Қоғам

Жастардың кәсіпкерлік жарысы

Астанада Enactus Kazakhstan National EXPO 2024 мектеп оқушылары мен студенттер кәсіпкерлігінің республикалық чемпионаты өтті. Тартысты сайыста әр өңірден 200-ден аса команда қатысты. Екі күнге созылған додада барлығы 1300-дей талантты білім алушы бақ сынады.

Республикалық мектеп кәсіпкерлігі чемпионаты – Enactus халық­аралық қауымдастығының бастамасымен өткізілетін жыл сайынғы байқау. Кәсіп бастаймын деген жастарды біріктіретін бірегей алаңға биыл Астана қаласынан 26 команда сайы­суда. Чемпионатқа қатысушылар оқу жылы бойы әлеуметтік, экологиялық және инновациялық жобаларды ойластырып, шыңдаумен жұмыс істейді. 25-26 сәуір аралығында олар түрлі тақырыптағы стартап жобаларды таныстырды. Әр жобаның басты мақсаты – еліміздегі өзекті мәселелерді шешуге атсалысу.

Enactus Kazakstan қорының вице-президенті Аружан Мыхтиярованың сөзінше, чемпионат 4 кезең бойынша өткізілді. Алғашқысы – мектеп кәсіпкерлігінің V республикалық чемпионаты. Екіншісі, биылғы ерекшелік – тұңғыш рет колледж студенттері арасында да өтуі. Ал жоғары оқу орындарының жас кәсіпкерлері екі кезеңде сайысты. Бірі – әлемдік кубогқа тартысса, енді бірі чемпионатқа жаңадан қосылып жатқан университеттер үшін болды.

– Жастарды кәсіпкерлікке баулу, іскерлікке ынталандыру, бизнес-­идеяларды жүзеге асыруға жол ашудың бір тетігі – аталмыш республикалық чемпионат. БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған жобаларды іске асыруда, болашақ бизнес көшбасшылары мен әлеуметтік кәсіпкерлерді қалыптастыруда Enactus Kazakhstan National Expo ауқымды іс-шарасы айтулы үлес қосады, – деді өз сөзінде Астана қаласы Инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы туризмді дамыту бөлімінің басшысы Өмірзақ Тілеужан.

Чемпионатқа қатысушылар арасында Астана халықаралық мектебінің оқушылары тың идея­ны ұсынумен ерекшеленді. Мектептің 10-сынып оқушысы Малика Рымғалиева құрдастарымен бірге 8 ай көлемінде қызу дайындалып, бірқатар жобаларды ұсынды.

Чемпионат қорытындысы бойын­ша мыңдаған жобаның арасынан үздік әлеуметтік стартаптар анықталды. Мектеп пен колледждер командалары ұлттық чемпион атанып, қосымша қаржылай сыйлықтар мен демеушілердің қолдауын иеленді. Ал университеттер арасындағы жеңімпаз ұлттық чемпион атағымен қоса Нидерландта өтетін ENACTUS World Cup 2024 кубогында өнер көрсетуге жолдама алды.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button