ДенсаулықМәслихат

Орны ерекше

Мен Астана қалалық мәслихатында 2016-2021 жылдары VI шақырылымда №23 сайлау округі бо­йынша депутат болдым. Ол кезде жеке партиялық тізім деген болған жоқ. Депутаттыққа үміткер әр адам халықтың алдына өз бағдарламасымен шығып, сайлауға түсті.

Бес жыл толық сол қызметімізді абыроймен атқардық. Депутаттық міндетіміз қоғамдық қыз­мет ретінде атқарылды. Қаланың қай саласын дамытуға болсын біздің депутаттар өз үлесін тигізді. Атап айтқанда, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, құрылыс, коммуналдық және тұрмыс­тық мәселелерді шешуге атсалыстық. Ол кезде қаланы салу кадастры деген болған жоқ. Дегенмен осы бағытта да ұсыныстарымызды бердік.

Қаланың ішінде жол ережелерін сақтау сапасын арттыру бойынша «Сергек» жобасы да біздің депутаттық қызмет кезінде қабылданып, енгізілді. Оны жекеменшік-мемлекеттік серік­тестік арқылы жүзеге асырды. Бүгінде жаяу жүргіншілердің де, көлік жүргізушілерінің де, жалпы қозғалыс қауіпсіздігі үшін маңызды бұл жоба Қазақстанда жаппай қолданылатын болды. Ал денсаулық сақтау саласында медициналық қыз­метке жылдам қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында емханалардың бөлімшелерін көпқабатты үйлердің астыңғы қабатынан ашу бойынша «Үй маңындағы дәрігер» жобасы да сол жылдары бастау алды.

Сондай-ақ әртүрлі әлеуметтік қиындыққа тап болған қала тұрғындарымен жеке қабыл­даулар өткізіп, мәселелеріне құлақ түрдік. Олардың ортасына барып, кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдадық, соны билікке жеткізуге тырыстық. Мүгедек балалары бар, жетім немесе толық емес отбасылармен кездесіп, солардың шағым-талабын әкімдіктің алдына қойып, депутаттар сол мәселелерді өз құзыреті шеңберінде шешуге тырысты.

2020 жылы коронавирус инфекциясына байланысты бүкіл әлемде пандемия жарияланғанда, депутаттар дерттің алдын алу жұмыстарын үйлестірді. Өзім басшылық ететін қазіргі орталық – сол кезде аурумен күресте ең алғы шепте болған мекеменің бірі. Осы күресте біздің ұжым, мекемедегі медициналық персонал күн-түн демей еңбек етті. Өзім Алматы ауданынан сайланғандықтан, осы аудан әкімдігімен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, соның аумағындағы жолдар, коммуналдық қызметтер мәселелерін көтердім. Қазір қаладағы аудандардың саны да көбейіп, соған орай қалалық мәслихаттағы депутаттар саны 25-тен 31-ге артты.

Бүгінде мәслихаттардың қоғамдағы орны, рөлі көтеріліп келеді. Мәслихат құрамындағы комиссиялар жұмысы да белсенді бола бастады. Мәслихаттардың күнделікті өмірдің түрлі жағдайына араласуы, қоғамдық бақылау жүргізуі жоғарылап барады. Бұл өте дұрыс. Себебі бақылауға алынып, тексерілмесе, қоғамдағы көптеген сала жұмысының түзелуі, сапасының артуы қиын. Депутаттар қала бюджетін бекіту, оның орнымен жұмсалуын қадағалау, әлеуметтік, құқықтық қорғау сияқты бірқатар мәслихат комиссияларында сол мәселелерді қарау арқылы да мемлекет саясатын әділ, адал жүргізуге септік етеді. Еліміздегі мәслихаттардың 30 жылдығымен барлық әріптестерімді құттықтай отырып, олардың жауапты да маңызды қызметіне табыс тілеймін!

Мұхтар ТӨЛЕУТАЕВ,

Астана қаласы көпсалалы

медицина орталығының директоры,

Қазақстанның Еңбек Ері,

VI шақырылым депутаты

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button