Мәслихат

Алғаш рет Сенат шахматшылар кубогы өтті

Елордада мәслихаттардың 30 жылдығына арналған тарихтағы алғашқы «Senat Open» шахмат турнирі өтті. Кубокты өткізуге Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастама көтеріп, арнайы ережеге қол қойған болатын. Интелектуалды ойында бақ сынаушылар қатарында Парламет және мәслихаттардың әр кездегі шақырылымдарының депутаттары, елордалық қоғамдық кеңес және Ардагерлер кеңесінің мүшелері, блогерлер, БАҚ өкілдері, қоғам белсенділері болды.

Астананың ең мықты шахматшылары қатарына ену үшін 106 адам бақ сынасты. Сенаттың қолдауымен Астана қалалық мәслихаты, Қазақстан шахмат федерациясы бірлесе өткізген турнирдің ашылуында қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов, мәслихат депутаты әрі қалалық шахмат федерациясының президенті, өзі де осы ойынға қатысқан Абзал Сағымбаев және республикалық шахмат федерациясының вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов сөз сөйлеп, шахмат қоғамдастығының жетістіктері мен жоспары туралы баяндады. Жарыстың басты мақсаты – халқымыздың интеллектуалды әлеуетін көтеру, саяси тұлғалар мен қоғам белсенділері, депутаттар, БАҚ өкілдері арасында шахмат өнерін кеңінен насихаттау, жергілікті билік органдарының шахмат ойынына деген ынта-ықласын оятып, белсенділігін арттыру.

-Республикалық деңгейде бірінші рет өткізіліп жатқан «Сенат кубогы»  жақсы бастама деп ойлаймын. Турнирде Астана қаласынан VIII шақырылым бойынша 170-тен астам депутат бар. Бүгін соның 15-і осы додаға қатысып жатыр. Шахмат – жай ойын емес, әр жүрісі ойлануды қажет ететін, стратегияға негізделген интеллектуалды ойын түрі. Бүгінгі турнирде шын мықтылар жеңіске жетсін, – деді Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов.

Турнир соңында жеңімпаздар 5 аталым бойынша, яғни әйелдер арасында үздік нәтиже көрсеткені үшін, 60 жастан асқандар арасындағы үздік ойыншы, БАҚ өкілдері арасында үздік нәтиже көрсеткені үшін, үздік қоғамдық белсенді, депутаттар арасында үздік нәтиже көрсеткені үшін деген номинациялар бойынша марапатталды. Жалпы 9 турдың қорытындысында барлығы 25 ойыншы үздік деп танылып, жартылай финалға қатысуға жолдама алды.

Д. Сәдуақасов жеңімпаздарға медальдерін, дипломдар мен шахмат тақтасын табыстады. 19 мамырда аяқталатын іріктеу турнирлері бүкіл ел бойынша өтуде. Жартылай финал 7 маусымнан 9 тамызға дейін, ал финал 29 тамызда Астанада өтеді. Республика бойынша 17 өңір және 3 мегаполистен қатысатын 3 мыңдай шахматшы арасынан үздіктер іріктеліп, солардың ішінен абсолютті жеңімпаз анықталады.

Елорда шахматшылары арасында аты жақсы таныс, белгілі шахматшы, 42 жыл мектепте математикадан сабақ берген 86 жастағы ақсақал Сабыр Абдығалиұлы да – осы турнирдің белсенді қатысушысы.

-Туған жерім Қорғалжын ауылында алғаш рет шахматты 9-сыныпта көріп, ойнауды досым үйреткен. Содан бастап ол өмірлік серігіме айналды. Көптеген қалалық, республикалық, халықаралық жарыстардың жеңімпазы болдым. Мектептегі ұстаздық қызметімнен бөлек 20 жыл балаларды шахматқа баулып, оларға кәсіби жаттықтырушы ретінде қызмет еттім. Зейнеткерлер арасында 5 рет чемпион атандым. Шахматтан 3-4 халықаралық шеберлерін дайындағаным – басты жетістігім. Қазір солардың екеуі осы турнирге қатысуда. Шетелге кеткен шәкірттерім де бар. Бос уақытым болса ермегім осы – шахмат. Шахмат – бұл тек спорт қана емес, шахматта ғылымның элементтері бар, сонымен қатар эстетикалық өнер деуге де келеді. Сондай-ақ адамның аналитикалық қабілеттерін де дамытады. Адамға құдай өзі ақыл береді, шахмат сол ақылды тәртіпке салатын ойын, себебі оның өзіндік ережелері миды жаттықтырады, – дейді шахматшы ақсақал.

Қазақстанда шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Астанада әлем чемпионы атағы сарапқа салынған жарыс пен Азия чемпионатының өткізілуі – соның бір нәтижесі. Жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру, ұлттық құрама спортшыларын даярлау үшін кәсіби мамандарды жұмылдыру, оқыту форматтарын жетілдіру, шахмат клубтарын ашуға мән беріледі. Елімізде шахматты дәріптеу ісіне мемлекет тарапынан қолдау жоғары. Сенат тарапынан шахматты одан әрі дамытуға және Қазақстан шахмат федерациясының қызметін жетілдіруге қолдау көрсетіледі. Қазіргі таңда елімізде 200 мыңнан астам адам шахматпен айналысады. Жеті өңірде аталған ойынды үйрету үшін пилоттық жоба қолға алынған. Бұл бастама 42 мектеп пен 1000 оқушыны қамтып отыр.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button