлекеттік университетін бітірерде қазақ ән мәтіндері жөнінде дипломдық жұмыс жазғанын айтты. Сонда диплом жетекшісі Зейнолла Қабдолов, ал оппоненті Мұхтар Әуезов болғанын айта келе, екеуіне де бұл жұмыс ұнағанын жеткізді. Жалпы Сәкен Жүнісовке ұлы Мұхтардың ерекше ықыласы түскенін атап өтіп, жазушының «Жапандағы жалғыз үй» романы үшін көрген қуғынына тоқталды. Белгілі алаштанушы ғалым, академик, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы кезінде «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жарылқап Бейсенбайұлының тапсырмасымен Сәкен Жүнісовтен сұхбат алғанын, сол уақыттан қаламгермен жақын араласқанын атап өтті. Жазушы шығармашылығының қызықты тұстарына тоқталды. Жазушы-драматург, қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова, жазушы Мәди Айымбетов естеліктерімен бөлісті. Журналист-жазушы Жабал Ерғалиев Сәкен Жүнісовтің асыл бейнесін еске алды. Жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова 60-жылдар әдебиеті қазақ әдебиетінің алтын дәуіріне айналғанын атап өтіп, сол уақытта әдебиетке келген қаламгерлердің қарым-қатынасына тоқталды. Белгілі ақын, әдебиеттанушы ғалым Ерболат Баятұлы қаламгерлердің шетелдегі қандастарды қолдауына тоқталып, бұл мәселеге Сәкен Жүнісов сергек қарағанын, сол мақсатта Моңғолияға арнайы барғанын айтты. Жазушы-драматург Жарылқап Бейсенбайұлы Сәкен Жүнісов мұрасын ғылыми айналымға айналдыру мәселесін қозғады. Жазушы-журналист Несіп Жүнісбайұлы Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері» романының құндылығына тоқталды. Жазушы Толымбек Әбдірайымұлы Сәкен Жүнісовтің Бурабайда құрылысы бітпей қалған үйінің мәселесін көтерді. Ақын Тортай Сәдуақасов арнау өлеңін оқыды. Әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы Сәкен Жүнісов шығармашылығының ерекшеліктеріне тоқталды. Ақын, манасшы, жазушы Баянғали Әлімжанов, әдебиеттанушы ғалым Қайырбек Кемеңгер сөз сөйледі. Белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлышева Сәкен серінің сүйікті әндерінің бірі Сәкен Сейфуллиннің «Біздің жақта» әнін әуелетті. Жиын соңында жазушының қарындасы Роза Жүнісова жиналғандарға алғыс айтты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button