Ел тынысы

Достығы жарасқан ел

Астана қаласы әкімдігіне қарасты «Руханият» мекемесінің ұйымдастыруымен Достық үйінде «Достығымыз жарасқан» атты өзге ұлт өкілдерінің арасында мазмұнды байқау өтті.

Елін, жерін сүйетін, салт-дәстүрді сақтап, мемлекеттік тілге құрметпен қарайтын ұлт өкілдерін анықтау, елімізде өмір сүретін өзге ұлт өкілдерінің достығын, бірлігін, мәдениетін және рухани байлығын насихаттай отырып, Қазақстан халқын достық пен бауырмалдыққа тәрбиелеу, білімді болуға, көп тілді меңгеруге шабыттандыру мақсатында өткен бұл байқауға Қазақстан халқы ассамблеясы өкілдері мен қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдері қатысты.

– Бірліктен бекем күш, дос­тықтан биік махаббат жоқ. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дегендей, бірлігі жарасқан елдің қоғамы тыныш, заманы берекелі болады. Елімізде жасап жатқан барлық ұлт өкілдері жұдырықтай жұмылып, береке-бірлікті көзінің қарашығындай аялағанда ғана біз берекелі ғұмыр кешеміз. Ұлттар арасындағы достық пен береке – біздің байлығымыз. Бұл байқау да достықты нығайтып, Отанға, елге, мемлекеттік тілге деген құрметті күшейту үшін өткізіліп отыр, – деді Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы тіл саясатын үйлестіру бөлімінің басшысы Нұрзила Қасқатаева.

Байқау 7 бөлім бойынша өтті. «Таныстыру» бөлімінде үміткерлер ұлттық киімін киіп шығып, өзін қазақ тілінде таныстырса, «Өнерлі өрге жүзер» бөлімінде қатысушылар өз өнерін көрсетті. «Сұрақ-жа­уап» бөлімінде қатысушылар қазақтың ұлттық салт-дәстүріне қатысты сұрақтарға жауап берді. «Тілек айту, бата беру» бөлімінде үміткерлер мерекеге орай өз тілегін ортаға салса, «Жағдаят» бөлімінде белгіленген тақырыптар бойынша қазақ тілінде тілдеседі. «Мақал – сөздің мәйегі» бөлігінде қатысушылар мақалдың соңын жалғастырып, мағынасын түсіндіреді. «Ас – адамның арқауы» бөлімінде әр қатысушы өзінің ұлттық тағамын дайындап, оның қазақ ұлттық тағамдарымен қандай ұқсастығы барын айтып, түсіндірді.

– Өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілде сөйлеп, береке мен бірлікті ту еткені мені қатты әсерлендірді. Сондай-ақ бұл байқаудан өзге ұлт этностарының салт-дәстүрі, мәдениеті жөнінде көп нәрсе түсіндім. Басқа ұлттардың мақалдап сөйлегені қандай керемет! – дейді көрермен боп келген Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Энела Махмұтқызы.

Іс-шара соңында бағалаушылар үздік деп таныған жеңімпаздарға әр номинация бойынша бағалы сыйлықтар табысталды.

«Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсінушілікті қалыптастыра беруіміз қажет. Біздің ұстанымымыз ел бірлігінің әр алуандығында. Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» деп Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев айтқандай, бұл байқау мемлекеттік тілдің елдегі барлық этнос өкілдерін ұйыстыратын ұлы күш екенін анық аңғартты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button