Руханият

Мандат – үлкен мәртебе

Юсуп  КЕЛИГОВ, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, қазіргі уақытта «Астана орманы» ЖШС дамыту жөніндегі басқарушы директоры болып жұмыс істейді. Кезінде елордалықтардың қолдауының арқасында қалалық мәслихаттың үш шақырылымының депутаты болды. ҚХА кеңесі мүшесі, Қазақстан Республикасындағы «Вайнах» шешен және ингуштар қауымдастығының тең төрағасы.

– Мен бақытты адаммын. Менің айналамда әрқашан жақсы адамдар болды. Жора-жолдастарымыздың, достарымыз бен әріптестеріміздің – коммуналдық қызметкерлер мен құрылысшылардың арқасында елордасы – Астанамызды дамытуда көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Сол үшін мен оларға шексіз ризамын.

Елорда көшірілгенде мен қалалық комитет жетекшілерінің бірі болдым. Қалалық мәслихаттың үш шақырылымының депутаты ретінде атқарылған жұмыстардың  ауқымы үлкен болды. Бұл, бір жағынан, қиын да күрделі уақыт болды, бірақ біз тырыстық. Қазіргі күнде сол депутат болған кезеңімді ыстық ықыласпен есіме алып жүремін. Депутат мандаты дегенді өз басым үлкен жауапкершілік әрі мәртебе деп түсінемін.

Сондай-ақ қаладағы коммуналдық қызметтегі, барлық бөлімшелердегі әріптестеріме алғысым шексіз, өйткені өзара көмек, қолдау, сыйластық қарым-қатынас, ынтымақ бірлесе шешілетін күнделікті мәселелерді шешуге көмектесті.

Қалалық комитетте ол кезде 2500-дей адам жұмыс істеді. Бұл үлкен бастама болды. Біз көптеген мәселелермен айналыстық: абаттандыру, көгалдандыру, жарықтандыру. Әр бөлім ұлғайған сайын жұмыс көлемі де арта түсті. Әрине, бәрі қарапайым және оңай болған жоқ. Бірақ бұл – біздің өткен жолымыз, алған белестеріміз. Тарихымыз ретінде оны мақтанышпен еске аламыз.

Мегаполисте көптеген маңызды нысандар бар, олардың барлығы мен үшін қымбат. Бірақ ең көрнектісі – Астананың айналасында орналасқан жасанды оазис елорданың жасыл белдеуі қала тұрғындары мен қонақтары үшін тамаша демалыс орны.

Табиғатты қорғау, орман байлығын арттыру ел болашағын ойлаған адам үшін аса маңызды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл мәселеге баса назар аударуы бекер емес. Қазақстанның Шанхай ынтымақтас­тық ұйымына төрағалығы аясында 2024 жыл Экология жылы болып жарияланды. Игі бастаманы бәріміз қолдаймыз. Өткен сенбіде Астана қаласы мәслихатының барлық шақырылымдарының депутаттары «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты. Ботаникалық бақта елордалық өкілді органның 30 жылдығына арналған аллея төселді. Бұл шараға жастардың қосылғаны қуантады. Біз олардың қаламызды таза, жайлы және өмір сүруге жайлы етуге деген ұмтылысына ризамыз. Жалпы 3 апта ішінде экологиялық науқанға 179 мыңнан астам адам қатысып, 4,6 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды. 50 900 ағаш отырғызылды. Акцияның келесі апталығы «Өнегелі ұрпақ» атауымен өтіп, ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумақтарын абаттандыруға арналады.

Акцияның нәтижесі бірден көзге көрініп тұр. Мұның бәрі осы маңызды жұмысты бірге атқарғанымыздың арқасында. Сенбілікке қала түгелдей дерлік шықты. Шараға барлық ұйымдар мен кәсіпорындар, ҚХА этномәдени бірлестіктері және басқа да қоғамдық ұйымдар қосылды. Биылғы маусым басынан бері біздің «Астана орманы» ұжымы 83 693 көшет отырғызды. Барлығы көктемде 200 мыңнан астам жасыл желек отырғызу жоспарланған болатын.

Адамдардың бейқамдығы қандай ауыр зардаптарға әкелетінін бәріміз білеміз. Өткен жылы Абай ауданында ондаған мың гектар орман алқаптары өртеніп кеткен апаттың куәсі болдық. Сондықтан да бүгінгі таңда экология­лық біліммен айналысу, табиғатты құрметтеуге тәрбиелеудің маңызы зор.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button