Мәдениет

Аудармашыдан – архив ісіне

Өткен тарихымызды сол күйі сақтап, келер ұрпаққа қаз-қалпында жеткізетін мекеменің бірі – Астана қаласының мемлекеттік архиві. Осы мекемеде 2016 жылдан бастап еңбек ететін архив жұмысы қызметінің архивисі Баян Оспанова «Бүгініміз – ертеңгі тарих, ал тарих – архивте сақталатын материал. Сол жерден өткенімізді іздеп тауып, келер ұрпаққа жеткіземіз. Олар одан тәлім-тәрбие алады» деп санайды.

– Архивтің басты міндеті – архив көздерінің сақталуын қамтамасыз ету, оларды ғылыми және әлеуметтік-құқықтық мақсатта пайдалану, құжаттардың құндылығына сараптама ұйымдастыру, архивтік құжаттарды есепке алу, каталогтау. Астана қаласының аумағында жасалатын құжаттардың ғылыми, тарихи, мәдени, әлеу­меттік-құқықтық маңызына сәйкес сақтау мерзімін айқындау мақсатында олардың құндылығына сараптама ұйым­дастыру. Архив қызметінде жұмыс істеп жатып көптеген аса бағалы құжатпен таныс­тым. Құжаттар 1912 жылдан басталады. Тегін іздестірген адамдар өздерінің ата-бабасын тауып жатады. Осы Астана қаласында орналасқан мекеме, кәсіпорындардың және елімізді дамытуға еңбегі сіңген атақты адамдардың да жеке қоры бар, – деп бастады сөзін кейіпкеріміз.

ҚР заңнамасына сәйкес, заңды және жеке тұлғаларға қызмет көрсететін архив қорларының ғылыми-анықтамалық аппаратын дамыту және жетілдіруге баса мән беріледі. Осы тұрғыда Баян Төлеубайқызының міндеті – қызметтің жоспарын, есебін жасауға және оларды іске асыруға қатысу, белгіленген қағидаларға сәйкес, тізімдемелерді жетілдіру және қайта өңдеуді жүргізу, сақтауда тұрған құжаттарды белгіленген нысандар бойынша мемлекеттік есепке алуды жүргізу, қор істерін жасау, қор парақтарын толтыру және карточкасын жасау.

– Архив қорының ісі әрбір архив қорында жасалады. Актілер архив қоры шегінде оның түрлері бойынша жалпы тәртіппен нөмірленеді. Архив қоры істеріндегі барлық құжат олардың құрылуының хронология ретімен орналастырылады. Мұның құжаттарына ішкі тізімдеме жасалады, істің парақтары нөмірленеді, қор ісіне уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша куәландыру парағы толтырылады. Қордың толықтырылуына қарай куәландыру парағы мен ішкі тізімдеме қайта әзірленеді. Архив қорының әр ісіне тиісті архив қорының нөмірі қойылады, – дейді өз ісінің маманы жұмысы жайлы.

Астанадағы бұл архив 1995 жылы ашылған. Мұнда қазіргі таңда 756 қор мемлекеттік сақтауда тұр, оның ішінде 70-і – партиялық қор. Архивте атау­лы мерекелерге байланысты құндылығы бар материалдардан көрме ұйымдастырылып, іс-шаралар өтеді. Наурыз мейрамына орай көпшілікке үлкен көрме ұйымдастырылды.

– Архивке қызметкерлер тарих мамандығы, тіл маманы, архив ісі мамандықтары бойынша жұмысқа қабылданады. ҚазҰУ-де тарих факультетінің ішінде архив саласы бойынша мамандар дайындалады. Архив ісі мамандарының әлеуметтік жағдайы, меніңше, қанағаттанарлық. Жас мамандар білім алып шыққанмен, табысы аз болған соң, архивке жұмысқа орналаса қоймайды. Мұндағы мамандар білім деңгейін арттырып отырады. Бұл қызметте тарихты зерттеуге, танып-білуге құштарлығы, ынтасы бар тұлғалар ғана тұрақтай алады. Қазіргі таңда архивте құжаттарды цифрлау жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Сондықтан ең көп сұранысқа ие қорлардың ісін сканерден өткізіп отырмын. Қазіргі кездегі қосымша жұмысым – 6-қордың құжаттарын сканерлеу. Күніне 15-20 істен сканерлеймін. Аптасына 50-60 іске жетеді, парақ саны 10000-дай болады, – дейді Баян ханым.

Білікті маман жақында зейнет жасына жетіп, ұжымның құттықтау тілегі мен алғыс хатына бөленді. Дегенмен өзінің тәжірибесін ел игілігіне жұмсау үшін басшылықтың шешімімен одан әрі қызметін жалғастыруда. 61 жастағы Баян Төлеубайқызы Ақмола облысы Қорғалжын ауданы Жұмай ауылында дүниеге келген. Целиноград қаласының С.Сейфуллин атындағы педагогика институтының филология факультетін орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі бо­йынша тәмамдаған. Талай жыл өз ауданындағы және Целиноград қаласындағы мектептерде мұғалім және оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Еңбек жолы 2002 жылы күрт өзгеріп, іс қағаздарының мемлекеттік тілге ауысуына байланысты аудармашы мамандар қажет болғандықтан, ұсыныс бойынша Астана қаласының коммуналдық шаруашылық департаментіне аудармашы болып мемлекеттік қызметке ауысты. Елордадағы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасында, Сәулет және қала құрылысы басқармасында аудармашы болып қызмет істеді. Ал архив ісіне келгеніне 8 жыл болды.

– Осы ұжымға келгеніме өте қуаныштымын! Еңбегім де еленіп жатыр, 2018 жылы ҚР Мәдениет және спорт ми­нистрлігінің алғыс хатымен, 2021 жылы құрмет грамотасымен марапатталдым, – дейді Баян Оспанова.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button