Қоғам

Тоғызқұмалақшы Сәуле апай

Елорданың құрметті зейнеткері, ардагер журналист Сәуле Баймағанбетова Астана қаласы әкімдігінің Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында қазақтың ұлттық ойыны – тоғызқұмалақты дәріптеп жүр.

Сәуле Қаржасқызы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына 2021 жылдың тамыз айында волонтер ретінде келіп, тоғыз­құмалақ үйренуге ниет білдірген зейнеткерлерді жанына жинай бастады. Осы уақытқа дейін 400-ден аса ата-әжені тоғызқұмалақ ойынына үйретті. Бүгінде зейнет жасында жүрсе де, Есіл, Байқоңыр, Нұра аудандарында тұратын өз замандастарына тоғызқұмалақтан үйірме жұмысын жүргізеді. Оған 300-ден аса зейнеткер жазылған.

«Тоғызқұмалақ – ежелден келе жатқан интеллектуалды ойынның бірі. Әлемде тоғыз­құмалақты «дала шахматы», «шопандардың алгебрасы» деп те атайды. Бұл ойынның егде жастағы адамдардың денсаулығы үшін пайдасы зор. Адамның есте сақтау қабілетін жақсартады, әсіресе, кәрілікте кездесетін Альцгеймер ауруына тежеу бола алады. Екіншіден, егер егде жастағы адамдар инсульттан немесе инфарктан зардап шексе, онда саусақ моторикасын дамытуға да пайдалы. Ойын барысында сіз шабуылдауды, қорғауды, күшіңізге қарай қимылыңызды және жаудың әрекетін есептеуді үйренесіз. Тактика, стратегия, шыдамдылық, өзін-өзі бақылау, тақтадағы жағдайды тез бағалай білу – осының бәрі өмірде көмектеседі» дейді тоғызқұмалақ ойынының маңызы туралы Сәуле Қаржасқызы.

Орталыққа қызмет алушы ретінде келіп тіркеліп, Сәуле Баймағанбетовадан тоғызқұмалақ ойынының қыр-сырын үйренген зейнеткерлер бүгінде ерікті ретінде ұлттық ойынымызды насихаттап жүр. Сәуле апайдың Талғат Исмағұлов, Нұртаза Сақуов, Досалы Ме­йірбеков, Жібек Бекбаева, Рау­шан Чанкенова, Мұратбек Пшембаев, Гүлнәр Бурабаева, Ақбөпе Айтмағамбетова, Айым Оразбаева, Марияш Дәуенова, Сәрсембай Қайыржанов, Айман Жүнісова сияқты белсенді шәкірттері қаламыздың Есіл, Байқоңыр аудандарында волонтер ретінде тоғызқұмалақты үйретуде.

«Қазіргі уақытта маған үйірмеге 50-60 зейнеткер тұрақты түрде келеді. Зейнеткерлер бірінші сабаққа келгенде, мен оларға «мен саған ойнауды үйретемін, ал сен кем дегенде 10 адамға ойнауды үйрету керексің» деймін. Көпшілігі бұл «жоспарды» орындап, тіпті асыра орындап, жаңадан бастағандарға да, туыстарына да тоғыз­құмалақ тақтасын сыйлап, ойнауды үйреткен. Әсіресе Раушан Чанкенова деген шәкіртімді ерекше атап өткім келеді, ол менде бір жылдан аз уақыт жаттығады. Бірақ ол тоғызқұмалақты жақсы меңгеріп алды, бүгінде көшбасшылар қатарында. Ең бастысы, сегіз отбасыға тоғызқұмалақ тақтасын сыйға тартып, ойнауды үйреткен. Өз басым тоғызқұмалақ ойынына деген әуестігім 30 жастан ке­йін басталды. Бірақ тоғызқұмалақты меңгеріп кету қай жаста болсын кеш емес. Сондықтан замандастарымды Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына шақырамын» деп сөзін түйіндеді Сәуле Баймағанбетова.

 Меруерт ҚАЙЫРТАСҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button