Денсаулық

Жүкті әйелді жан-жақты тексереді

Биыл елордада «Бір күндік клиника» жобасы №2 көпбейінді қалалық ауруханасындағы Ұрықты қорғау орталығында ашылған еді.

«Бір күндік клиника» жобасының негізгі мақсаты – жүктіліктің бірінші триместріндегі туа біткен ұрықтың дамуындағы ақауларын және хромосомалық ауытқуларды анықтауға бағытталған пренаталдық скринингтік бағдарламалардың қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру. Бұл жобаны іске асыру жүкті әйелдерді бір күнде қажетті тексерулерден өту мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл нәтижелерді күту уақытын қысқартуға және диагностика мен емдеу үшін қажетті шараларды жедел қабылдауға мүмкіндік береді.

– «Бір күндік клиникада» жүкті әйел тек бір ғана емес, жүктіліктің бірінші триместрінде қажетті барлық пренаталдық скринингтерді өтетіндіктен, зерттеулерді көптеген мамандар атқарып кеңес береді. Сондықтан осында 20-дан астам қыз­меткерлер жұмыс істейді, – дейді Ұрықты қорғау орталығының басшысы Музар Маралхан.

«Бір күндік клиника» жобасы аясында пренаталды скринингтерден өтудің бірнеше артықшылықтары бар. Біріншіден, жүкті әйелдер қысқа мерзімде бір мекемеде жан-жақты тексеруден өтетіндіктен, уақытын үнемдейді, екіншіден, лабораторлы-диагностикалық зерттеу­лер мен мамандардың кеңесіне қабылдауға жазылу уақыты азайғандықтан, эмоционалды күйзеліс азаяды. Үшіншіден, басқа мекемелерге медициналық көмекке жүгіну қажеті болмағандықтан, жолға, яғни автокөлікке жұмсалатын қосымша материалдық шығындарды болдырмайды. Төртіншіден, жүкті әйел пренаталды тексеруден өткеннен кейін бірден жоғары білікті мамандарға барады, олар нәрестенің денсау­лығы жайлы толық ақпаратпен қоса, ұсыныстарын береді. Бесіншіден, заманауи диагностикалық жабдықтар (УДЗ, микрос­коптар, анализаторлар) бар. Жетіншіден, нәтижені күтетін қысқа мерзімде жүкті әйелдерге тегін тамақ ішу мүмкіндігі қарас­тырылған.

Ұрықты қорғау орталығының басшысы Музар Маралханның айтуынша, клиника мамандары ұрықта болуы мүмкін барлық туа біткен ақаулары мен хромосомалық патологияларын анықтайды. Ұрықтың анатомия­сын егжей-тегжейлі бағалауға арналған заманауи бағдарламалары бар сарапшы класындағы ультрадыбыстық аппараттар, биохимиялық скрининг және генетикалық патология қаупін анықтауға арналған 2024 жылдың жаңа анализаторы, кариотиптеу жасауға арналған бірегей бағдарламасы бар сарапшы кластағы электрондық микрос­коптармен жабдықталған. Мұндай клиника ашу жүкті әйелдерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын, тиімділігін, қолжетімділігін арттыра отырып, ұрықтың туа біткен ақаулары мен хромосомалық патология­ларын жүктіліктің ерте кезеңінде анықтауға және осы ақаулардан бала өлімі мен мүгедектіктің алдын алуға мүмкіндік береді.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button